00:00
Астана -10oC
USD:
464.72
EUR:
496.32
RUB:
5.4
Поиск

«Көкемнің атын көшеге, атамның атын ауылға қоямын» дейтіндерге Президент тосқауыл қойды – тарихшы

01.04.2023 | 00:17
Аяулым Алтынбек
110

Мемлекет басшысы күні кеше ғана әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген кеңесі барысында белгілі адамдарға ескерткіш ашудың сәнге айналып кеткенін айтты. Осыған қатысты Астана қалалық Ономастика комиссиясының мүшесі, Мемлекет тарихы институты директорының міндетін атқарушы, тарихшы, профессор, ғалым Бүркітбай Аяған пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info.

Оның айтуынша, соңғы уақытта «Көкемнің атын көшеге, атамның атын ауылға қоямын» дейтіндер көбейіп кеткен. Кешегі жиын барысында Президент соларға тосқауыл қойды.

Бұл мәселе көптен бері көтеріліп жүр еді. Мемлекет басшысы кеше сол түйткілді мәселенің түйінін шешіп, әдемі нүктесін қойды. Қоғамның даму тұрғысынан алғанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы – өте құптарлық шешім.

Соңғы уақытта әркім өз аталарын, бабаларын, батырларын түрлі аңызға қосып, оларға көше беруді талап ету жағдайларын жиі көріп жүрміз. Ономастикалық комиссия мүшесі ретінде де байқадым. Мұндай жағдайлар белең алып кетті. Тіпті соңында топ-топ болып жүреді. Мәселен, кейбіреулер Тұғырыл деген XIII ғасырдағы моңғол даласының билеушісі туралы деректер тауып алыпты. Тұғырыл хан – Шыңғыс ханның уәкіл әкесі. Ақыры екеуі араздасып бірін-бірі қырған. Соны Астанаға дейін әкеліп: «Неге көше бермейсіздер?»  деп шулап жүр. Мұндай жағдайлар еліміздің әр жерінде бар екені белгілі. Бұл халқымызды бірлікке емес, араздыққа әкелуі мүмкін. Көше беру үшін талас басталады. Бір атаның баласы мен екінші атаның ұрпағы арасында ұрыс-керіс, дау-дамайлар болған жағдайлар да кездесіп жатыр. Бұл - халқымызды артқа тартады, - деп атап өтті тарихшы.

Бүркітбай Аяғанның айтуынша, көше атауын беріп, ескерткіш орнату –  аталарымыз бен көкелерімізді ұлықтау құралына айналып кетті. Бұл үрдіс жалғаса берсе, тарих тамырынан ажырап қалуымыз бек мүмкін.

Кеңес дәуірінде әкесі совхоз директоры, аудан басшысы, облыс басшысы, Ортком хатшысы болған деп жазып алып келіп, атына көше беруді сұрайтындар көп. Олар, тіпті, әкелерін ұлттық деңгейге дейін көтергісі келеді.  Жұмабек Тәшенев сияқты көзге түскен қайраткерлер болса бір жөн. Осылайша, ел өміріне еңбегі сіңбеген аталарының құрметіне атау беру жалғаса берсе, науқаншылдыққа айналып, адамның құнын да, абырой-атағын да төмендетіп аламыз.

Республикалық деңгейдегі болсын, облыстық деңгейдегі болсын ономастикалық комиссия мүшелері критерийлерді дұрыстап бекітіп алғандары дұрыс. Көшеге атау беріп, ескерткіш қоярда нақты ереже мен тәртіп болғаны жөн, - дейді Бүркітбай Аяған.

Тарихшы сондай-ақ атасына ескерткіш қоятын азаматтар тарих беттерін ақтарып, сол кісі жайлы толығырақ зерттеп алса екен дейді.

Сталин заманында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға ғана емес, кейінгі 80-90-жылдары түрлі саяси оқиғаларға қатысқан адамдарға да атақ, ескерткіш сұраушылар көбейіп жүр. Мен – мұрағатта көп отыратын адаммын. Құпия құжаттарды оқып отырғанда, талай азаматтың аттары жақсы жағынан шықпай жатады. Сондықтан атасына көше атауын беріп, ескерткіш орнату мәселесін көтерер кезде ұрпағы басқа ақпарат шығып кетпей ме деп ойлануы керек. Әрине, өлген адамды, аруақты қозғаудың қажеті жоқ. Оны саясиландырып, оған көше, ескерткіш сұрау жараспас деген ойдамын.

Тарих беттерінде аттары қалған тұлғалардың орны ерекше.  Мысалы, Абылай, Әбілқайыр хандар, Төле би және т.б. Олардың аттары өшпеуі керек. 30-40 жылдардағы саяси қайраткерлер С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов сияқты тұлғаларды жамандау, ал Алаш қайраткерлерін мақтап, біржақты пікір ұстану дұрыс емес. Бұл қайраткерлер екі саяси платформада тұрғанымен, олардың арманы – қазақтың тәуелсіз ел болуы. «Анау – қара, мынау – ақ» деген бұрынғы идеологиямен жүрсек, халықты екіге бөлеміз. Бұл – дұрыс емес. Олар – заман ағымына сай өмір сүргенімен, ел тәуелсіздігі үшін күрескен азаматтар. Олардың барлығының арман-мақсаты – бір, бірақ оған жету жолы әртүрлі болды. Халықты бөлетін іс-әрекетті қою керек,- деп сөзін түйіндеді Бүркітбай Аяған.

Аяулым АЛТЫНБЕК

Все новости