00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Қасиетті кітапты қорлау айыпталуы тиіс

27.07.2023 | 08:30
106
Фото: ашық дереккөз

  Діни толеранттылық осы күндері құр сөз емес. Егер әйгілі «Өркениеттер қақтығысы» атты бестселлерінің авторы Самуэль Хантингтонның тәржімалауына салып, халықаралық қатынастарды жанжалдар призмасымен қарасақ, кешегі қырғиқабақ соғыстар дәуірінен кейін халықтар арасында айырмашылық тек діни наным-сенімдердің төңірегінде өрбіген. 

Яғни, автордың пайымдауынша, 21 ғасырда әлем жұртшылығының қақтығыс аймағы, дәл осы мұсылмандар мен батыс дүниесі арасында болады екен. Егер өткен ғасырдағы екі полярлы кеңес жүйесі мен АҚШ тобының өзара шиеленісі жүрсе, ендігі суық соғыс саясатының аясы, діни сипаттағы өркениеттер арасында жалғасуын таппақ. Естеріңізде болса, алғашқы жанжал отының тұтануына 2001 жылғы 11 қыркүйектегі Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда ұйымы ғимараттарына жасалған қайғылы лаңкестік шабуыл себеп болды. Содан бері антиисламдық көзқарас, исламофобия жер-жерден шыға бастады. 

Соңғы айлары батыс елдерінде, әсіресе Швеция мен Данияда мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран-Кәрімді ресми ашық өртеу актілері белең алуда. Бұл әрине, батыстық демократиялық ұстаныммен қарағанда еркіндіктің белгісі шығар, алайда, бұл өрескел әрекеттер қанша дегенмен, дүние жүзіндегі 120-дан астам мұсылман елдерінің жеке діни сенімдеріне қаяу түсірмей қоймайтын анық қадамдар. 

Осы күндері АҚШ-тан бастап, Ресей, Түркия, Иран, Ирак, Иордания, Марокко, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, Йемен, Қазақстан т.с.с. халықаралық деңгейде жиырма шақты мемлекеттер ресми айыптау, шара қолдану ұстанымдарын көрсетіп үлгерді. Кейбір елдер, Швеция мен Дания елшіліктерін қайтарып, сол елдерден елшілерін алдырып, керек десеңіз елшілік ғимараттарын өртеуге дейін жауап қайтарған. Әрине, бұның бәрі діни көңіл-күй арқылы үлкен саяси қадамдарға итермелейтін әрекеттер. 

Жалпы, осы қасиетті Құран-Кәрім кітабын өртеу мен қорлаудың алғашқы әрекеттері емес. Осыдан бір ғасыр бұрын 1924 жылы Египетте Ніл өзеніне қасиетті кітаптарды тастап, көздерін жоюға қадам жасалған. Одан кейін 2005 жылы Кубаның Гуантанамо шығанағындағы американдық базада Құранды қорлаған американдық тергеушілердің шектен шыққан қимылдары, бүкіл әлем мұсылмандарының наразылығын одан әрі  үдеткен еді. 

Ал, Гейнсвиллдегі Флорида штатында Дүниежүзілік ақпараттық-түсіндіру орталығының христиан пасторы Терри Джонс 2011 жылдың 20 наурызында Құранның өртенуін бақылап отырған. Бұған жауап ретінде Ауғанстандағы мұсылмандар тәртіпсіздіктер жасап, 12 адам қаза тапты. Осы акцияның аясында Вестборо баптисттік шіркеуінің қызметкері Меган Фелпс Луи терудің 2011 жылы Құранның көшірмесін әдейі және көпшілік алдында өртеп жібергенін түсіндірді. 

Осы келеңсіздіктен кейін 2012 жылы 29 қыркүйекте 25000 жуық исламшыл топ Бангладештегі буддистердің Facebook-те Құранды қорлауды бейнеленген суреттің жариялануына қарсылық ретінде, барлық будда храмдарын, ғибадатханалар мен тұрғын үйлерді, сондай-ақ индуизм храмдарын өртегенін білемз.  Осы жолғы алғшқы қақтығыстар Кокс Базар аймағындағы Раму Упазилада басталып, кейінірек Бангладештің басқа аймақтарына таралған. 

2012 жылдың ақпанында Ауғанстанның әр түкпірінде, американдық Баграм әскери авиабазасында Құранды дұрыс ұстамау салдарынан наразылықтар басталып, "Америкаға өлім" деген желеумен АҚШ туларын өртеп жіберген. Кем дегенде 30 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған деген дерек бар.

Данияда Құранды қорлау, 2017 жылдан бастап заңды болып табылады. Кейде беконға оралған Құранды өртеу, кітапты жерге лақтыру Страм партиясының митингілерінде үнемі орын алды. Ал 2019 жылы Данияның Копенгаген, Нерребро қалаларында полицияның қорғауымен Құранды өртеп жіберу көрініс тапқан. 

Ең сұмдығы, Норвегияда 2019 жылы "Норвегияның исламдануын тоқтату" тобының жетекшісі Ларс Торсен Норвегиядағы митингілерінде бірнеше рет Құранды өртеп, үлгілерін жыртып, түкіріп, ит сияқты барлық жерде қарғыбаумен сүйреп жүрген. 

2023 жылы 28 маусымда Швецияда ирактық иммигрант Салван Моника Стокгольмнің орталық мешітінің жанында Құран үлгісін өртеген. Оған Швеция сотының пікір білдіру еркіндігі негізінде рұқсат берген шешімінен кейін, демонстрацияға рұқсат берген. Аталған оқиға халықаралық наразылықтарға әкелді. Швецияда этникалық немесе нәсілдік жеккөрушілікті қоздыруға тыйым салатын заң бар. Бір қызығы осы заң дінді сынауға немесе қорлауға қолданылмайды. 

Егер осы оқиғаларды қарап отырсақ, расында діни көңілкүйлерді қоздыру арқылы өркениеттер қақтығысына әкелетін алғышарттарды байқау қиын емес. Бұл бағытта, еліміздің бағына орай, діни толеранттылық пен өзара ынтымақтастық құндылықтары алдыңғы қатардан орын алады. Әлемдік діндер мен конфессияларының жиынын жиі өткізіп, өзара сыйластық, конструктивті диалогтар орнатуымыз, біз үшін бейбітшілік пен тыныштықты сақтау идеяларын жаңғырту өзекті екенін тағы да аңғартады. Жетпіс пайыздан астам мұсылманы бар Қазақстан үшін, сөзсіз кез-келген Қасиетті кітапты өртеп қорлау - әрбір адамның діни-сенімін қорлаумен тең деп қатаң айыптайды.

Осы бағытта,  Президент Қ.Тоқаевтың пікірінше, «жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс» деуі де осыдан.

                                                                                                                Мақсат ЖАҚАУ

Все новости