00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Блогерлердің әрекетіне құқықтық талдау мен жауапкершілік қарастырылуы керек – саясаттанушы

03.05.2023 | 17:30
68
фото: ашық дереккөз

Бүгін Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының депутаттары Қазақстандағы блогерлерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.  Депутат Анас Баққожаев сауалын Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады. Саясаттанушы Мақсат Жақау да блогерлердің заң жобасында арнайы құзыреті мен жауапкершілігі болуы керек деп есептейді, деп хабарлады Elorda.info.

Меніңше, қазіргі таңда қоғамдық пікірге ерекше әсер ететін блогерлердің «Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) туралы» заң жобасында арнайы құзыреттері мен жауапкершіліктерін қарастыру мәселесі орынды. Әрине, егер мыңдаған, миллиондаған жазылушысы бар блогерлер негізсіз мәліметтерді жерден жеті қоян тапқандай жариялай беретін болса немесе еліміздің кез келген азаматының үстінен жеке басына қатысты ақпаратты таратып, қоғамдық баға беріп, дүйім жұрттың назарын аударып жатса, әрине, оның әрекетіне құқықтық талдау мен жауапкершілік қарастырылу керек. Кейде, көрмес түйені де көрмес деп, негізсіз ақпаратты шығарып, оған үн қатушылардың түрлі пікірлерін жинап жатуы, нысанаға алынған тұлғалардың ар-абыройына, еңбегіне, отбасына үлкен соққы болып тиіп жататынын байқаймыз. Егер осы тұрғыдан қарасақ, сөзсіз, мұндай блогерлерге жауапкершілік күшеюі керек, - дейді сарапшы. 

Мақсат Жақау өз сөзінде блогер мен сарапшының мәртебесі БАҚ туралы заңнамада ерекше орын алуы керек екенін атап өтті.

Екінші мәселе, әлеуметтік желі пайда болғалы кім көрінген сарапшы, баға беруші, талдаушы болмаса да қоғамдық пікір туғызуға ықпал етуші болып алған сияқты. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс дейтін дилетанттар көбейіп алған. Не академиялық білімі жоқ, не заңгерлік-экономикалық сауаты жоқ, бір сөзбен айтқанда маманданған бағыты жоқ бола тұра, қоғамдық-саяси мәселелерге қоғам қайраткері секілді баға беруі қаншалықты мемлекеттік саясатқа, ел дамуының құндылықтарына маңызды екенін таразылау керек. Бұл жағынан еліміздің БАҚ өкілдері де ерекше мән беріп, сарапшы мен БАҚ қарым-қатынасына арнайы баптар қарастырғаны жөн, арнайы бәлкім сарапшылық орталықтарының құрылуы ескерілсе екен. Себебі әрбір БАҚ материалы терең зерттеу мен мықты сараптау жұмыстары арқылы жүреді, ал мұнда сарапшының рөлі өте үлкен. Сондықтан, әлемдік тәжірибеде БАҚ пен сарапшылық ортаның арқасында мазмұнды, дұрыс зерделенген ақпарат көздері қоғамға тарап жатады. Осы бағытта блогер мен сарапшының мәртебесі БАҚ туралы заңнамада ерекше орын алуы керек деп білемін, - деді ол.

Журналист, PhD докторы Алма Сайлауқызы инфобизнес жасайтын әр блогерде жауапкершілік болуы керек деп есептейді. 

Депутаттық сауал орынды, енді соны ақылға сай, көңілге қонымды. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды». Тарап қана қоймай, санасына әсер етіп, әрекетіне жетекші болып отыр. Он мыңдаған оқырманын адастырып, жынды, бақытсыз, қайыршы етіп жіберген «инста-блогерлер» қаншама? Оқырманы мыңдаған, миллиондаған адамды құрайтын, солармен инфобизнес жасайтын әр блогерде БАҚ құралы ретінде жауапкершілік болуы тиіс!,- дейді журналист. 

Барлық жаңалықтар