00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Отбасының цифрлық картасы: 249 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді

02.10.2023 | 05:00
50
Фото: ашық дереккөз

Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде 1 қаңтардан бастап 651 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 249 мыңнан астам адам пайдаланды, деп хабарлады Elorda.info.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 64,6 мыңнан астам жұмыссыз азамат жұмыс іздеу мүмкіндіктері туралы, тегін оқудан өту және жұмыспен қамту саласындағы басқа да мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алған.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінгі таңда онда Қазақстанның 19,8 млн-нан астам азаматы немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем, - делінген министрлік ақпаратында.

Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет.

Барлық жаңалықтар