00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Медицина қызметкерлерінің жұмысы тұрғындар денсаулығымен бағаланады – Тимур Мұратов

27.07.2023 | 05:30
119
фото: gov.kz

Шыны керек, медицина саласы қоғам тарапынан ең көп сын айтылатын саланың бірі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, медициналық білім, дәрі-дәрмек сапасы, мамандар тапшылығы мәселесі  қашан да қоғам назарында. Алайда аталмыш саладағы үлкен жетістіктер бүгінде жоғары медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өту керек. Бір елорданың өзінде 25 жылда медициналық ұйымдардың саны 8,3 есеге өсіп, туу көрсеткіші 2,1 есеге артты. Астаналық медициналық ұйымдарда жастар денсаулық орталықтары ашылып, материалдық-техникалық жарақтандыру 95 пайызды құрады. Бүгінде қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының алдында қандай басым міндеттер тұр? Елорданың денсаулық сақтау саласы қалай дамып жатыр? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Elorda.info тілшісі Басқарма басшысы Тимур Мұратовпен сұхбаттасқан еді. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ең бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Одан бөлек «Салауатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру жалғасуда. Қолданыстағы ережелерге сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіп, цифрландыру жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін үнемі арттыру да - басқарманың басты міндеттерінің бірі. 

- Тимур Мұратұлы, елорда халқының саны артқан сайын ауруханаларда төсек-орын тапшылығы туындап, дәрігерлерге жүк түсетіні белгілі. Осыған орай алдағы уақытта елордада қанша медициналық нысан салынады?

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ең бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Одан бөлек елордада «Салауатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру жалғасуда. Қолданыстағы ережелерге сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіп, цифрландыру жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін үнемі арттыру да - басқарманың басты міндеттерінің бірі. Бүгінгі таңда елордалық денсаулық сақтау ұйымдарының желісінде Басқармаға қарасты 33 ведомстволық бағынысты ұйым бар. Оның ішінде 16 МСАК ұйымы, 4,3 мыңнан астам төсек-орындық 11 стационар, Жедел жәрдем станциясы және 5 өзге ұйым жұмыс істейді. МСАК ұйымдарында 1,4 млннан астам тұрғын медициналық қызмет алады. Сондай-ақ елордада 2 мыңнан астам төсек-орынға арналған 7 республикалық және ведомстволық аурухана қызмет көрсетеді. Төсек-орын тапшылығы мен елорда халқының өсуін ескере отырып, 2023-2025 жылдарға арналған 18 нысанды салу және реконструкциялау жоспарланған. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 5 нысан салынады. Мемлекеттік және жеке сектордың серіктестігі шеңберінде тағы 7 нысан салу жоспарға алынды. Қазіргі уақытта Нұрлы Жол теміржол вокзалы ауданында және Ш.Бейсекова көшесі бойында ауысымына 250 мәрте қызмет көрсетуге арналған 2 амбулаторлық-емханалық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Ал дәл осындай 5 нысан бойынша жер учаскелерін бөлу рәсімі жүргізіліп жатыр.

WhatsApp Image 2023-07-27 at 10.34.22.jpeg

- Астанада отбасылық-дәрігерлік амбулатория жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?

Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті халыққа жақындату мақсатында 2018-2022 жылдар аралығында 20 минуттық қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ететін 50 «Үй жанындағы дәрігер» нысандары ашылды. Оның ішінде 390 мыңнан астам халықты қамтитын 43 нысан жеке инвестициялар көмегімен өз жұмысын бастады. Оның 7-і қаланың шетінде орналасқан. Биыл тағы да 6 нысан іске қосылды. Сонымен қатар тамыз айында тағы бір осындай жеке отбасылық амбулатория қолданысқа берілетін болады. 

- Елордада медицина саласында қызметкерлер саны 12 мыңға жуық адамды құрап отыр екен. Бүгінде қала бойынша қанша дәрігер жетіспейді?

Иә, сіз айтып отырған цифраның арасында дәрігерлер – 3,5 мыңға жуық, орта медицина қызметкерлері – 6 мыңнан астам және кіші медицина қызметкерлері – 2 мыңнан астам маман бар. Дегенмен, өзіңіз сұрап отырғандай қалада медициналық кадрлардың тапшылығы бар. Бүгінгі таңда бізде басқармаға қарасты мекемелерде 230-дан аста маманның орны бос тұр. 

WhatsApp Image 2023-07-27 at 10.34.20.jpeg

- Тимур Мұратұлы, өз сөзіңізде басқарма 2023-2026 жылдарға жас маман даярлау үшін 131 грант бөлу туралы өтінім бергенін айтқан едіңіз. Бүгінде елордаға медицина мамандарын тарту үшін басқа қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Жалпы елордада жұмыс істеуге ықпал ететін негізгі факторлардың бірі - тұрғын үй мәселесі. Астана қаласының әкімдігі жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар үшін «Шаңырақ» бағдарламаларын іске асырып жатыр. Елорда жастарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің қосымша құралы ретінде «Елорда жастары» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бекітілді. 

Сондай-ақ, білікті кадрларды тарту мақсатында әкімдік медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қабылдануда. Мысалы, тұрғын үйді жалға алудың ішінара төлемі және екі базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде бонустық төлем және қоғамдық көлікте жол жүру үшін карталарын беру мәселелері қарастырылып жатыр.

- Астанада денсаулық сақтау саласын заманауи технологияға көшіру оның ішінде цифрландыру бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Денсаулық саласын цифрландыру - басқарманың алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда әрбір тұрғынға электрондық денсаулық паспорты жасалды. Цифрландыру процестері емханалардағы кезекті 2 есеге қысқартуға, дәрігерлерді қағазбастылықтан босатуға және пациенттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бірқатар қызметті алу үшін мобильді қосымшалар әзірленді. Мысалы дәрігерге жазылу немесе үйге шақыру қызметтері қосымша арқылы қолжетімді. Бұл қосымшаны 18-50 жастағы тұрғындардың 48,6 пайызы белсенді қолданады. Зертханалық нәтиже, электрондық рецепт, аурухана парақтарын беру электрондық форматта жүргізіледі және пациенттің жеке кабинетінде қолжетімді. Электрондық кезек жүйесінің бизнес-процестерін әзірлеу және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру шеңберінде 3 қалалық емханада ақылды электрондық кезекті басқару жүйесі бойынша жоба енгізілді. Бұл жоба пациенттер ағынын басқаруды оңтайландыруға, шағымдарды азайтуға, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде PACS жүйесі («Kometa Damumed» ЖШС, «Barys Systems» компаниясы, «Forus Data» ЖШС, «АҚГҮН» ЛТД (компьютерлік бағдарламалау және коммерциялық фирма) Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ведомстволық бағынысты 28 медициналық ұйымда енгізілді.

WhatsApp Image 2023-07-27 at 10.23.04.jpeg

- Астанада күрделі ота жасау үшін медициналық  жабдықтар  қаншалықты жеткілікті? 

Елорда ауруханаларында енгізілген диагностика және емдеу әдістері жыл сайын жаңарып келеді. 2022 жылы асқазан қатерлі ісігіне арналған лапароскопиялық гастрэктомия енгізілді. Онкологиялық орталықта бөлімшелердің ғылыми қызметін үйлестіру және жаңа технологияларды енгізу мақсатында ғылым және инновациялық технологиялар бөлімі құрылды. Бүгінгі таңда елордада материалдық-техникалық жарақтандыру 95 пайызды құрайды. Осы жерде айта кетейін Бас шаһарда биыл ересектерге 211 жоғары технологиялық күрделі ота жасалды. Ересектерден бөлек балаларға жоғары технологиялық оталар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында жасалады. Кохлеарлық имплантация - дыбыстарды қабылдайтын және оларды естуге мүмкіндік беретін ішкі құлаққа бағытталған электрлік импульстарға айналдыратын арнайы электронды құрылғыны («кохлеарлық имплант») орнату операциясы. Еліміз бойынша бұл ота Алматы мен  Астана қалаларында ғана жасалады. №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында жылына 100-ге жуық ота жасалады. Орташа алғанда, пациенттердің жасы негізінен 2 - ден 5 жасқа дейін. Операциядан кейін балалар біздің клиникада немесе республикалық орталықтарда оңалтудан өтеді.

- Биыл елорданың денсаулық сақтау жүйесіне 25 жыл толды. Осы аралықта сала мамандары арқасында жеткен жетістіктерге тоқталып өтсеңіз.

Елордада 25 жылда сәби туу кезіндегі өмір сүру ұзақтығы 11 жылға артты. Астаналықтардың саны 4,5 есе өсіп, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 2,5 есе төмендеді. Соңғы 5 жылда жарақаттардан, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім саны 16,7 пайызға азайды. Жыл басынан бері 60 мыңнан  аса ота жасалып, 136 мың науқас емделді. Одан бөлек биыл дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген пациенттердің саны шамамен 100 мың адамды құрады. Одан бөлек қалада ана өлімінің көрсеткіші 1,8 есе, сәбидің шетінеп кетуі 2,5 есе төмендеді. Медициналық ұйымдардың саны 8,3 есе артып, барлығы 314-ке жетті. Туберкулезден болатын өлім 13,1 есе, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 3 есе төмендеді. 

Елімізде алғаш рет елордада жедел коронарлық синдром кезінде шұғыл көмек көрсету жүйесі енгізілді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 44 медициналық ұйымда мектеп медицинасы енгізілді. Денсаулық сақтаудың амбулаториялық-емханалық көмекті дамыту есебінен 1-3 санаттағы жедел медициналық жәрдемнің келу уақыты 10 минутқа дейін қысқарды.

- Сұхбатыңызға рақмет! 

Все новости