00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада ерекше жандардың көрмесі мен концерті өтті

31.03.2023 | 21:04
Елорда ақпарат
68

Аталған шараның өтуіне «Мирас-А» қайырымдылық қоғамдық қоры ұйытқы болды.  

«Жүрекпен көремін» шығармашылық көрмесінің мақсаты – картиналарды көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінуге үндеу. Сол арқылы әр адамның өз жан-дүниесіне үңілуіне шақыру. 

Көрме қонақтары көзге маска киіп, атақты суретші Лейла Махатқызының картиналарын аудиодискрипция, яғни дыбысты суреттеу арқылы тыңдап, мазмұнын ұғынды. Содан кейін өз ой-қиялдарында мүсінделген картинаның әдемі бейнесін көзбен көрді. Сондай-ақ, келушілер көздері таңулы күйде сурет салып, естелікке қалдырды. 

Көрмеден соң артынша қараңғыда концерт өтті. Концерттің мақсаты – ерекше жандармен тең қоғам құрып, олардың өмірін көрерменге бір сәтке болса да сезіндіру. Қараңғыда ән тыңдау арқылы әлемді көзбен емес, жүрекпен сезініп, өмірге жаңа көзқараспен қарауға түрткі болу.

Кеште «Мирас-А» қайырымдылық қорының президенті, актер Серік Жүзбай Ахмет Байтұрсынұлының образын сомдап, өзінің “Шүкір дейікші” деген өлеңімен концерт шымылдығын ашты. Әр облыстан жиналған көру мүмкіндігі шектеулі танымал әншілер, соның ішінде, «Сәт» тобының экс әншісі Азат Әбілдаев «Өмір туралы» әнін, ақын, сазгер Арғын Нұрдана мен Дәуен Алғысбек, Мұқағалидың «Жанарсыз адам келеді» әнін орындап, елдің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, Жанар Әділбекова және өзге де жас әншілер өз өнерлерін ортаға салды.  

Аталмыш іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Мыса өз өлеңін оқыса, белгілі суретші Лейла Махат, Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин қолдау танытып, ізгі лебізердерін білдірді.

Барлық жаңалықтар