00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Ерлан Қошанов Татарстан Раисы Рустам Миннихановпен кездесті

05.03.2024 | 11:19
53
Фото: parlam.kz

Кездесуде Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановқа жуырда ғана Қазанда өткен «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің салтанатты ашылуына қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.   

Бұл – шын мәнінде спортты, ғылымды және технологияны біріктіретін өте креативті шешім. Осы тәжірибені әртүрлі салада іс жүзінде қолдану зор мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан Президентіміз келесі «Болашақтың ойындарын» Қазақстанда өткізуді ұсынды, – деді Мәжіліс спикері. 

Ерлан Қошанов өңіраралық өзара іс-әрекет туралы айта келе, Татарстан Ресейдің жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі және біздің еліміз үшін маңызды серіктес екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда «Татнефть» (шина зауыты, бутадиен өндірісі), «ТЭМПО» (үлкен диаметрлі тік тігісті құбырлар өндірісі), «КАМАЗ» (жүк көліктерін құрастыру) және басқа да ірі компаниялар өз өндірістерін іске қосты. 

Өз кезегінде Рустам Минниханов Қазақстан Президентімен кездесуді ерекше ықыласпен еске алып, қазақ және татар халықтарының тарихи-мәдени деңгейдегі жақындығын атап өтіп, Қазақстан мен Татарстан IT-парктерінің әлеуетін біріктіруді ұсынды. 

Кездесу соңында Татарстан Раисы Қазақстан басшылығының биыл Астанада «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақыруын ризашылықпен қабылдады. 

Сапар барысында Мәжіліс төрағасы Татарстан Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесіп, Қазақстан депутаттарының заң шығару жұмысы туралы айтып берді. Әсіресе, жаңа салық, бюджет, құрылыс және су кодекстеріне, халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету, лудоманиямен күрес, әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі заң жобаларына тоқталды. 

Сондай-ақ ол әріптестерін Мемлекеттік Кеңестің 30 жылдығымен құттықтап, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруда толағай табыс тіледі. 

Барлық жаңалықтар