00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Елімізде «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленді

31.03.2023 | 21:45
Елорда ақпарат
47

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» заң жобасын және оның тұжырымдамасын әзірледі, деп хабарлады Elorda.info.

Заң масс-медиа саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді.

Құжатта сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiлгені назарға алынған.

Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар, масс-медиа әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

Бұл ретте масс-медиа терроризмге қарсы іс-қимылды іске асыратын мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге міндетті.

Мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизмді немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған құрылғылар, сондай-ақ қатыгездікті, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға тыйым салынады, – деп жазылған заң жобасында.

Масс-медиа қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мақсатында пайдалануға тыйым салынады.

Сондай-ақ құжатта осы Заңның мақсаты үшін бұқаралық ақпарат құралдары және бұқаралық коммуникация құралдарында насихаттау деп Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған ақпарат туралы қоғамдық оң пікірді қалыптастыру және (немесе) шектеусіз адамдар тобын құқыққа қарсы әрекет жасауға немесе әрекетсіздікке итермелеу үшін көзқарас, фактілер, дәлелдер және өзге де, оның ішінде әдейі бұрмаланған ақпаратты тарату түсінілетіні ескертілген.

Масс-медиа қызметінің негізгі қағидаттары:

  • заңдарда тыйым салынбаған кез келген тәсiлдермен еркiн ақпарат алу және тарату, сөз бен шығармашылық бостандығы құқықтарына конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз ету;
  • жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық егемендігі мен ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • жеке және заңды тұлғалардың қатысу құқықтарының теңдігі;
  • таратылатын ақпараттың заңдылығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету;
  • объективтілікті қамтамасыз ету;
  • масс-медиа саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
  • меншік нысанына қарамастан масс-медиа саласын дамытуға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді білдіретін адал бәсекелестік;
  • Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық стандарттар негізінде телерадио хабарларын тарату саласының қауіпсіздігін, сенімділігін және сапасын қамтамасыз ету;
  • отандық теле-, радиоарналарды дамыту, отандық теле-, радиобағдарламаларды жасау және трансляциялау үшін жағдай жасау;
  • телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметтің жариялылығы және ашықтығы;
  • телерадио хабарларын тарату саласында жаңаша технологияларды енгізуге жәрдемдесу;
  • өзін-өзі реттеу институттарын дамыту;
  • кәсіби және этикалық жүріп тұру нормаларын сақтау;
  • адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу;
  • ақпаратқа қол жеткізу теңдігі;
  • отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігі;
  • қоғамдық қауіпсіздік.

Заң жобасында масс-медиа мемлекеттік және басқа тілдерде таралатыны жазылған.

Құжатта масс-медиа саласындағы мемлекеттік реттеу мен уәкілетті органдардың құзыреті де қарастырылған.

Бұған қоса заң жобасында балаларды теле-, радиобағдарламаларды тарату кезінде қорғау мәселесі де көтерілген.

Ақпарат министрлігі «қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңы ескіргенін, қазіргі заманның легіне сәйкес келмейтінін және масс-медиа саласындағы қоғамдық қатынастардың қазіргі заманғы талаптарын толық қанағаттандырмайтынын ескере келе, сөз бостандығы құқығын нығайтуға және қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің жаңа қағидаттары мен кепілдіктеріне негізделген Қазақстанда осы құқықты шектеудің нақты шарттарын, ең алдымен, Интернет желісінің сегментінде қамтитын заң қабылдау қажет екенін алға» тартты.

Осыған орай жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шектеулер арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін түбегейлі жаңа схеманы бекіту ұсынылған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі негізгі реформалар журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруға және олар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Заң жобасы мен тұжырымдама 27 қаңтарға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланды.

Барлық жаңалықтар