00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Президент: Мемлекеттік қызметте «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отыр

20.02.2024 | 09:34
128
Фото: akorda.kz

Жиын алдында Мемлекет басшысына Президенттік жастар кадр резервінің қатарына әр жылдары өткен мамандардың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Президентке «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің артықшылықтары, Citix компаниясы өнімдерінің экспорттық әлеуеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика секторына инвестор тарту тәжірибесі, сондай-ақ бюджеттік процестерді оңтайландыруға арналған «eAkimat365» ақпараттық жүйесі туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде жастардың осынау инновациялық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Президенттің пікірінше, мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек.

Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Осы орайда мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Жайылғанова кезінде осы бастаманы жүзеге асыруға мол үлес қосқанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту мәселесіне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп үстемдігі болуға тиіс.

Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру мәселесіне баса назар аударды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отырғанын сынға алды. Осыған орай Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды.

Жалпы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет  беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік қызметті неғұрлым озық салаға айналдыру қажет екенін айтты.

Жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мемлекеттік қызмет жүйесінде барлық үдеріс ашық болуға тиіс. «Мемлекет адам үшін» қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын шынайы бағалайтын нақты өлшемдер болуға тиіс. Бұл – бағалау жүйесін ұдайы жаңартып отыру қажет деген сөз. Мемлекеттік қызметшінің іс жүзінде атқарған жұмысы міндетті түрде ескерілуі керек. Ең бастысы, әрбір қызметші еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттерге сәйкес барынша тиімді жұмыс істеуге дайын болуы қажет, – деді Президент.

Президент қайда жүрсе де, үнемі еліміздің жас ұрпағы жөнінде айтатынын еске салды.

Мен сіздерге зор сенім артамын. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервіне өткен мамандарға зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтіп, олардың негізгі мақсаты мемлекет мүддесі болуға тиіс екенін жеткізді.

Все новости