00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтарында оқу-жаттығу жиыны өтті (ФОТО)

31.03.2023 | 17:24
Елорда ақпарат
85

Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында «Бекет-2022» ведомствоаралық оқу-жаттығуы өтті. Онда Қарулы күштер бөлімшелерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл элементтері пысықталды, деп хабарлады Elorda.info

Іс-шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомствоаралық үйлестіру және күштік құрылымдардың жедел үйлесімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын негізге ала отырып ұйымдастырылды.

Оған орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Ақпарат және қоғамдық даму, Ұлттық экономика, Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның жедел топтары қатысты.

Тактикалық-арнайы оқу-жаттығу барысында Арнайы операциялар күштерінің нұсқаушылары аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен «гибридті» қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөнінде нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізді. Одан өзге аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына енгізілген әскери міндеттілермен стратегиялық объектілерді күзету және қорғау жөніндегі іс-шаралар пысықталды.

Облыстардың медициналық мекемелері алғашқы дәрігерлік көмек беретін жасақтың элементтерінің бірін іс жүзінде көрсетуді ұйымдастырды. Азаматтық қорғаныс бойынша іс-шаралар шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің тиісті құрылымдары зардап шеккен халық пен босқындар үшін лагерьлер ашты. Оқу-жаттығу барысында Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және аумақтық қорғаныс бөлімшелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік шекараны күзетуді күшейту жаттығуларын пысықтады.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жұмылдыру тапсырысын орындау және экономиканы соғыс уақыты жағдайындағы жұмысқа ауыстыруға қатысты облыстар ұйымдарының мүмкіндіктері де зерделенді.

«Бекет-2022» ведомствоаралық оқу-жаттығуы дағдарыстық жағдайлар мен әскери қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлер кезде әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың бірлескен іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеуге бағытталып отыр. Өткізілген шаралар кешенінің қорытындысы бойынша оқу-жаттығудың жедел штабының басшылығы тәжірибеге ұсынымдар әзірледі. Осындай оқу-жаттығулар жыл сайын Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізілетін болады.

Все новости