00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордалық болашақ десантшылар әскерге аттанды

31.03.2023 | 17:50
Елорда ақпарат
19

Биыл Астана қаласының 800-ден астам шақыру жасындағы азаматы әскери қызметке аттандырылады. Оның ішінде 300 азамат Қарулы Күштердің әскери бөлімдері қатарында қызмет ететін болады, деп хабарлады Elorda.info.

Елордалық жастар Қонаев қаласының десанттық шабуылдаушы бригадасы құрамында мерзімді әскери қызметтерін атқарып, ел тыныштығын қорғамақ.   

Бұл туралы Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Медет Турскелдиев айтты. 

Бұл күндері «Айбынды жас – Қазақстанның тірегі» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде қызу жүріп жатыр. Қыркүйек айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің әскери бөлімдерін жас толыммен толықтыруды аяқтадық. Нәтижеміз жақсы. Әскери бөлім командирлерінен біздің жөнелткен елордалық сарбаздарымыздың үздік қызметтері мен елдің қорғаныс қабілеттілігіне қосып отырған еңбектері туралы алғыстары да келіп отыр.

Әскери қызмет атқаруға ұмтылатын жастарымыздың саны мол. Қарулы Күштеріміз озық технологиялар және заманауи техникалармен кеңінен жабдықталуда. Ендігі кезекте Қарулы Күштерімізде қызмет атқару үшін белгіленген сын-талаптарымыздан сүрінбей өткен жастарымызды әр әскердің түрлеріне қарай бөлудеміз. Әскери қызметке білімді де білікті, денсаулығы мықты, психологиялық тұрғыдан сабырлы, байыпты жастардың арасынан үздіктердің үздігін, әскери бөлімдерге қажетті мамандық иелерін жіберудеміз. Дегенмен әскери қызметке тек мамандығы бар ғана жастарды шақырып отырған жоқпыз, – деді подполковник.

Шығарып салу рәсіміне Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, сондай-ақ ҚР ҚК ардагерлері мен сарбаздардың туған-туыстары қатысты.

Олар болашақ сарбаздарға Отан алдындағы борышын адал өтеп, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің батырлығын дәріптеп, сарбаздық қызметті абыроймен атқарып, үйлеріне үздік қызметіне деген марапаттармен оралуларын тіледі. 

Отанымыздың тыныштығы мен еліміздің бейбіт өмірін сақтауды сіздерге тапсырып отырмыз! Алдыңғы буын ағалар – өз қасиетті міндетерімізді абыроймен атқардық! Кейінгі толқын інілер – сіздер де ел сенімін ақтап «Ел Тірегі» атағын биік ұстайсыздар деп ойлаймыз. Біз сіздерге – жастарға сенеміз!

Әр парашютпен секірулеріңіз сәтті қонумен аяқталсын!

«Көк тарландары» атына лайықты болыңдар!

Сапарларыңыз сәтті болсын! – деді Ауған соғысының ардагері Миранбек Тулекпаев.   

Аға буынның ізгі тілектерінен кейін сарбаздар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жиналғандар естелік фотоға түсті.

 

Барлық жаңалықтар