00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Ұландықтар арасында футболдан біріншілік өтті

08.06.2024 | 11:05
Сабина Кәкімжан
111
Ұландықтар арасында футболдан біріншілік өтті
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Астанада Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының командалары арасында шағын футболдан турнир өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бас қолбасшылықтың спорт залында өткен турнирге басқармалардың, бөлімдердің, қызметтердің 16 құрама командасы, сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінің командасы қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты — әскери ұжымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, әскери қызметшілердің кәсіби дағдылары мен жауынгерлік дайындығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ шағын футболды дамыту болды.

Турнирдің ашылуында Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов жарыстың ерекшеліктері мен ережелері туралы айтып, барлық командаларға сәттілік тіледі.

Спорт иммунитетімізді күшейтуге көмектесіп қана қоймай, адамдарды біріктіреді. Бүгін біз қызықты ойыннан ләззат алу, дағдыларымызды көрсету және бір-бірімізге қолдау білдіру үшін жиналдық. Ойынның нәтижесі қандай болса да, соңында достық жеңетінін әрдайым есте ұстаған жөн. Сіздерге тартысты ойын, сәттілік және жақсы көңіл-күй тілеймін! Бұл турнир бәріміз үшін - спорт пен шеберлік мерекесі болсын, - деді әскердің бас тәрбиешісі.

Додада әскери қызметшілер жақсы командалық ойын мен жоғары дайындықтарын көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша Жауынгерлік дайындық бас басқармасының командасы мен Әскери қызмет әскерлері және қауіпсіздік қызметі басқармасы жеңіске жетті. Құрама командаға Кубок пен естелік грамоталар табыс етілді. Екінші орынға Әскери-медициналық басқарма мен әскери-дәрігерлік комиссия ие болды. Құрметті үшінші орынды Әскерді басқару орталығының командасы иеленді.

Сондай-ақ қатысушылар арасында: «Үздік ойыншы» номинациясында –Артиллерия және әуе қорғанысы бөлімшелерінің жауынгерлік қолдану бөлімінің бастығы подполковник Данияр Айтқожаев, «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясында – Ұлттық қорғаныс университеті Ұлттық ұлан факультетінің Ұлттық ұландағы жедел өнер және тактика кафедрасының оқытушысы полковник Бауыржан Қабылбеков, «Үздік қорғаушы» номинациясында – Әскери-медициналық басқарма қызметшісі Саябек Септегенов, ал «Үздік қақпашы» номинациясында Әскерді басқару орталығының жедел кезекшісі – подполковник Ержан Малғаждаров атанды.

Жүлделі орындарға ие болған қатысушыларды Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан Бас қолбасшының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов медальдармен, грамоталармен және кубокпен марапаттады.

Все новости