00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

«Кінәлілер жауапқа тартылады»: Үкіметте төтенше жағдайдың салдарын жою мәселесі қаралды

04.07.2023 | 12:30
84
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Қазақстанның батыс өңірлерінде болған төтенше жағдайдың салдарын жою мәселесі қаралды, деп хабарлады Elorda.info.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасановтың баяндауынша, кеше түс ауа сыртқы желілерде электр энергиясын берудің тоқтауына байланысты Атырау МӨЗ-і жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. 

Электрдің өшуі нәтижесінде АМӨЗ-дің барлық технологиялық қондырғысы қауіпсіздік үшін тоқтатылды. Апаттық жағдайдың алдын алу және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін апаттарды жою алгоритміне сәйкес барлық қондырғыдан көмірсутек газы алауға қарай жіберілді, – деді Дәулетжан Хасанов.

Оның айтуынша, өткен түнде электр энергиясы қайта іске қосылғаннан кейін зауыт қолда бар қорлардан мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастырған. АМӨЗ резервуарларында бүгінгі таңда 26 мың тонна автобензин, 33 мың тонна дизель отыны, 1 200 тонна сұйытылған мұнай газы бар.

Жалпы ел бойынша АИ-92 бензині мен дизель отынының қоры бір айға, АИ-95 екі аптаға жетеді.

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтірілуде, АМӨЗ-де технологиялық ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта зауыт басқа кәсіпорындар сияқты өз жұмысын қалпына келтіруде.

Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауытын тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда, – деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы Президенттің тапсырмасына сәйкес апаттың себептерін тексеру үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылғанын айтып өтті. Оның жұмысына Премьер-министрдің өзі басшылық етеді.

Кінәлілер жауапқа тартылады. Қазіргі таңда ең бастысы – барлық кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету, – деді Әлихан Смайылов. 

Оған қоса Премьер-министр Маңғыстау облысының әкімдігіне энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауды, Энергетика министрлігіне «KEGOC» компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді, Энергетика министрлігіне ІІМ және БҚА-мен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюды тапсырды.

Все новости