00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Жолдау экономикалық өзгерістерді жетілдіре түсті

06.09.2023 | 07:30
36
Фото: Ақорда

1-қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауы, қоғамның алдыға жылжуына тағы да бір қозғау салды. 

Жолдаудың қоғамдық палитрасында елдің экономикалық-әлеуметтік реңін ашуға қанығырақ бояу қосылған әсер қалды. Өйткені, қордаланып қалған өзекті мәселелердің механизмінде әкімшіліктік құрылымдық өзгерістер орын алмай, дамудың алысқа шаппайтындығы анық байқалды.

Анығырақ айтсақ, Президент ұсынысында қазіргі және алдағы уақыт талаптарына сай бірнеше салаға жауапты министрліктердің қайта қарастырылуы, уақыт күттірмейтін дұрыс бюрократиялық, құрылымдық шешім болды. 

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Көлік министрілігін құру өте орынды бағыт. Бұлар жаңадан пайда болған құрылымдар емес. Кезінде 2004-2012 жылдары Көлік және коммуникация министрлігі болса, 2014 жылы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі болып жеке құзырлы жұмыстарымен ерекшеленген.  

Ал енді аталған әкімшіліктік құрылымдардың маңыздылығы, нақты сол бағыттағы маманданған саясаттың қалыптасуына әсер етеді.  

Президент Жолдауында 2040 жылы су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге дейін жететінін айтып өтті. Бұл өте үлкен қауіпті көрсеткіш. Сонымен қатар, Президент судың маңыздылығын мұнай мен асыл металл сынды табиғи байлықпен пара-пар болатындығын жеткізді. Қазір еліміз шет елдерден 45 пайыз трансшекаралық өзендер арқылы суды тұтынып отыр. Мұның өзі көрші елдермен халықаралық келісімдердің дұрыс жүруіне, ұдайы өзара келісімдердің орындалуына әсер ету мүмкіндіктерімен жүзеге асуы қажет. 

Дәл осы мәселемен айналысатын министрлік қалыптасса, бұл саладағы күрделі мәселелердің тез шешілуіне ықпалын тигізіп қана қоймай, келешегіне де салмақты қадамдары болады.

Қырғызстаннан келетін судан басқа, еліміз қосымша Өзбекстан, Қытай, Ресейден трансшекаралық өзендердің суын тұтынады. Осы жағдайда,  анағұрлым көлемдегі өзен-су мөлшері орын алған бағыттарда қалыптасқан халықаралық келісімдермен ыңғайлы механизмдердің жұмыс істеуі қажет.

Негізінен, Президент қордаланған мәселенің шешімінен бөлек, себеп-салдарына да тоқталды. Мемлект басшысы суды көп қажет ететін егіншілік саласын да, қайта қарауға шақырды. Ол еліміздің ауыл шаруашылығында суды тиімсіз пайдаланатын, шығынға әкелетін дәнді-дақылдар мен көкөністерді егуден бас тарту қажеттігін баса айтты.  

Әрбір Жолдаудың ұсынысында дәстүрге айналған әдет қалыптасуда. Президент министрліктің жанынан ғылыми және академиялық орындардың қалыптасуымен негіздеп отырады. Аталған министрліктің жанынан Ұлттық гидрология институтының және жоғары оқу орындарының құрылуы, көптеген бастамалардың ғылыми негіздемесімен жасақталатыны көңіл көншітеді.  

Жалпы министрліктің алдағы жоспары қандай болмақ? 

Аталған ведомство еліміздің Су кодексін жасақтауы керек. Су кодексі арқылы көп мәселе шешімін табады, себебі қазір су шаруашылығындағы мәселелер кейбір заңнаманың жаңалануына кедергі жасап отыр, сондықтан құқықтық жағынан күшеймей, уақыт талабына сай емес әкімшіліктік хәм заңнамалық кедергілер өздігінен шешілмейді. Мысалы, Қырғызстанда Су кодексі қабылданған, олар сол құқықтық құжаттың айналасында жергілікті өзен-су, қойма, гидроэлектр станцияларының жұмыстарына тиімді шешімдер қабылдауда.   

 Президент 20-дан аса жаңа су қоймасының жасалып, 15 су қойманың қайта жаңартылуы жайлы бастама көтерді. Сөзсіз су қоймалары бар өңірлерде су үнемділігі болады. Судың да сұрауы бар болғандықтан, техникалық тұрғыдан су дұрыс үнемделуі тиіс. Бұл жайлы Жолдауда айқын көрсетілді.  

Сонымен бірге жаңадан құрылған Көлік министрлігінің жұмысына тоқталсақ, ең алдымен егер геоэкономикалық, аймақаралық жағынан алсақ, алдағы бес жылда аталған министрліктің жұмысы ауадай қажет.

Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, кейінгі екі жылда геосаяси мәселелер ушығып тұр. Президент бұған дейін халықаралық деңгейдегі келісімдерде Қазақстанды көлік-логистикалық хаб ретінде қарастыруға дайын екенін айтып келеді. Соның негізінде кешегі Жолдауда Президент елімізде 4 мың шақырым жолды жасақтап, дайындау керегін атап өтті. 

Қазір халықаралық жолдарымызда, шығыстан батысқа жол тартқан түрлі фуралар мен ауыр жүк тасыған көліктерді көру қиын емес. Оның барлығы – Ресей мен батысқа баратын тауарлар. Тоғыз жолдың күре тамырында орналасқан Қазақстанның көлік-логистикалық хаб ретінде рөлі де осында. Мысалы, Еуропада Бельгия транзиттік хабқа айналған, Президент Жолдауында Еуразияда Қазақстанның көліктік-логистикалық хабқа айналу мүмкіндігі зор екендігін айтылды.

Негізі Көлік министрлігінің құрылуының тағы бір үлкен себебі, теміржол арқылы тауар тасымалдауды күшейту мен құрлықтық порт арқылы теңіз логистикалық кластерін жасақтау басты басымдық болмақ. Бұл жөнінде Жолдауда айқын берілген. 

Кластер Каспий теңізі арқылы жасақталып, әрі қарай Парсы шығанағына шығуы туралы Президент өз сөздерінде келтірді. Порты бар мемлекеттің экономикалық көрсеткіші жоғары. Мұның айналасында туристік бағыт қалыптасады. Бұл әлемдік тәжірибе. Егер Қазақстанның теңіз бен мұқитқа шығу мүмкіндіктерінің шектелгендігін ескерсек, Каспий порты жаңа сауда-тасымалдау класстерінің орнығуына септігін тигізетін бастама.

Жалпы еліміздегі көлік-логистикалық хабтың қалыптасуы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтау сынды қалаларда ірі қаржы-сауда орталықтарының жасақтаулына, жергілікті қызмет көрсету сапасының күшеюіне әкеледі. Бұған сөзсіз шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артады. Ал мұндай қалыпты жағдай туғызуға құзырлы жауапты мекеме қажет.

Жолдауда бұдан бөлек салалық экономикалық-әлеуметтік бағыттар, әкімшілік реформалардың жалғаса беретін бағыттары барынша айтылды. Әрине, бұл жағынан былтыр басталған саяси реформалардың аясындағы биліктің бастамалары іс жүзінде орындалуымен байланыстыру қисынды шаруа. Бастысы халқымыздың әл-ауқатын күшейту, ертеңге деген сенімді даму барлық бастаманың басты басымдығы екені даусыз. Сондықтан, Жолдаудың экономикалық даму сипатымен ерекшеленуі де осында.

                                 Мақсат ЖАҚАУ

Барлық жаңалықтар