00:00
Астана -10oC
USD:
478.58
EUR:
520.84
RUB:
5.44
Поиск

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президентімен келіссөз жүргізді

18.01.2024 | 14:52
384
Фото: akorda.kz

Екі ел басшыларының келіссөзіне дейін Квиринале сарайында Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Қазақстан туы көтеріліп, қос мемлекеттің әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы бастығының рапортынан кейін президенттер бір-біріне ресми делегация өкілдерін таныстырды.

1705587963_photo1705581040.jpeg

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Серджо Маттареллаға алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді.

Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі.

Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының анағұрлым тартымды және перспективті салалары, оның ішінде «жасыл» энергетика туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арнайы тоқталды.

Екі ел президенттері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Маттарелланы Италияның «Үлкен жетілікке» төрағалық қызметіне кірісуімен құттықтап, G7-нің күн тәртібін жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.

Все новости