00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Тарих пен көркем әдебиетке тең қалам тартқан

31.03.2023 | 19:45
Елорда ақпарат
60

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, «Құрмет» орденінің, халықаралық «Күлтегін» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Тұрсынхан Зәкенұлының 60 жасқа толған мерейтойына орай, Л .Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Шығыс өркениетін зерттеудің дәстүрі мен жаңа парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Жиналыстың беташар сөзін сөйлеп, іс-шараны ашқан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Тұрсынхан Зәкенұлының өмірі мен шығармашылық жолына жан-жақты тоқталып, еселі еңбектері жайлы сөз қозғады.

Тұрсынхан Зәкенұлы – еліміз алғаннан кейін ҚХР-дан тарихи Отанына оралып, ұлы көшті бастаған санаулы азаматтың бірі. Содан бері қазақтың білімі мен ғылымына аянбай еңбек етіп келеді. Ол тарихшы ғана емес, қытайтанушы ғалым. «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары» атты монографиясы қытайтану саласындағы құнды еңбек саналады. Қытай ғалымы, тарихшы Су Бэйхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» мен «Қазақтың жалпы тарихы» атты төрт томдығын қазақ тіліне аударды. «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық талдау» және «Ойратнама: Жоңғар мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, жойылуы» атты еңбектері де тарих ғылымына қосылған сүбелі дүниелер. «Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгітас», «Балқан тауға барғандар» атты әдеби шығармаларын оқырмандар жылы қабылдады, – деді Ерлан Сыдықов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев той иесіне үлкен құрмет көрсетіп, құттықтау хатын жіберді. Хатты Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев оқып берді. Хатта «Құрметті Тұрсынхан Зәкенұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Жоғары оқу орындарында жемісті жұмыс істеп, дарынды шәкірттер тәрбиелеп, білім саласының өркендеуіне атсалысып жүрсіз. Әдеби-тарихи туындыларыңыз бен ғылыми-зерттеу еңбектеріңіз де түркі әлемінің аса көрнекті ұлы тұлғаларының күрескер жолы туралы тың деректерді алға тарттыңыз. Көне түркі ескерткіштеріндегі құндылығы өте жоғары шежірені де оқырман назарына ұсынып, құрметке бөлендіңіз. Алдағы уақытта ғылымның іргелі басуына және білікті мамандар даярлау ісіне күш-қайратыңызды жұмсай беруіңізге тілектеспін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, игілік тілеймін» деп жазылған. Сондай-ақ Қуаныш Асылханұлы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын табыс етіп, өзі қызмет істейтін ведомство атынан профессорға Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасын тапсырды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтау хатын жіберді.

Сонымен қатар іс-шара қаламгердің «Қытай тарихнамасын­дағы қазақ тарихы», «Күлтегін ескерт­кіші тарихи-деректанулық зерттеу» және «Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі тарихының қытайша деректері» атты үш жаңа ғылыми еңбегінің тұсауы кесілді. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Тұрсынхан Зәкенұлына «Күлтегін» медалін тапсырды.

Конференция «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, көрнекті түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қара, тарихшы, деректанушы Бақыт Еженханұлы, ақын Алмас Ахметбекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, Жазушылар одағының өкілі Ғалым Қалибекұлы, қоғам қайраткері Қайрат Мусин... және тағы басқа да зиялы қауым өкілдері тарихшының ғылыми еңбектері мен әдеби шығармалары туралы сөз қозғап, баяндама жасады. 

Тұрсынхан Законұлы 1962 жылы ҚХР Алтай аймағында дүниеге келген. 1986 жылы Шыңжаң университетінің тарих факультетін, 1989 жылы Пекин үлттар институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. 1993 жылы Қытайдан отбасымен Қазақстанға қоныс аударды. 1994-1997 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде аспирантурада оқыды әрі Қазақстан жазушылар одағының органы «Жұлдыз» журналында «Шетелдегі қазақ әдебиеті» бөлімін басқарды. 1998 және 2009 жылдары тарих ғылымдарының кандидаты және докторы ғылыми дәрежесін қорғады. 2011 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасында ұстзадық қызметін атқарып келеді.  «Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгітас», «Балқан тауға барғандар» (Аттила) атты тарихи романдардың, сондай-ақ, көне түркі, ойрат және Шынжаң қазақтарының тарихына қатысты монографиялар мен 180-нен астам ғылыми мақаланың авторы. 2001 жылғы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған жабық әдеби конкурсында «Көк бөрілердің көз жасы» бас жүлде алған. Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза «Көк бөрілердің көз жасы» атты тарихи романын «Бүгінгі прозаның топжарғаны» деп бағалаған.

Қалиакбар Үсемханұлы

Барлық жаңалықтар