00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Билік саяси реформаларды тереңдете беруі қажет – сарапшы

28.04.2023 | 11:40
38
Фото: автордың жеке мұрағатынан

Қазақстандық электоралды демократияның көрнекті мысалы 2022 жылғы 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрініс берді. Жолдау аясында басты бағыт – елдің демократиялық даму кезеңіндегі саяси реформалардың орын алуы болатын. 

Биліктің қоғамға ұсынған саяси реформаларының алдыңғы қатарында Қазақстан Республикасының Ата заңындағы 33 баптан құралған өзгерістері тұр. Бұл өзгерістер сол жылы 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдумның нәтижесінде 77,18% халықтың қолдауына ие болуының арқасында жүзеге аса бастады. 

Әрине, көптеген сарапшы қоғамдағы саяси серпілісті дәл осы Жолдаумен байланыстырады. Алайда Президент Қ.Тоқаевтың қолға алған саяси өзгерістері мен демократиялық даму қағидалары одан бұрын басталып кеткеніне ерекше мән беруіміз керек. 

Өйткені ел тізгінін ұстаған сәттен бастап-ақ түрлі жаңашыл демократиялық ұсыныс-бастамалары арагідік көрініс тауып отырды. Мысалы, партиялық тіркелімнің 40 мыңнан 20 мыңға түсуі, кейін 2022 жылы жаңадан Сайлау туралы конституциялық заңнамада бекітілген 5 мың қолдаушысына ие партияның құрылуына негіз болды.

Ал сайлаудағы Парламент Мәжілісіне партиялық тізіммен өту пайыздық межесінің 7%-дан 5%-ға түсуі, сайлау бюллетенінде «бәріне қарсымын» деген бағанның пайда болуы, митингілерді өткізу мәдениетінің бекітілуі, сонымен бірге парламенттік оппозиция құру ұғымының, биліктік партиядан өзге фракциялардың мәжілістік комитеттерде төрағалық ету құзыреті, Мәжіліс пен мәслихаттарда 30 пайыздық жастар мен әйелдердің, мұқтаж жандардың өкілдерімен қалыптасуы, ауыл әкімдері мен аудан әкімдерін сайлау туралы т.с.с. іргелі ұсыныстар Президенттің 2020-2021 жылғы саяси демократиялық бастамаларында қолдау тапқан еді.

Сөзсіз, бұл демократиялық бастамалар қайғылы Қаңтар оқиғасынан кейін биліктің қалыптасқан жаңа жағдай бағдарына трансформациялануына ұласты. Бұл белгілі бір деңгейде авторитаризмнің жұмсақ әрі жетілмеген демократия диагноздарынан айығу процесінің күрт жеделдеуіне әкелді. 

Мойындауымыз керек, Президент Қ.Тоқаевтың пәрмені мен батыл шешімдерінің арқасында биліктің дебюрократизациялануынан бастап құрылымдық әртараптануына, құзыреттіліктердің бөлінуіне, саяси монополиядан бас тарту бағытына ойысты. Бұл кезеңге сарапшылар «Жаңа Қазақстан», «Әділетті қоғам» деген баға берсе, президенттік билік өзін «Екінші республика» деп атады, «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» деген ұранды ұстанды. 

Әлбетте, көтерілген бастамалар ТМД елдерінің кеңістігінде ерекше саяси өзгерістерді алғаш бастаған мемлекет ретінде либералды, ашықтық саясатын ұстанатынын көрсетеді. Әрине, бұл Президенттің 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдауында айтылған, елдің жаңа саяси мәдениеттілікті қалыптастыратын қоғамға аяқ басқандығының белгісі ретінде айқындалды. 

Алайда обьективтіліктен айнымай, халық пен билік арасындағы сенім көпірінің қаншалықты деңгейде екенін анықтау үшін мынадай көрініске көңіл бөлуіміз керек. 

2022 жылғы кезектен тыс президенттік сайлауға дауыс беруге келмегендер мен «барлығына қарсымын» дегендер - 24%-ды көрсетті. Бұл, өз кезегінде, электорат тарапынан билеуші билікке деген сенімнің әлі де болса толық қалыптаспауына, сәйкесінше, саяси мәдениет субьектілерінің арасында әлі де болса саяси реформаларды тереңдете беру қажеттілігін аңғартады. 

Бүгінгі биліктің өз ұстанымдарын іс жүзіне асыруын қоғам сыни көзбен қабылдайтынын ескеріп, саяси мәдениеттілікті қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамыту маңыздылығына ерекше көңіл бөлу керектігін көрсетеді. 

Дана халқымыз «діншіл болу әсте-әсте» дейді. Яғни саяси қадамдарды батыл жүргізе беру, электоралды демократияның саяси модернизация арқылы қоғамдық саяси мәдениетті қалыптастыру анау айтқандай оңай шаруа еместігін көрсетті. 

Сол себепті билік пен халықтың саяси мәдениеттілігі – өзара тығыз ашықтық саясатқа негізделген әділ шешімдерге халық сенімін қалыптастыру үшін жергілікті басқарудан бастап, Парламент қабырғасында тікелей сайлау арқылы қатысуды қамтамасыз ету, обьективті еркін БАҚ пен азаматтық қоғам ұйымдарының адрестік жұмыстары сияқты қыруар шаруаны еңсеру өте маңызға ие күн тәртібіндегі басты басымдықтар екені даусыз. 

Мақсат ЖАҚАУ, 

әлеуметтік ғылымдар магистрі,

 саясаттанушы

Барлық жаңалықтар