00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Елордалық дәрігерлер пациенттерге өте сирек кездесетін ота жасады

31.07.2023 | 06:00
112

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов пен ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов елордадағы №9, №10 қалалық емханаларда және «CITY» емханасы» ЖШС болып, медицина ұйымдарының жұмыстарымен танысты, деп хабарлады Elorda.info.  

ӘМСҚ елорда филиалының медициналық қызмет жеткізушілерінің бірі - «CITY» емханасы» жекеменшік клиникасының мүмкіндіктерімен таныстырған бас дәрігер Қанат Дүйсенбаев клиникада өте сирек кездесетін ерекше оталар жасалатынын айтты.

City клиникасында МӘМС бойынша оталарды биылғы 16 мамырдан бастап жасай бастадық, осы уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін МӘМС жүйесі бойынша аяқтың артериялық қан ағымын қалпына келтіру бойынша 10 ота жасадық, - деді тәулік бойғы стационар және оперблок меңгерушісі Ғалия Әбежанова.

МӘМС жүйесі бойынша CITY емханасы жағдайында тегін ем алған алғашқы пациент ұзақ уақыттан бері атеросклероздан зардап шеккен 82 жастағы ер адам болды. Оның аяғының тамырлары толығымен бітеліп, соның салдарынан аяғында қатты ауырсыну тудыратын трофикалық жаралар пайда болған. Ауырсыну тоқтамайды, тіпті ауырсынуды басатын дәрілер де әсер етпей қалған. 

Қарт жасына, аурудың асқынып кеткендігіне, науқастың қосалқы патологияларына қарамастан, дәрігерлер жергілікті анестезия арқылы ота жасауға шешім қабылдады. Тіндерді мейлінше жарақаттамай, шағын тіліктер арқылы дәрігерлер аяқ тамырларынан қан жүруін қалпына келтірді, нәтижесінде қысқа уақыт ішінде трофикалық жаралар толық жазылды, осылайша науқастың аяғын кесуден (ампутация) сақтап қалды, мүгедектікке жеткізбеді. 

Әкемнің ауырғанына 20 жылдан асты. Бұрын дәрігерлер көптеген дәрі-дәрмектер тағайындайтын, солардың арқасында ауырсынуды басуға болатын. Бірақ соңғы бірнеше жылда дәрілер әсер етпейтін болды, ауырсыну басылмай, әкем ұйқыдан қалды. Бірнеше тексерулер мен консультациялардан кейін біз CITY емханасына бардық. КТ зерттеуін жүргізу кезінде ангиохирург А.Парманов әкемнің аурудан зардап шегуінің себебі неде екенін көрсетіп, түсіндірді. Бұл кезде аяғы қарайып кеткен еді, дәрігер «бізде енді уақыт жоқ, аяқты құтқару керек» деді. Ауруханаға жатқызғаннан кейін дәрігерлер әкемізге МӘМС бойынша тегін операция жасады. Қазір әкеміз өзін жақсы сезінеді. CITY емханасының дәрігерлеріне үлкен рахмет! - деп пациенттің балалары өз алғыстарын білдірді.

Мұндай ота қан тамырлары тәжірибесінде өте сирек жасалады. Бұл өз кезегінде елордада қан тамырлары хирургиясы әдістерінің одан әрі дамуына, қазіргі заманғы әлемдік деңгейде хирургиялық көмектің прогрессивті әдістерін игеруге және енгізуге сенімділік береді.

Сондай-ақ, CITY емханасының ангиохирург-дәрігері 76 және 85 жастағы науқастарға да осыған ұқсас ота жасады. Бұл оталар да Медициналық сақтандыру қоры есебінен жүргізілді.

Оталар жергілікті анестезия арқылы жасалды. Операцияның мәні: пациенттің қан ағымын қалпына келтіру үшін оның өз күретамыры қолданылады, ол дайындалғаннан кейін артерияларға тігіледі, нәтижесінде күретамыр шунт қызметін атқарады, содан кейін ол артерияланады және қоршаған тіндер мен ағзаларды қанмен қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда күретамырды толығымен оқшаулаудың қажеті жоқ, өйткені бұл отаның классикалық түрінде жасалады. 

Сондай-ақ, әрқашан күретамырлық шунттың ұзындығы жеткіліксіз болу қаупі бар, бірақ аталған әдіс кезінде алаңдамауға болады, себебі күретамырды кез келген деңгейде артерияға жақындатып тігуге болады. Бұл пациенттің өз тамырлары болғандықтан, шунттың қайта бітелу немесе тромбоз болу қаупі аз, - деп түсіндірді ангиохирург Айдар Парманов.

Операциядан кейінгі кезеңде барлық пациенттерге КТ бақылау зерттеуі жүргізіледі, онда шунттың өткізгіштігі мен жұмысы бағаланады. Барлық науқастар үйлеріне шығарылды. Қазіргі күні трофикалық жаралары жазылған пациенттер өз аяқтарымен жүре алады.

Все новости