00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада мемлекеттік қызметкердің бүгінгі болмысы талқыланды

25.02.2023 | 08:57
Елорда ақпарат
34

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев өз баяндамасында мемлекеттік аппарат мамандарының жұмыс сапасы талдау мен жүйелеуді қажет ететін мәлімдеді.

Биыл ақпан айында Мемлекеттік қызметшінің этика кодексі  жаңа редакцияда жарияланды. Егер еліміздегі әрбір мемлекеттік қызметкер адал, әділ, сыпайы және ең бастысы, халық сұранысына дұрыс жауап берсе, қоғам тарапынан айтылатын сын-пікірлер азаяды. Бүгінгі жиында мемлекеттік қызмет жұмысын кәсібилендіру бойынша сарапшылардың пікір-ұсыныстары талқыланады, – деді агенттік төрағасы.

Парламент Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп сапалы мемлекеттік қызмет көрсету қазақ тілінде сөйлеуден басталатынын айтты.

Елімізде кәсіби білікті мамандар бар, бірақ олар мемлекеттік тілге шорқақ келеді. Халыққа маңызды ақпаратты ресми тілде жариялау арқылы қазақ тілді аудиторияға дұрыс ақпарат жетпейтінін көрсетеді. Ал оның соңы жалған ақпарат таратуға ұласады, бұл мемлекеттік қызмет саласына сын әкеледі. Сондықтан да кез келген мемлекеттік қызметкер сөз мәдениетін дұрыс түсініп, халық алдына көп шығуы қажет. Сондай-ақ зейнет жасқа шыққан мемлекеттік қызметкердің тәжірибесі мен біліктілігі ескеріліп, кеңесші маман ретінде жұмыс істеуге мүүмкіндік беру қажет, - дейді Сенат депутаты.

Пікір алмасу алаңында қоғам мемлекеттік қызметкердің жұмысын қалай бағалайтыны, оның халық алдындағы бейнесі, әдеп жөніндегі кеңес пен уәкілдің біліктілік талаптарын нақтылау қажеттігі талқыланды.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметші қандай болуы керек, агенттік тарапынан қабылданатын іс-қимыл мен бұл өзгерістерге қоғам белсенділерін қалай тартуға болатыны туралы онлайн сауалнамаға жауап берді. Нәтижесінде сарапшылар мемлекеттік қызметшінің патриот, қарапайым, өз жұмысына адал, стресске төзімді әрі тез шешім қабылдай алатын қызметкер болуы қажет деп есептейді.

Айта кетейік, кездесуге Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік қызмет саласының жетекшілері, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері, еліміздің белгілі журналистері, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар