00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Талдыкөл маңына экопарк салу идеясына елордалық қоғам белсенділері қолдау білдіруде

24.02.2023 | 23:59
Елорда ақпарат
54

Белгілі қоғам қайраткері Ирак Елекеев елордадағы Кіші Талдыкөлде салынатын экопарк ертең-ақ қала көркін келтіретінін айтады.

Мұндай экопарк Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Қаламыздың көркіне көрік қосады. Демек, бұл - қала тұрғындары үшін жақсы демалыс сыйлайтын жер болмақ. Флора, фауна сақталып, сол секілді экология мәселесі шешіліп жатса, онда бұл экопарктың пайда болуын қолдаймын, - дейді қоғам қайраткері Ирак Елекеев.  

Сондай-ақ Экономикалық саясат институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, мұндай экопарктердің салынуы қала тұрғындары үшін ғана емес, сырттан келетін туристер үшін де өте пайдалы. 

Әлемдік деңгейде, жаһандану аясында барлық елдің әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси дамуында жаңа белес – «жасыл экономика» деген жаңа тренд пайда болды.   

«Жасыл экономикадан» өрбитін көптеген компонент бар. Мысалы, қызмет көрсету секторлары аясында осындай парктердің болуы, салынуы және қызмет етуі экологиялық мүддеге сәйкес келеді.

Экопарк елорда тұрғындарының демалуы үшін, тіпті сырттан келген туристерге қызмет көрсетуі қала үшін өте пайдалы. Тағы бір маңызды тұсы, ол жас өскіндердің экологиялық мәдениет, экологиялық саясат, экологиялық көзқарасының қалыптасуына ықпал ететін болады.

Мұндай жобалар тек бас қалада ғана емес, облыс орталықтарында, тіпті, жағдай болып жатса, өзге де қала-аудандарда қолға алынып жатса, онда ұлттық экологиялық мүддемізге сәйкес келеді, – дейді ғалым.      

Сондай-ақ С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің экология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Қалмашқызының айтуынша, жасанды су көздерін жасау тәжірибесі Еуропа елдерінде көп кездеседі.

Тұрақты дамудың 11-мақсаты – тұрақты қалалар мен елді мекендер. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2030 жылға қарай баршаға ашық және экологиялық жағынан тұрақты урбандалу ауқымын кеңейтіп, елді мекендерді кешенді әрі орнықты жоспарлау мен оларды басқару мүмкіндіктерін арттыру керек. Дамыған Еуропа елдерінде бұл кең таралған, ондағы табиғи және жасанды су қоймалары (тоғандар мен арықтар) биоәртүрлілікті сақтау көзі болып саналады. Бұл тоғандар мен арықтарда үйректер мен аққуларды көруге болады, ал су қоймаларында көптеген гидробионт бар, оларды көзбен көру мүмкін емес, бірақ олардың биосферада атқарар рөлі үлкен, – дейді ол.

Елордалық эко-белсенді, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртайдың пікірінше, экопарк салу Талдыкөлдің өлі суға айналуына жол бермейді. 

Қазір Кіші Талдыкөлдің бір бөлігі ғана қалған. Оған су келмейді, құрғап жатыр. Сол жаққа эко-парк салу туралы ұсынысты біз айтқан болатынбыз. Әкімдік ұсынысымызды қабылдағанына қуаныштымыз. Енді ол маңдағы тіршілік жанданатын болады. Халық демалатын, табиғаты таза жаңа жер пайда болады. Ендігі мәселе – Кіші Талдыкөлді сумен толтыру болып отыр. Оған келетін су жоқ. Су келіп-кетіп тұрмаса, көл сасып кетеді. Сондықтан бүгінде оған суды қалай жеткіземіз, соны талқылап жатырмыз. Талдыкөл өлі суға айналмауы керек, – дейді Азаматхан Әміртай.

Барлық жаңалықтар