00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Алуа Ибраева: Конституциялық реформа – ел өміріндегі өзгерістердің бастауы

23.08.2023 | 04:30
78
Коллаж: Elorda.info

30 тамыз – Конституция күні. Ата заң – елдігіміздің айғағы, кез келген жағдайда жүгінетін ең басты құжатымыз. Сондықтан ондағы өзгерістер жеке тұлғаның өмірінен бастап бүкіл мемлекеттің тыныс-тіршілігіне елеулі жаңалықтар әкеледі. Elorda.info тілшісі заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Алуа Ибраевамен Конституциямыздың ел өміріндегі маңызы туралы сұхбаттасты. 

- Алуа Саламатқызы, алдымен Ата заңымыздың тарихына тоқталсаңыз?

Мемлекетіміз тәуелсіздігін бекіткен уақыттан бергі аралықта – 33 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанның екі Конституциясы қабылданды. Алғашқы Конституциямыз 1993 жылы 28 қаңтарда, қазіргі Ата заңымыз 1995 жылдың 30 тамызында қолданысқа енді.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциялары Қазақстанның конституциялық құрылысының негізін қалады, мемлекеттік механизмнің, қоғамдық және саяси институттардың ұйымдастырылуы мен қызметінің негізгі принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі түбегейлі қағидаларын айқындады. 

Екінші рет қабылданған Конституциямызға келер болсақ, жаңа құжатқа деген қажеттілік  еліміздің мемлекеттік және қоғамдық өмірінде орын алған өзгерістерге байланысты, сондай-ақ бұдан бұрынғы басты бағдарда кеткен кемшіліктердің орнын толтыру үшін туындаған еді. Нәтижесінде Пpезидент жанынан саpаптық-консyльтативтiк кеңес құpылып, жаңа конститyцияның жобасын жасаy жұмысына қазақстандық және шетелдік белгілі ғалымдаp мен мемлекет қайраткерлері таpтылды. 

Сөйтіп, тиісті тұлғалардың қатысуымен республиканың жаңа конститyциясының жобасы жасалып, бүкiлхалықтық талқылаyға шығаpылды. Қоғам мүшелері тарапынан да кеңiнен талқыланды. Конституция жобасын талқылауға 3 миллионнан астам азамат қатысып, өз пікірлерін, көзқарастарын білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша жаңа Конституцияның жобасына, нақты айтсақ, оның елу бес бабына 1100 өзгеpтyлер енгiзiлiп, бipқатаp жаңа баптаp пайда болды.

Нәтижесінде, 1995 жылғы 30 тамызда Мемлекет басшысының Жаpлығына сәйкес ҚР жаңа Конститyциясын қабылдаy жөнiнде бүкiлхалықтық pефеpендyм өткiзiлдi. Осы жаңа Конституцияны қабылдай отырып, ел азаматтары өзінің мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатындығын жариялады, өзінің егемен құқығын жүзеге асырды. Pефеpендyмға сайлаyшылаpдын 90,51 %-ы қатысып, олаpдың 89,14 %-ы жаңа Конститyцияның қабылданyын жақтап даyыс беpдi. Республикамыздың қоғамдық, саяси жүйесі үшін жаңалық болып табылатын демократиялық институттар құрылды. Тұңғыш рет екі палатадан тұратын, тұрақты негізде жұмыс істейтін қазақстандық парламентаризмнің іргетасын қалады.

-Конституциямыздың өзіне тән ерекшелігі бар ма? Біздің Ата заңымыз Францияның Конституциясының көшірмесі деген де пікірлер айтылады. Осыған қатысты не айтасыз?

Ата заңымыз Франция Конституциясы негізінде жасалды. Мұның өз себептері болды. Екі мемлекет те елдің басты құжатын қабылдау кезінде қиын, өтпелі жағдайда болды. Дегенмен оны көшірме болды деп айтуға болмайды. Ата заңымыз Францияның Конституциясына қарағанда көп ерекшелігі бар.  Біріншіден, құрылымы бойынша Қазақстан Конституциясы жинақы. Атап айтқанда, ҚР Конституциясының бір бөлімінде реттелген қатынастар Францияда Конституцияның бірнеше бөлімінде реттелген. Мәселен, Республика Президентінің өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы туралы қатынас ҚР Конституциясының 3 бөлімінде («Президент») топтастырылса, Франция Конституциясында тиісті қатынас «Республика Президенті» деген бөлімнен бөлек «Сот төрелігінің Жоғары Палатасы» (Высокая палата правосудия) деп аталатын 9 бөлімде таратылып жазылған. ҚР Конституциясында қоғамдық қатынастар жинақталып 9 бөлімде бекітілсе, Францияда шағын мәселелер жеке бөлек бөлімдерде көрсетілген. 

ҚР Конституциясында адам мәселесіне ерекше орын берілген. Қазақстанда жеке тұлғаның құқықтық жағдайының негіздері Конституцияның 2 бөлімінде бекітілген. Республикамызда адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарының, міндеттерінің конституциялық бекітілуін саралау оның шет елдерде тиісті мәселенің конституциялық реттелуінен біршама ерекшеленетіндігін көрсетеді. Мысалға, атап кеткеніміздей, Қазақстанда жеке тұлғаның құқықтық жағдайының негіздері Конституцияның бір бөлімінде - «Адам және азамат» деп аталатын 2-ші бөлімде жалпы реттелсе, Өзбекстанда жеке тұлғаның құқықтық жағдайының негіздері Өзбекстан Республикасының Конституциясының жеті бөлімнен тұратын 2-ші тарауында реттелген, басқаша айтқанда, Өзбекстанда жеке тұлғаның құқықтық жағдайының негіздерінің мазмұнын құрайтын элементтер Конституцияның бір тарауының ішінде жеке-жеке бөлімдерде бекітілген. 

-Конституциямыз бұған дейін бірнеше рет өзгерді. Оған не себеп болды?

Конституция - бұл қатып қалған акт емес: уақыт өзгереді және тиісті өзгерістер конституциялық нормаларда көрініс табады. Қолданыстағы Республика Конституциясына бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді: бұл - 1998, 2007, 2011, 2017, 2019, 2022 жылдар. 2022 жылы Конституцияға 2 рет өзгерту енгізілді. 

-Былтырғы 5 маусымда өткен референдум да Ата заңымызға біраз өзгерістер әкелді ғой?

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізген 2022 жылғы 8 маусымдағы заң республикалық референдумда қабылданды. Бұл заң бойынша Ата заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Ашып айтсақ, ҚР Тұңғыш Президентінің барлық артықшылықтары алынып тасталды, Президенттің саяси бейтараптылығы бекітілді. Президенттің, оған қоса Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларының, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелерінің де өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партияға кіруге болмайтындығы бекітілді. Президенттің партияға қатыстылығын анықтаған бұл шектеу оның құқықтық мәртебесіне тікелей байланысты. Республика Конституциясында (40 баптың 2 б.) анықталғандай, ҚР Президенті адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылады. Тиісті мәртебесіне сәйкес ол ешбір саяси партияның идеологиясын ұстанбауы тиіс, ешқандай саяси партияға тән болмауы, оның мүддесімен байланысы болмауы керек.

ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізген 2022 жылғы 8 маусымдағы заңмен Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызметшілердің және квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруына тыйым салынды. Сенаттың Президент тағайындайтын депутаттарының саны 15-тен 10 депутатқа өзгерді, яғни 5 адамға қысқарды. Парламент Мәжілісінің депутаттарының саны 107 депутаттан 98-ге қысқартылды әрі Мәжілісті құру тәртібі өзгерді, атап айтқанда, Мәжіліске депутаттар пропорционалды өкілдік ету және мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болды. Мажоритарлық сайлау жүйесінің енгізілуіне байланысты Мәжілістің бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутаттарын кері шақырып алу институты енгізілді. Республикада заң шығару субъектілерінің қатары көбейді, ашып айтқанда, Республика Үкіметі уақытша заң күші бар акті қабылдау құқығын иеленді; заң шығармашылығында Мәжілістің рөлі артты – ендігі жерде заңды Мәжіліс қабылдайтын болса, ал Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдайтын болды. Сенаттың рөлі артты, атап айтқанда, Сенаттың келісімімен Президент тағайындайтын мемлекеттік органдардың басшыларының тізбесі кеңейді – Сенаттың келісімімен тағайындалатын тұлғалар қатарына Республика Конституциялық Сотының Төрағасы және Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы қосылды; Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгерді; өлім жазасы толығымен жойылды.

 Сіз айтып отырған  мәселелелер  референдум кезінде оның алдындағы халыққа түсіндіру жұмыстарында кеңінен айтылды. Дегенмен, маман ретінде 2022 жылғы 5 маусымдағы жалпы дауыс беру арқылы енгізілген өзгерістердің негізгі ерекшелігіне тоқталып кетіңізші?

Тиісті конституциялық реформаның негізгі бір жаңалығы: ҚР Конституциялық Кеңесінің орнына Конституциялық Сот құрылып, конституциялық бақылау институты жаңғыртылды, ҚР Конституциялық Сотының ұйымдастырылуы мен қызметінің негіздері бекітілді. Сонымен қатар, ҚР Конституциялық Сотына жүгінетін субъектілер қатарына азаматтар, Адам құқықтары жөніндегі уəкіл және Бас Прокурор қосылды. Бірақ, бұл тұлғалар өзге субъектілерге қарағанда Конституциялық Сотқа тек нақты шектеулі мәселелер бойынша ғана жүгіне алады. Аталғандарға қоса, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың рөлі күшейтілді. Соңғы өзгертулерге сәйкес Республика Президенті әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін жою құқығынан айырылды. Сонымен қатар, тиісті конституциялық реформамен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің қызметіне орналасу тәртібі өзгерді. Референдумда республиканың біртұтас халқы ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңда көрініс тапқан мемлекеттің саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Халықтың қолдауы жаңа, дамыған Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды деп айтар едім.

- Алуа Саламатқызы, Ата заңымызға қатысты біраз жайтты талдап айттыңыз. Түйгенімізше кез келген дамушы ел үшін Конституцияның уақыт талабына сай өзгерістерге ұшырап тұруы қалыпты құбылыс болып тұр ғой?  

Иә, солай. Конституция - мемлекеттің діңгегі, елдіктің алтын қазығы. Ата заң - егемендік символдарының бірі. Қасиетті заңымыздың дамып жетілуімен бірге егемен еліміздің жаңа тарихы жазылып жатыр. 

Мемлекет басшысы жариялаған саяси реформа аясында былтыр республикалық референдум өтіп, халық өз таңдауын жасады. Конституциялық реформа - ел өміріндегі жаңа сапалық кезең, өзгерістер бастауы.

Барлық жаңалықтар