00:00
Астана -10oC
USD:
472.57
EUR:
508.34
RUB:
5.4
Поиск

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 100 күн қалды

01.06.2024 | 17:39
Олжас Сүлейменов
130
V  Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 100 күн қалды
Фото: дереккөз

Бүгін Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 100 күн қалуына орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Жиынға ұлттық спорт түрлерінің өкілдері, жаттықтырушылар, еріктілер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Іс-шара ұлттық спорт түрлерін насихаттау және қала тұрғындарын алдағы көшпенділер ойындарымен таныстыру мақсатында өтті.

Шараның ашылу салтанатына Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Еламан Махамбетов, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төраға орынбасары Тастанбек Есентаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов және «Толағай» алыптар сайысының негізін қалаушы Темір Спатаев қатысты.

Тастанбек Есентаев ойындардың еліміз бен және халықаралық қоғамдастық үшін маңыздылығын атап өтті.

Ол өз сөзінде:  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы жылдың 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ойындар ұлттық спорт түрлерін дамытуға және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға серпін береріне сенімдіміз.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген этникалық спорт түрлерінен бірегей халықаралық жарыстарды өткізу біз үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Бұл іс-шара мәдени мұрамызды сақтаудың және жаһандық деңгейде ілгерілетудің маңыздылығын айқындайды, - деді.

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов спорттық нысандардың дайындық барысы туралы баяндады.

«Бірлік» ән-би ансамблінің би қойылымдары, қазақ күресінен ашық жаттығу, тоғызқұмалақ пен дәстүрлі садақ атудан шеберлік сабақтары, сондай-ақ арқан тарту, асық ату және ләңгі ойындары ұсынылды. Сонымен қатар, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тақырыбында викторина өтіп, қатысушылар арасында билеттер ойнатылды.

Іс-шара ұйымдастырушылары: ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы.

Все новости