00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елімізде қандай діни әдебиеттерге тыйым салынған

31.03.2023 | 19:57
Айман Нығмет
64

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы тыйым салынған әдебиеттерді қалай ажыратуға және тексерілген материалдарды қайдан алуға болатынын түсіндірді, деп хабарлады Elorda.info Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда тыйым салынған және экстремистік деп танылған әдебиеттер тізімінде 1105 материал қосылған. Олардың қатарында түрлі кітаптар, брошюралар мен аудиожазбалар, видео мен желідегі парақшалар бар. Тізімге енген материалдар дәстүрлі конфессиялар жайлы ақпаратты бұрмалап, азаматтарға теріс ағымды насихаттайды.

Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет аталмыш тізімді 2022 жылдың тамызында жаңартқан. Тізімдегі діни шығармаларды басып, таратқан азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабына сәйкес жауапқа тартылып, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 

Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес ғибадат ету орындары мен діни білім беру орындарында, сонымен қатар арнайы белгіленген үй-жайларда діни сипаттағы әдебиеттерді сақтау, тарату және сатуға рұқсат берілген. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың өзінде әлеуметтік желіде 180 мыңнан аса экстремистік сипаттағы материалдар өшірілген. Соның ішінде 324 материал бұғатталған. 2020 жылмен салыстырғанда өшірілген және бұғатталған контент саны 8 есеге өсіпті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Жанна Қаңтарбаевның сөзінше, діни сипаттағы мәліметтер тек кітап түрінде ғана тарамайды.

Дінтанушының сөзінше, діни шығарма сатылымға шықпай тұрып сараптамадан өтеді. Тек осыдан кейін ғана арнайы дүкен сөрелері мен ғибадат ету орындарына жіберіледі. Сондықтан азаматтарды кез келген орыннан діни әдебиет сатып алмауға шақырды.

Маман рұқсат етілген және тыйым салынған әдебиеттердің тізімі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен прокуратураның, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында жарияланатынын қосып өтті. 

Кітапты сатып алу кезінде мұқабасына назар аудару керек. Мұнда ҚМДБ-ның үш бұрышты мөрі болады. Бұдан бөлек кітапта басып шығарған ұйым немесе мекеменің толық атауы және өзге де мәліметтері көрсетілуі керек. Сонымен қатар мешіт немесе шіркеу аумағында орналасқан дүкендерден сатып алған жөн, – деді маман. 

 

Барлық жаңалықтар