00:00
Астана -10oC
USD:
464.72
EUR:
496.32
RUB:
5.4
Поиск

«Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын»: Сенатор вице-премьерге сауал жолдады

01.02.2024 | 09:48
83
фото: ашық дереккөз

Жоғарғы палата депутаты Үкімет басшысының орынбасарына жолдаған сауалында ауылдағы мәдени өмір сапасын жақсарту мәселесін көтерді. Ол, тіпті мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын?!,- деген сұрақты төтесінен қойды. 

Біз ауылды алтын бесікке, мәдениетіміздің мәйегіне, ұлт руханиятының өзегіне теңейміз. Ал ауылдың мәдени өмірі жұтаң тартып бара жатқан жоқ па?

Құбылған заманда құбыладан жаңылмас үшін құндылықтар қажет екені белгілі. Біз «вандализм көбейді, қатігездік артты, аялдаманы қирататын, жедел жәрдем жүргізушісін ұратын жүгенсіздік қайдан шықты, мәдениетіміз неге төмендеді?» деген сұрақты жиі қоямыз. Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын?! Бұл ретте елді мекендердегі, әсіресе шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйі, техникалық базасы сын көтермейтіні жасырын емес. Олардың басым көпшілігі 90-шы жылдары жекешеленіп кетті. Қазір жұмыс істеп тұрған 2035 мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауыл клубының 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбірі тозығы жетсе, енді бірі апаттық жағдайда тұр. Мәселен, біз жұртшылықпен кездескен Түркістан облысында 625 елді мекенде мәдениет үйі жоқ. Мұндай мысалды әр өңірден келтіруге болады. 

«Адамды адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш Кекілбаев. Елімізде 3 891 кітапхана болса, оның 79% ауылдық жерлерде екен. Алайда ауыл кітапханаларының көпшілігі (60%-тен астамы) ескірген. Айталық біз барған Сайрам ауданының орталық кітапханасы 1968 жылы салынған. Кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нормативтік талаптарға сай емес. Жалақасы төмен болғандықтан, маман тұрақтамайды. Көптеген кітапханаларды кезінде мектептерге қосып жібергені белгілі. Қарапайым тұрғындар оны пайдалана алмайды. Мәдениетке көбіне «қалдық принципімен» қарайтын жергілікті атқарушы органдар бөлетін мардымсыз қаржы кітап қорын толықтыруға жетпейді. Мың данамен шыққан кітап кітапханаларға қайдан жетсін? Әсіресе көркем әдебиет жетіспейді. Көркем ниет – өркениет өзегі десек, ол көркем әдебиет оқу арқылы қалыптасады.,- дейді сенаторлар. 

Сенатор ауыл жастарының көпшілігі бос уақыттарын өткізетін арнайы орындар жоқтығынан, әлеуметтік желіге телмірумен өткізетінін айтты. 

Ауыл спорты туралы айту тіпті қиын. 2 270 елді мекенде (47%) спорттық нысан жоқ. Ауыл тұрғындары мектеп спорт залдарын пайдалана алмайды. 

Мектеп бітірген ауыл жастары мен тұрғындары демалыстарын тиімді өткізетін, өздерін дамытатын мәдени ошақтар аз, шығармашалықпен айналысуға домбыра, қолөнер сияқты қарапайым үйірмелер жетіспейді. Ауылда мәдени инфрақұрылым болмай, креативті индустриянының дамуы қиын. Арадағы мәдени алшақтық ұлғайғандықтан, ауылдан қалаға ағылған жастар қатары артып келеді. Олардың қалаға жақсы жұмыспен бірге, жайлы тұрмыс, мәдени орта іздеп келетіні анық. Жүйесіз урбанизация мәдени иммунитеті төмен маргинал жастардың қатарын көбейтеді. Кітапханасы тозған, бас қосатын мәдениет үйі ескірген, кино көруге, концерт тамашалауға, спортпен айналысуға жағдайы жоқ ауыл жастары мен тұрғындар сонда немен айналысады? «Қазақстан жастары» мекемесінің зерттеуіне сүйенсек, елімізде жастардың көпшілігі бос уақытын әлеуметтік желіде (74,3%) және интернетте онлайн фильмдер қараумен (63,6%) өткізеді, - дейді халық қалаулылары.

Сонымен қатар, Жоғарғы палата депутаты ауыл жастарының жұмыспен қамтылып, әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып келе жатқанына тоқтала келе, ауылдағы мәдени өмірдің сапасын жақсарту деңгейіне көңіл бөлуді сұрады. 

Әрине, бұл – жылдар бойы қордаланған мәселе. Президенттің жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығы ауылды дамыту жөнінде болды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан істер аз емес. 2021 жылдан бері кітапхана қызметкерлерінің жалақасы артып келеді. Жастарды жұмыспен қамту үшін қаржы бөлінуде. Ал ауылдағы мәдени өмірдің сапасын жақсартуға қашан басымдық беріледі? Әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып, жаңа мектептер салынып жатқанда, ауыл тұрғындары өздерін жайлы сезінуі үшін мәдениет ошақтарын да жаңалау шарт. Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы тиіс!

Мемлекет басшысы ұлттық Құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды армандайтынын айтқан еді. Соған сәйкес ауыл кітапханалары салына ма? Жалпы ауылдың мәдени өмірін дамытуға арнайы бағдарлама бар ма?,- делінген депутат сауалында. 

Все новости