00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Қазақстанда домбыра жасап шығаратын бірде-бір фабрика жоқ – Айтжан Тоқтаған

25.02.2023 | 10:03
Аяулым Алтынбек
48

«Күй тартқан 1000 бала – бір мектептің оқушылары»  

Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектеп Гиннесс рекордтар кітабына енуі мүмкін. Білім ордасының биылғы оқу жылындағы соңғы сабағына 1032 оқушы қатысқан болатын.

Рекорд «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен тіркелуі мүмкін. Ұлттық аспапты жетік меңгерген шәкірттер «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» күйлерін орындады. Гиннесс рекордтар кітабының өкіл болып келген 25 стюард пен 4 байқаушы, 20 шақты журналист шараны онлайн форматта қадағалап, бейнежазбаға түсірді.   

Бұл – домбыра сабағы өтетін еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің алғашқысы. 2016 жылы эллективті курс аштық. Бұл курста домбыраны үзбей оқытады. 7 сыныптан 12 сыныпқа дейін балалар екі, бір және жарты сағат уақытпен аптасына екі рет домбыра сабағына қатысады. Мәселен, 7 сыныпқа 250-дей бала түсетін болса, оның барлығы осы эллективті курсты оқиды. 2016 жылдан бергі балалардың барлығының басын қосып, осындай ауқымды іс-шара ұйымдастырдық. 1000 бала тек осы мектептің ғана баласы, сырттан ешкім келіп қосылған жоқ. Мұндай іс-шара бұрын-соңды еш жерде болмаған. Басқа мектептерде мыңдаған бала жоқ. Бір қызығы домбыраға қатысатындар – музыканттар емес,  физика-математика бағытын тереңдетіп оқытатын сынып оқушылары. Сандық нота деген бар. Сандар жазылған пернелерге қарап отырып, домбыраны тартады. Біз үйреткеннен кейін, осы ноталарға қарап отырып, өздері алып кетеді. Музыкант болу үшін ырғақты сезіне білу, есте сақтау қабілеті болуы керек. Гиннестің рекордтар кітабына шығамыз деген ой болмап еді. Бастапқыда домбыра курсы Назарбаевтың басқа мектептеріне, республикаға тарасын деген ниетіміз ғана болған. Сол ақырында осындай дүниеге айналды. Айта кетейін, мұндай игі іске бастамашы болған - директорымыз Мейрам Әміржанұлы, - дейді Айтжан Тоқтаған.

«Әр қазақтың төрінде домбыра ілініп тұруы керек»

Дәулескер күйші ұлттық құндылықтарымыздың бірі болып саналатын домбыраның дәріптелмей жатқанына қапалы.

Домбыра сыныбын мектеп пәніне енгізу қажет деп есептеймін. Ұлттық құндылықтарымыздың бірі қасиетті домбырамыз бүгінгі күнде дәріптелмей жатыр. Біз қазір эллективті курс қана өткізіп жатырмыз. Бұл жеткіліксіз. Міндетті пән ретінде енгізу қажет. Баға қойылып, оқытылса, бұл бұдан да жақсы деңгейге жетеді. Басқа елдер өздерінің ұлттық құндылықтарын жоғары бағалап, құрметтейді. Молдовандарға барсаң, өкшесінен от шыққанша билейді. Әр қазақтың үйінде төрде кемінде бір домбырадан ілініп тұруы керек. Әр үйдегі бала ойнауы керек. Мейлі, ол керемет ойнасын, нашар ойнасын, ең құрымаса көкірегінде қазақы үн болады, - дейді дәулескер күйші.

«Домбыра өнерін меңгергісі келетіндерге көмектесуге дайынмын»

Домбырашының ойында жүрген дүниелер де жоқ емес. Оның бірі – домбыра мектебін ашып, ізбасарлар дайындау.

Домбыра мектебін ашу ойым бар, бірақ мүмкіндігім жоқ. Ондай мектеп ашылып жатса, жұмыс істеуге қарсы емеспін. Қазіргі таңда мектеп ашу оңай емес, жалға алу құны шарықтап тұр. Бір қуыстан орын табылып жатса, әрі қарай оның жұмысын жүргізіп, домбыра өнерін меңгергісі келетіндерге көмектесуге дайынмын. Тіпті, оның атын да ойластырып қойдым. Оны Домбыра өнерін үйренудің жоғары мектебі деп атауға болады. Вокалистер, пианино, скрипкашылар жоғары мектебі бар. Ал домбырада жоқ. Неге? Домбыра өнерін жоғары оқу орындарында мамандық ретінде оқытса да артық болмайды.

Қали Жантілеуов, Рысбай Ғабдиевтің қолынан үйрендім. Сол кісілерден алған білім багажымды кәсіби бағытта оқып жатқан, оқығысы келетіндерге үйреткім келеді. Мектеп ашылып жатса, ізбасарлар дайындар едік, - деп өз ойымен бөлісті домбырашы.

«Қоңыр үн жоғалып барады...»

Оны алаңдататын тағы бір мәселе – қоңыр үннің жоғалып бара жатқаны. Күйші домбыраны жасау технологиясы орталықтандырылса екен дейді.

2018 жылы Ұлттық домбыра күні бекітілді. Содан бері домбыраға көңіл бөліне бастады. Бірақ әлі де шикіліктер, мәселелер бар. Осы уақытқа дейін домбыра жасап шығаратын бір фабрика жоқ. Ол бір мектепке, бір өңірге ғана емес, елімізге керек қой. Не ішек жоқ. Қоңыр үн дейміз. Қоңыр үн қайдан шығады? Қойдың ішегі мен ешкінің ішегін таққан. Олар жарамайды. Қазір жасанды бірдеңемен жасай салады. Содан қоңыр үн жоғалып барады. Ал оны жасау оп-оңай. Жапониядан бір аппарат сатып алып, кішкентай цехқа сол ішекті иіріп, тазалап, сыртын орасақ, ішіндегі табиғи ішек қалады, үгітіліп кетпес үшін сырты қапталады. Ішектен қоңыр үн шығып, тартуға да ыңғайлы болады. Мұны қаражат болса, кез келген адам істей алады. Бірақ ешкім қолға алмайды. Айтылды, жазылды, ешкім назар аударған емес.

Фабрика ашылса, ішектің мәселесі шешілсе, домбыра жасау мәселесі орталықтандырылса домбырамыз қайта жанданады. Әр шебер өз білгенімен, өз сызбасымен жасайды, ортақ ештеңе жоқ. Олай болмайды. Мектеп ашып берсе, құлшына жұмысқа кірісуге дайын отырмын, - дейді Айтжан Тоқтаған.

«Қазақтың баласы дүниеге келгенде көңіліне күй, жүрегіне ән қонып туады»

Айтжан Тоқтағанның айтуынша, қазақ пен домбыра егіз ұғым болуы тиіс.Ән мен күй біздің баға жетпес жәдігерімізге айналса екен дейді.

Домбырашы, күйші болу үшін адамға, ең алдымен, дарын, еңбек қажет. Қазақтың баласы дүниеге келгенде көңіліне күй, жүрегіне ән қонып туады. Ол – заңды құбылыс. Осыны әрі қарай сақтай алмасақ, ол бізге сын. Бар нәрсені көрсете білу керек. Жапонияда болдым. Онда бала 6 сыныпқа дейін міндетті түрде бір музыкалық ұлттық аспапта ойнап үйренеді екен. 6 сыныптан  кейін музыкаға барғысы келмесе, басқа саланы таңдай береді, әрі қарай жалғастырғысы келсе, жалғастырады. Сонда олар жапонның үнін әнұран сияқты кеуделеріне қондырып тастайды. Өскеннен кейін олар ұмытайын десе де, ұмыта алмайды.

Сержан Шәкірат деген дәулескер күйші бар. Оң қолымен ойнақтатып тартқанда тұла бойыңа қан жүгіреді. Қазақ халқы көңілдің қуанышы мен ренішін бүкіл жан сезімін ән мен күйге сыйдырып кеткен. Ән мен күй – біздің жәдігеріміз. Өткендегі сабақтан кейін домбыраны әрбір мектепке пән ретінде өткізу керек деген бастамалар жан-жақтан көтеріліп жатыр. Соны естіп, көңілге қуаныш ұялады, - деді дәулескер күйші.  

Америкалықтар домбырадан арнайы сабақ алады

 Әке жолын жалғап, күйшінің үлкен қызы да осы өнер жолын таңдаған. Тіпті, әкесі мен қызы Өнер университетінде сабақ берген екен.

Бір қызым мен әйелім – домбырашы, бір қызым пианист, бір қызым – синхронды жүзуден әлем чемпионы. Қызым Шабыт университетінде домбырадан сабақ береді. Америкалықтар қызым екеумізден сабақ алды. Америкалықтарға онлайн сабақ беріп тұрады. Олардың қызығушылықтары жоғары. Неге? Өйткені электронды дыбыстардан, жасанды дыбыстардан шаршады. Табиғи дауыстарды ұнатады, бағалайды. Қарапайым ғана екі ішектен осынашама әдемі үн қалай шығады деп таңғалады. Күй тарихын, домбыраның тарихын, жасалуын айтып берген сайын домбыраға деген қызығушылықтары артуда. Бізде керемет дүниелер көп, бірақ шығара алмай жүрген өзіміз, - деп сөзін түйіндеді Айтжан Тоқтаған.

 

Барлық жаңалықтар