00:00
Астана -10oC
USD:
472.57
EUR:
508.34
RUB:
5.4
Поиск

Елордада «Күнге бет алған керуен» жинағының таныстырылымы өтті

05.06.2024 | 17:48
Сабина Кәкімжан
100
Елордада «Күнге бет алған керуен» жыр жинағының таныстырылымы өтті
Фото: Сұлтан Сейітов

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Күнге бет алған керуен» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті баспа ісі басқармасының басшысы Алмас Әмірбекұлы комитет төрағасы Рустам Әлидің құттықтау хатын жеткізіп, «Күнге бет алған керуен» кітабының еліміздегі кітап саласын қолдауға арналған «қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында жарық көргенін атап өтті. Осыдан соң іс-шараға жиналған қаламгерлер мен әдебиетшілер қаламгердің жазу шеберлігі мен тіл қолданудағы ерекшелігіне тоқталып, Әділбек шығарарларының әр қырынан сөз қозғады.

Әділбек Ыбырайымұлы сөз өнерінің қос арнасына құлаш сермеген қаламгер. Бұған дейін бір трилогия («Семсер жүзіндегі серт»), 2 роман, 4 проза кітабын оқырманға ұсынған қаламгердің бұл 7-ші жыр жинағы. Автордың соңғы 7-8 жылда жазған өлеңдері енгізілген жинақ «Ақ нөсер», «Сал күрең», «Шілтер», «Ұлы жіңгір боз дала», «Мамырстан», «Сұлу шәрі», «Нигерия көз жасы» сияқты он бөлімнен тұрады. Жинақтың төртінші бөлімінде «Бейбіт күнгі боздақ» деген поэма берілген. Дастан – кеңес дәуіріндегі большевизмнің арам пиғылынан тұтанған трагедияға толы Ауған соғысын тартымды жырлайды.

Қазақта қара сөз бен өлеңді қатар алып жүрген қаламгерлер аз емес. Мәселен, халқымыздың жүрегінен ақын ретінде орын алған жыр құлагері Ілияс Жансүгіров пен қазақ поэзиясының түпсіз мұхиты Жұмекен Нәжімеденов өлең жазумен қатар, прозалық шығармалар да жазған. Мен де сол ағалардың жолын қудым, ұстаз тұттым. Өз әлімше прозалық, поэзиялық шығармалар жазып еңбектеніп келемін. Әрине, 30 жылға жуық әкімшілік қызметте жүріп, уақыт шыға қалса әдеби шығармалар жазып жүрген мені әдеби орта көп тани бермейді. Мен де азамат ретінде халқымның мұң-мұқтажын, арман-тілегін жырлап жүрген қаламгердің бірімін,- деді Ә.Ыбырайымұлы.  

Әділбек Ыбырайымұлы осы замандағы әлеуметтік мәселелерді тіліне тиек етіп жүрген жазушы. Автор қаламынан туған «Зауқайыр», «Ұяластар» романдары мен «Мизам көк»(әңгіме- повестер жинағы) шығармаларында еліміздің осы заманындағы өзекті мәселерді тілге тиек етіп, тәуелсіздік жылдарындағы халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, кездескен түйткілді мәселелерін көркем тілмен кестелеп көрсетеді. Ал тарихи тақырыпта  жазған «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясы мен «Абыз дала аңызы» (Повест) шығармалары да оқырмандардың оң бағасын алды. Автордың осы замандық тақырыпта жазған «Ақылға атой» романы жақында жұртпен жүздесу алдында тұр.

 

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Ақерке БАЗАРҒАЛИЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенті

 

Все новости