00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Президенттің Жолдауда берген тапсырмалары қалай орындалып жатыр

01.04.2023 | 00:13
Елорда ақпарат
106

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметіне кіріскен сәттен бастап көптеген маңызды істі қолға алып, реформа жүргізе бастады. Ел тұрғындары оның жемісін қазірден бастап көруде. Президенттің 2022 жылдың 16 наурызында халыққа арнаған Жолдауында берген тапсырмалары орындалып жатыр, деп жазады Elorda.info.

Ақорданың баспасөз қызметі бірқатарын бүгін жариялады.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев сол Жолдауында Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасқанын, дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болғанын, алайда, біз бір орында тұрмағанымызды, қоғам да, еліміз де өзгеріп жатқанын айтқан еді. Сондай-ақ Президент саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс екенін еске салды.

Рас, халықтың көп бөлігінің осы суперпрезиденттік басқару тәсіліне көңілі бұрыннан толмайтын. Қоғам қайреткерлері, саясаттанушылар, журналистер де талай айтып, жазып та жүрді. Президент бұған өз Жолдауында арнайы тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының партия төрағасы болуын құптамайтынын айтып, одан бас тартатынын мәлімдеді.  

...Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.

Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. 

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн, - деген болатын Тоқаев.

Осы орайда Тоқаев өз Жолдауында халықтың көңіліндегі тағы бір мәселеге де тоқталып, Президенттің туған-туыстарының мемлекеттік қызметші болуға, квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуіне тыйым салатынын айтқан-ды.

...Қай елде болса да, тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.  

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын, - деген еді Тоқаев.

Осы орайда былтыр 8 маусымда тиісті заң қабылданды.

Енді 43-баптың 3-тармағы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс. Сондай-ақ енді Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттар үшін императивті мандат енгізе отырып, азаматтарға сайлану мүмкіндігін беретін аралас сайлау жүйесіне көшу: Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутаттардың 30 пайызы - мажоритарлық жүйе бойынша, 70 пайызы - партиялық тізімдер бойынша да сайлануы туралы тапсырма берген болатын.

Әйтпесе, шынымен де сайлауға салғырт қарайтындар қатары арта түскен еді.  

...Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да  сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір  жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде  барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.       

Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде  сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады, - деген еді Президент.

Осыған байланысты 2022 жылы 8 маусымда тиісті заң қабылданып, ел басшысының тапсырмасы орындалды.

50-баптың 3-тармағына сай Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұратын болды.

Сонымен қатар Президенттің Парламент Сенатындағы президенттік квотаны 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарту, Сенаттағы президенттік квота бойынша тағайындалатын 10 депутаттың 5-еуінің кандидатурасын Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсыну құқығын айқындауды тапсырды.  

...Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады, - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Енді заңдағы 50-баптың 2-тармағы бойынша Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде 5 депутатты ҚХА ұсынысы бойынша Президент тағайындайтын болды.

Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселелерінің тек бір парасы ғана. Президент тапсырмасымен құқық қорғау, сот, білім, денсаулық, БАҚ, т.б. салалар бойынша реформалау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып, ел ішінде оң өзгерістерге үлкен серпін беріп отырғаны ақиқат. Ендеше шын мәніндегі жаңа да әділетті Қазақстаннан елдің күтер үміті мол.

Все новости