00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Жемқорлардан алынған 100 млрд теңге мектеп салуға бөлінеді – Смайылов

31.03.2023 | 19:18
Елорда ақпарат
20

Түркістан облысын дамытуға республикалық бюджеттен 467 млрд теңге қаражат бөлінген. Өңірге жұмыс сапары аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, бюджеттің тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлады Elorda.info.

Биыл облысты дамытуға республикалық бюджетте 367 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бюджетті нақтылау кезінде тағы 100 млрд теңге бөлінді.

Бұл қаражат инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және өңірдің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған. Жыл соңына дейін аз уақыт қалды, сондықтан жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу үшін бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Премьер-министр қазіргі уақытта кесене айналасында қарқынды құрылыс жүріп жатқанын, оған келушілер саны да едәуір артқанын атап өтті. Осыған байланысты әкімдік ЮНЕСКО мен басқа да халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын қатаң сақтауы керек.

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін бірінші кезекте өңірдің дамуына серпін беретін жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөнінде шаралар қабылдау қажет. Мәселен, биыл облыста 33 млрд теңгеге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек 1,9 трлн теңгеге тағы 74 жоба талқыланып жатыр.

Сонымен бірге, Премьер-министр азық-түлік тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық қолда бар нарықтық механизмдерді тиімді пайдалану, облыстың инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізу, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірдегі оқушы орындарының санын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат енді мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатын болады. Бүгінгі таңда республика бойынша 100 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу қараша айында басталады, - деді Премьер-министр.

Барлық жаңалықтар