00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Журналистика азаматтық институтқа, биліктен тәуелсіз салаға айналған жоқ

31.03.2023 | 20:11
Елорда ақпарат
63

Төлен ТІЛЕУБАЙ, журналист, публицист, Ақпарат саласының үздігі, әлеуметтік ғылымдар магистрі, «Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы, Қазақстан Журналистер одағы және «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Бір нәрсенің басын ашып алсақ. ХХІ ғасырдағы журналист деген кім? Оның блогерден басты артықшылығы неде?

«Ең бастысы, журналистің жүрегі болуы керек, ол дәрігерден де артық адамды сүйіп, танып, құрметтеуі тиіс» деп саналы ғұмырын ұлттық журналистика мен ғылымға арнаған тұлға, ұлағатты ұстазым Зарқын Тайшыбайдың айтқан сөзін қайталағым келеді. Қай заманда да журналист – қоғамның, халықтың жүрек дүрсілін тыңдай алатын ерекше мамандық иесі. Өткен ғасырда ғұмыр кешкен Алаш қайраткерлері де халықтың жүрек қағысына, зар-мұңына құлақ түріп, қазақтың бақыты үшін қара басын қатерге тігіп, аянбай күресті. Журналист – бұқараның алдында жүретін шолғыншысы, қызметшісі, қорғаушысы, ағартушысы, қайраткері. Ол ең алдымен ұлттық мұраттар мен мүдделерге жан-тәнімен қызмет етуі тиіс. Ол үшін ұлттық мінез қажет. Азат ой, ұлтшылдық ұстаным, мемлекетшіл сана бірінші кезекте тұрғанда ғана ұлттық мұраттарға қызмет етеді. Біз қазір медиа өзгерді десек те, журналистің ұлттық мұраты, қызмет ету миссиясы, ұлттық мінезі өзгермейді.

Қазіргі кезде интернетті пайдаланатын, әлеуметтік желіде отырған кез-келген адам ақпарат тарата алады. Цифрлық дәуірдегі бұқаралық коммуникация құралының бір түрі – блогосфера. Блогтардың дәстүрлі медиадан негізгі айырмашылығы – ол жерде аудиторияның өзі ақпарат дайындап, сол ақпаратты өзі таратады. Бұл жерде автор мен оқырман я болмаса көрермен бір-бірімен бірігіп кеткен. Блог жазатын адамды біз блогер деп атап жүрміз. Бірақ шынайы блог пен әлеуметтік желіде жарияланған сапасыз, сауатсыз мәтінді айыра білуіміз керек. Блогингті азаматтық журналистика деп жүрген себебіміз, мықты блогерлердің сапалы жазылған блогтары классикалық БАҚ-тармен бәсекеге түсіп, кейбір кездері басымдыққа ие болып жүргені рас. Мысалы, құқық қорғаушы, әріптесім әрі досым, Facebook-тегі 65 мыңнан астам оқырманы бар танымал блогер Жохар Өтебековтің (Джохар Утебеков) әр жазбасын (пост) ерекше ықыласпен оқып шығамын. Білікті адвокаттың әрбір жазбасында адамның тағдыры, өмірде көрген қиянаты, сот жүйесіндегі былық-шылық, әділеттілік пен озбырлықтың текетіресі, ақталған адамның шынайы бақытты сәті, күнә мен сауаптың бітіспес күресі менмұндалап тұрады. Қазақтілді блогерлерден Дина Елгезектің, Оңғар Қабденнің, Тимур Бектұрдың, Аршат Ораздың жазбаларын үнемі болмаса да, оқып отырамын. Telegram-да Kozachkov offside, Usbanov ARNASY, ORDA, ООО сияқты арналардың оқырманымын. Қазір кез келген адам әлеуметтік желілерден өзіне керекті ақпаратты оңай, тез таба алады.

Журналистің блогерден басты артықшылығы, журналист – мәдениеттің, ұлттың жеткізушісі, насихаттаушысы. Мысалы, газет-журналдар – өркениеттің өнімі десек, журналистер сол өнімді шығаратын адамдар. Кәсіби журналист ақпарат іздеудің, жинаудың, тексерудің, өңдеудің және таратудың стандарттарын біледі, оның кәсіби тұрғыдан машығы бар. Меніңше, ең басты артықшылығы – ол кәсібилігі мен адалдығы. Әр ақпаратты жедел, объективті бағалай білетін, оқиғалар мен құбылыстардың алдағы уақытта қалай өрбитінін бағамдай алатын, коммуникативтік тұрғыдан тез шешім қабылдай алатын журналистерге қай кезде де сұраныс жоғары. Журналист үшін кәсіби жауапкершілік алғашқы кезекте тұрады. Өйткені, өзі іздеп-тапқан ақпараттың шынайылығын тексереді, оны өзі көтеретін мәселеге негіздейді, сөйтіп сауатты, сапалы, көп оқылатын материал дайындайды. Ал блогер ақпараттың шынайылығын тексермей, әлеуметтік желіге жариялайды. Жарты сағаттан кейін онысын парақшасынан өшіріп тастауы мүмкін. Себебі, олардың заң алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Алайда, блогерлердің бәрінің деңгейі бірдей емес. Олардың қатарын толықтырған мықты журналистер көп. Бұл – әлемдік тренд. Танымал журналистер дәстүрлі БАҚ-тан кетіп, әлеуметтік желіден өзінің ой-пікірін еркін білдіріп жүр.  Олардың оқырмандарының саны көп. Ақиқатын айтсақ, біздің қоғамда өзінің халықшылдығымен жұрттың қолдауына ие болып, қоғамдық пікірдің туын биік көтеріп жүрген блогерлер бар. Бізге журналист пен блогерге қатысты даулы мәселелерді шешетін бұқаралық коммуникация туралы заң қабылдау керек.

Блогосфера үлкен аппараттық платформаға айналғанын мойындаймыз. Бұл бағытта жұмысын жүйелеп жатқан журналистер жоқ емес. Бар! Алайда желіде жүргізген желдірмеде кәсіби этика нормалары көп сақтала бермейді. Неге?

Журналистер халыққа ақпарат таратады. Яғни, халықтың қызметшісі деген сөз. Қазақстан Республикасы журналистерінің этикалық кодексінде: «Журналист жеке өмірді, адамдық ар-намыс пен іскерлік қасиетті құрметтеу қағидатын басшылыққа алады» деген қағидат бар. Алайда қазір интернеттегі цифрлық контентті жасаушылар кәсіби этика дегенге назар аудармайды. Оларға керегі – мол табыс, көп адамның көргені, арғы жағында арзан «сенсация» жасағаны. Мен қазір мына блогер әлеуметтік желідегі мына сұхбатында кәсіби этикаға жат қылықтар көрсетті, этикалық кодекстің мына жерін бұзды десем, өзіме жау тауып аламын. Меніңше, бұл мәселе жаңадан жазылып жатқан «БАҚ туралы» заңда тайға таңба басқандай етіп жазылып, заңды жолмен реттелуі керек.

Сіз заманауи журналистиканың бағыты туралы «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты кітап жаздыңыз. Бүгінгі дәстүрлі басылымның жайы белгілі. Ертеңі қандай болады? Қалай топшылайсыз?

Биыл 1 қыркүйектен бастап танымал «Караван» газетінің қағаз нұсқасы жабылды. Сонау 1991 жылы тамыз айынан бастап шыққан газеттің таралымы бір кездері 350 000 дана болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол 90-жылдары осы басылымның «Караван-блиц» деген күнделікті нұсқасы да шықты. Газеттің қағаздағы түрі тарих болып қалды. Себеп – қағаздың, баспа шығындарының қымбаттауы, тарату мен жаздырудағы қиыншылықтар. Биылғы 1 қыркүйектегі статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде 3715 мерзімді баспа басылым бар. Солардың көбі – жекеменшік газет-журналдардың жағдайы мәз емес. Егер жағдай өзгермесе, қағаз басылымдардың жаппай жабылып қалу қаупі бар. Қыркүйек айында «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің 30 жылдығына және «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналының 20 жылдығына арналған «Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі» атты Алматыдағы конференцияда бас қосқан еліміздегі БАҚ басшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің жолдарын ұсынды.

Қазақ баспасөзі үлкен жолайрықта тұр. Осы тақырыпты үш-төрт жыл бойы зерттеп, 250 беттік ғылыми диссертация жаздым. «Ойбай, қазақ баспасөзі құриды», «Қазақ баспасөзінің ертеңі күңгірт» деп күдер үзіп, қол қусырып қарап отыру ақымақтық. Өзімнің зерттеу еңбегімде бұл тығырықтан шығатын барлық жолдарды көрсетіп, жаздым. Соның бірі – баспа БАҚ пен цифрлық газеттің интеграциясын дамыту. Жаңа медиа бұған керемет мүмкіндіктер беріп отыр. Интеграцияланған редакциялардың медиа өнімдері бір жерге біріккенде іс оңға басады. Себебі, газеттің бетіндегі көлемді сараптаманы оқырман бірден оқуға құлықсыздық танытады. Ал сараптаманы инфографика, бейнеграфика, аудиожазбамен түрлендіріп, оған жеделдікті қоссақ, кез келген оқырманның көңілінен шығатын медиа өнім пайда болады.

Мемлекет қазақ басылымдарын қолдау тәсілдерін қайта қарайтын кез келді. Әзірше баспа басылымдарды қолдаудың екі жолын қарастыруда: біріншісі – жазылуға жәрдемақша бөлу, екіншісі – қосымша құн салығынан босату. Мәселен, Еуропа елдеріндегідей тікелей және жанама жәрдемақша бөлуге болады. Көп елдерде жастардың мерзімді басылымдарға жазылуына мемлекет қаражат бөледі. Бір ескеретін жайт, жәрдемақша бөлерде жекеменшік басылымдарға басымдық берілуі тиіс. Олар мемлекеттік тапсырыстан үнемі тыс қалады. Мысалы, 2022 жылы Қазақстан Үкіметі мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге 50,7 млрд теңге жұмсады. Соның ішінде бар-жоғы 6 млрд теңгесі жекеменшік басылымдарға, сайттарға берілді. Жекеменшік, тәуелсіз басылымдарға қоятын мемлекеттік тапсырыстың талаптары әділ емес. Екіншіден, газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығын (ҚҚС) мүлдем алып тастау керек. Қағаз қымбаттаған сайын, баспаханалар да бағаны тез өсіруде. Тиісінше газет-журналдарға жазылу бағасын көтеріледі. Баспа БАҚ-тардағы контент сапасын жақсарту үшін мемлекеттік тапсырыс жүйесін өзгертуіміз керек. Саны саусақпен санарлық қазақ газеттері өз аудиториясын сақтап қалуы үшін жаңалық таратуды интернетке, әлеуметтік желілерге беріп, талдамалы контентке (сараптамалық мақала, журналистік зерттеу) көшуі керек. Сондай-ақ, баспа БАҚ заманауи жаңа форматтарға толық өтуі үшін редакциялар мультимедиялық форматты дамытуды бірінші орынға қоятын талап болса ғана белгілі бір нәтижелер шығады. Баспа БАҚ-тарды қолдаудың бұлардан басқа да жолдары бар.

Батыста бес қаруын сайлаған әмбебап журналистер шықты. Бізде сапалы кадрлар аз. Бәлкім, білім беру жүйесінен болар. Бұл саланы қалай трансформациялау керек? Сіз өзіңіздің кітабыңызда осыған қалай жауап бердіңіз?

Қазір әмбебап журналистика медиаға ауысты. Батыс елдерінде цифрлық медиа жоғары қарқынмен дамуда. Дәстүрлі БАҚ цифрлық медиамен бірге трансформация үдерісіне белсене кірісті. Сіз айтып отырған әмбебап журналистер Батыста ғана емес, бізде де бар. Олар цифрлық медианың тілін біледі, мультимедиялық технологиямен жұмыс істей алады. Қазір кейбір әріптестеріме жолыққанда: «Қайда жұмыс істеп жүрсің? Көрінбей кеттің ғой?» деген сауалға: «Менің фрилансер болып жүргеніме біраз жыл болды» деген жауап естіп жүрміз. Әмбебап журналистер солар. Олар әрі фрилансер, әрі веб-сайттың редакторы, SMM маманы, PR практик болып, бірнеше жұмысты қатар атқара алады. Сапалы кадрлардың көбеюі үшін, журналистерге көбірек шығармашылық еркіндік беру керек. Журналистика, PR мамандығына оқытатын университеттер қазір маман даярлауда теория мен практиканы қатар оқытып жүр. Менің ойымша, университеттер жаңа медиа деген пәнді енгізіп, соның ішінде мультимедиялық журналистиканы тереңдетіп оқытқан жөн. Мысалы, кез келген медиаға жариялайтын материалды бір ғана мәтінмен және суретпен берсең, оқырманға қызық болмауы мүмкін. Ол үшін мәтінге инфографиканы, интерактивті картаны, бейнежазбаны қатар беру – аса тартымды болмақ. Қазір оқырманы көп порталдар (көбінесе шетелдік) материалдың мәтінімен бірге бейнежазбаны қоса жариялайды. 2024 жылға қарай интернеттегі контенттің 90-95 пайызы бейнематериалдардан құралатынын ғалымдар жиі-жиі жазып жүр. Бұл бағытта онлайн шығарманың жаңа түрі – мультимедиялық лонгридті пән ретінде енгізіп, оқытуға кірісуіміз керек. Өйткені, бұл очерк деген «өліп қалған» жанрды тірілтуге де септігі тиер еді. Болашақ журналистер ең алдымен, цифрлық медианың бағыт-бағдарын, негізгі тенденцияларын тереңірек түсінуі тиіс. Цифрлық заманның бесаспап журналисі алуан түрлі медиаға жариялауға келетін контент жасауды толық меңгергені абзал. Интеллектуалдар цифрлық технологиялардың тілін білсе, көп нәрседен ұтары анық. Қазірден бастап әрбір БАҚ (дәстүрлі, цифрлық) медиа өнімдер шығара бастауы керек. Оны цифрлық форматпен оқырманға өте жылдам таратуға мүмкіндік зор.

Сараптамалық мақалалар газетті өміршең ететін негізгі контенті екені анық. Отандық газеттер мұны қаншалықты меңгеруде?

Иә, дұрыс айтасыз. Дәстүрлі БАҚ-тар (соның ішінде газет, журналдар) жаңа медиамен бәсекелесу үшін талдамалы контентке, соның ішінде сараптамалық мақалаларға, журналистік зерттеулерге ең алдымен көңіл бөлуі керек. Аудиторияны сақтап қалудың бірден-бір жолы – осы. Екінші жолы – жаңалықтар мазмұнын қысқарту. Үшінші жолы – мультимедиялық форматқа көшу. Қазақстандық газеттер там-тұмдап мультимедиялық форматқа көшіп жатқанын көріп отырмыз. Сараптамалық мақалалар қазақша, орысша газеттерде бар. Оны қазақ және орыс тіліндегі басылымдардың беру формасы әртүрлі. Бірақ... біз көбінесе әлеуметтік, экономикалық, саяси тақырыптарға сараптама жасаймыз. Ұлттық мәселелер ұмыт қалып барады. 2000-шы жылдардың басында қазақ газеттерінде ұлттық мәселелер көбірек талданып, қоғамның назарына шығарылатын. Өзім көп жылдар бойы жұмыс істеген «Жас қазақ» ұлттық апталығының әр нөмірінде ұлттық мәселеге талдау жасайтын үрдіс болды. 2007 жылы «Қандауыр, кіндік шеше һәм ұлттық мүдде» деген көлемді сараптамалық мақала жаздым. Бірнеше газет мақаламды 1-бетінен бастап жариялады. Журналистік зерттеуіме жаңа қазақтардың кіндік шешені «пожизненный спонсор» деп атап, баланың «өмірлік демеушісіне» айналдыруы, жалаңдаған жылпос дәрігерлердің дені сау баланы іштен жарып алуға үгіттеуі арқау болды. Еліміздің перзентханаларындағы сорақылықты мемлекеттік, ұлттық деңгейде көтердім. Бұл мәселеге Мәжіліс мінберінен ұлтшыл депутаттар да үн қосты. Қазіргі кезде сараптама деп жанар-жағар майдың қымбаттауын, автокөлік пен баспана сатып алудың жеңілдігін жазамыз. Күнделікті өмір үшін бұл да керек. Алайда газеттер сапалы, сауатты сараптаманы көбірек беріп, фейк-журналистикаға шынайы журналистиканы қарсы қойғаны абзал. Интернеттегі ала-құла, сенімсіз ақпараттан гөрі шынайы медиа дегеніміз сол. Газеттерде сараптамалық мақалалар бар, бірақ сыни мақалалар азайып кетті.

«Масс медиа» деп аталатын заң дайындалуда. Сіздің ойыңызша, журналистердің міндет-ережесін түзетін заңдар нормасында бастысы не ескерілуі тиіс?

Жаңа заңда журналиске сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе берілуі керек. Мысалы, журналист деген кім? Заң бойынша, мемлекет оны қалай қорғайды? Оны қорғауға кім кепілдік береді? Яғни, жаңа заңның ішінде осындай кепілдіктер туралы бөлек баптар болғаны абзал. Кепілдік деген не? Мысалы, журналист бір жоғары лауазымды, құзыретті тұлғаға сауал жолдаса, оның толық жауабы қашан, қалай берілуі керек? Егер жауап берілмесе, құзырлы мекеме мен лауазымды тұлға қандай жауапкершілікке тартылуы тиіс? Сондай-ақ, құзырлы мекеме журналистің жолдаған сұрағына жауап беруі керек пе, әлде керек емес пе? Осылардың бәрі заңда нақты кепілдік ретінде жазылғаны жөн. Ондай кепілдік болмаса, журналистің құқықтары бұзыла береді. Заң қабылдау дегеніміз – міндеттеу. Міндеттеу үшін себеп керек. «БАҚ туралы» заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Өзінің ұстанымы мен көзқарасы тұрғысынан жұмысынан қуылған журналисті ешқандай заң қорғамайды. Бұл – нонсенс. Мысалы, оппозициялық газетте немесе сайтта жұмыс істеген журналисті мемлекеттік БАҚ жұмысқа қабылдамайды. Бұл – журналистің конституциялық құқығының бұзылуы. Сол жұмыссыз жүрген журналист газет редакциясына берген өтінішінің екінші данасын сотқа апаруы керек.

Тағы бір себеп – журналистің жеке өмірі мен жақындарының өміріне қауіп төнсе, қорғайтын заңдық негіз жоқ. Сол себептен жаңадан жазылатын заңда «Журналистердің өмірі заңмен қорғалады» деген  бап болуы тиіс. Енді осыған нақты дәлел келтірейін. Ата заңымыздың 20-шы бабының 1-ші тармағында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деп жазылғанына қарамастан, ашық және өткір жазатын журналистерді қудалау, заңды қызметіне бөгет жасау, ақпаратқа қолжетімділігін шектеу әрекеттері әлі де кездесіп қалады. Мінеки, мемлекет осындай жағдайда кәсіби міндетін адал атқарған журналистердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде қорғайтын заң керек!

Жаһанданған заманда журналистер жауынгердің қызметін атқаратындай көрінеді. Себебі қай ел ақпараттық соғыста басым, сол ел ұтады. Солай емес пе? Біз ақпараттық соғысқа қаншалықты дайынбыз?

Жаһандану үдерісін ешкім тоқтата алмайды. Оның жағымсыз да, жағымды да жақтары бар. Қазір әлем тұтас шарға айналып бара жатқандай көрінеді. Ақпарат ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Мысалы, қазір кез келген әлеуметтік желіні қолданушы қас-қағым сәтте өзінің жазғанын әлемнің назарына шығара алады. Әрбір минут сайын Twitter-ге 350 мыңға жуық жазба жіберіледі екен. YouTube-ті пайдаланатын адамдар 1 минутта 300 сағатқа жуық бейнематериалдарды жүктей алады. Мұнымен не айтқым келеді? Ақпараттық соғыста жауынгер болатын журналист цифрлық технологияларға машықтанған маман болуы тиіс. Мысалы, ақпарат іздеуді алайық. Қандай да бір тақырыптағы ақпаратты әуелі интернеттен іздейміз. Әлеуметтік желілер кез-келген жаңалықты бәрінен бұрын жариялайды. Демек, әлеуметтік желілерге мониторинг жасауды меңгерген журналист ұтады. Бұл жерде кәсіби журналистің алатын орны ерекше.

Әділетті Қазақстан дегенді ұрандатып, сөз қолданыста кеңінен қолдана бастадық. Жаңа Қазақстанды құрудағы журналистердің рөлі қандай? Сол жөнінде ойланып көрдіңіз бе?

Әділдік жоғалған кезде адамдар өмірін мәнді ететіндей ештеңе де қалмайды» депті әйгілі неміс философы Иммануил Кант. Әділетті ел құру бірнеше жылдарға созылатын процесс. Бір адамның өзінің әділ болуы қиын нәрсе. Біздің елімізде Президенттен бастап қарапайым адамға дейін әділдікке қызмет еткенде ғана сонда қоғам орнайды. Әзірше, біздікі соған ұмтылыс, ниет. Әсіресе, әділдік басшыларға ауадай қажет қасиет. Адамшылық болмай, әділдік жоқ деген аталы сөз бар. Әділдік пен шындыққа қызмет ететін қоғам қалыптасқанда, Әділетті Қазақстан болады. Әділетті, жаңа Қазақстанда өмір сүруіміз үшін әділеттілік салтанат құратын қоғамды құруымыз керек. Ел жаңаруы үшін қоғам, адам өзгеруі керек. Жаңа Қазақстанды құратын Сіз бен Біз. Тарихи әділеттілік деген ұғым бар. 2 ақпан – Алаш арыстары шығарған «Қазақ» газетінің туған күні. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы елімізде баспасөз күнін 2 ақпанға ауыстырайық деген тамаша ұсыныс айтқан еді. Қоғам болып қолдау жасай алмадық. Бірақ ауыстырсақ тарихи әділеттілік салтанат құрар еді. Өйткені қазақ көсемсөзінің басында Әлихан Бөкейхан тұр. Жаңа Қазақстанды құруға журналистер осындай өткір, батыл ой айтып, билік пен бұқараға ұсыныс жасағанда ғана елді, қоғамды дамытуға өз үлесін қоса алады.

Кәсіби журналистің негізгі 5 қасиет-қабілетін атаңызшы.

Кәсіби журналиске ең қажетті қасиеттің бірі – имандылық. Имандылыққа арлылық, адалдық, намысшылдық, батылдық, әділдік, шыншылдық сияқты қасиеттердің бәрі кіреді.

Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Барлық жаңалықтар