00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Волонтерлік бастамаларды қолдауға бағытталған шағын грант жобасы іске асырылып жатыр

01.04.2023 | 01:05
Елорда ақпарат
45

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Елордада еріктілер қозғалысын дамыту» тақырыбында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров брифинг өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

«Астана жастары» орталығында Волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Волонтерлік қызметті дамыту, жастар арасында насихаттаумен және оқытумен айналысады. Жас волонтерді қызметке қабылдамас бұрын ол «Еріктілер мектебінен» өтеді. Бұл волонтерлерді әртүрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайындауға мүмкіндік береді. Бағдарламада ел тарихын білу, алғашқы медициналық көмек көрсету, әртүрлі елдердің менталитетін зерттеу, жанжалдарды шешу модульдері енгізілген.

2020 жылы «Волонтер жылында» қалалық волонтерлер штабы ашылды. Штабтың қызметіне 30-дан астам волонтерлік ұйым, 20 бастамашыл топ, мемлекеттік жастар саясаты саласында қызмет етіп жүрген 8 үкіметтік емес ұйым, республикамыздың 20 медиа тұлғасы шақырылды. Волонтерлер пандемия кезінде өте көлемді жұмыс атқарды және қазір де қызметтерін абыройлы атқарып келеді, – деді спикер.

Сондай-ақ ол елордалық еріктілер Полиция, Төтенше жағдайлар, Статистика басқармаларымен бірлесіп, тұрғындарды газдандыру, жылу беру маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы, халық санағы, көктемгі су тасқыны, шомылу маусымындағы өзін-өзі ұстау ережелері туралы, қаланың қоғамдық орындарында коронавирустық инфекция кезеңінде қорғаныс шаралары, тыйым салынған заттарды сату туралы жарнамаларды бояу, жоғалған адамдарды іздеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырғанын айтты.

Басқармамен үш жыл қатарынан «Волонтерлік бастамаларды қолдауға бағытталған шағын грант» жобасы іске асырылуда. 2022 жылы 98 қатысушы арасынан топ жарған 20 жеңімпаз анықталып, оларға 350 мың теңге көлемінде шағын гранттар берілді. Бағдарламалау, курстар, турнирлар, қыш өнері, құммен сурет салу сияқты көптеген өзекті шаралар өткізілуде. Балалар үйлері, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен, аз қамтылған отбасылар қамтылуда.

Аталған жоба биыл да жүзеге асырылатын болады. 2022 жыл соңында әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер мен волонтерлік топтар мен ұйымдарды ынталандыруға бағытталған Volunteer fest фестивалі өткізілді. Жақында Наурыз мейрамына орай «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы басталды.

Акцияның мақсаты – наурыз айы бойына халықтың әлеуметтік осал топтарына қамқорлық көрсетіп, көпбалалы отбасылардан, мүмкіндігі шектеулі жандардан, зейнеткерлерден келіп түскен хаттарда жазылған өтініш-тілектерді орындау. Алғашқы болып Қасым-Жомарт Кемелұлы хатты оқып, оның иесінің тілегін орындады. Түркия және Сирия елдерінде орын алған жер сілкінісіне орай, Волонтерлік штабта сириялықтарға арналған әлеуметтік көмек жиналуда.

Волонтерлік қызметпен айналысқысы келетін әрбір адам штабқа барып, бағыт-бағдар, кеңес ала алады.

Барлық жаңалықтар