00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Балаларды ұрып-соққан: Ақтөбедегі арнайы интернаттан тағы да заң бұзушылықтар анықталды

31.03.2023 | 17:04
Елорда ақпарат
38

Ақтөбеде санитарлар ұрып келген арнайы интернат тәрбиеленушілерін басқа ғимаратқа көшіру керек. Өйткені тексеріс жүргізген прокуратура қызметкерлері бүлдіршіндердің емделуіне еш жағдай жасалмағанын мәлімдеді. Анықталғандай, орталық арнайы бөлмелер және жиһазбен қамтылмаған, деп хабарлады Elorda.info КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Оңалту орталығында бірнеше заң бұзушылықтар анықталды. Кәмелетке толмағандар тиісті массаж кабинеті, емдеу, дене шынықтыру кабинеті, жеке асханамен қамтылмаған. Жиһазы да жоқ, осындай деректер анықталды, – деді Астана ауданы прокуроры Иван Майнгарт. 

Ақыл-есі кем, сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндер бес жыл бойы жекеменшік бейімдеу орталығында тәрбиеленген. Кейін әкімдік келісімшарт мерзімінің аяқталғанын айтып, балаларды сәбилер үйі ғимаратының бір жақ бөлігіне – «Үміт» балалар үйіне орналастырған. Прокурорлар мұның заңға қайшы екенін мәлімдеді. Сөздерінше, бүлдіршіндер балалар үйінде болмауы керек. Қазір оларды басқа жаққа көшіруді талап етіп отыр. 

Онымен қоса мүгедек балаларды тәрбиешілері тоқпақтап келген. Ұрып-соғып, жәбір көрсеткенін екі санитар сотта кінәсін бірден мойындап, бұған дейін жазасын алды. Жарымжан бүлдіршіндерге жұдырығын ала жүгіретін интернаттың тағы бір қызметкерінің ісі сотқа жеткен. Дегенмен шенеуніктер арнайы интернатқа әлі күнге дейін бөлек ғимарат таба алмай отыр.  

Балаларды орналастыруға бізде әзірге ғимарат жоқ. Тап қазір қандай шара істейтінін айта алмаймын. Бұл бағытта жұмыс жүргізіледі, – деді Ақтөбе облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Сүйіншалина.

Еске салайық, Ақтөбеде мүгедектігі бар балаларды ұрған санитарларға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған еді. Арнайы интернаттағы дау көктемде басталған. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері балаларды ұрып-соғатыны жайлы «Үміт» балалар үйінің бас дәрігері айтқан.

Барлық жаңалықтар