00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Қазақстанда Орталық Азия волонтерлерінің форумы өтті

25.02.2023 | 14:06
Елорда ақпарат
35

Форумға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінен халықаралық сарапшылар, үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдардың өкілдері келді. Сондай-ақ Әзербайжан, Армения, Грузия, Ресей және Түркия елдерінен келген делегациялар қатысты.

Қатысушыларды айтулы іс-шараның ашылуымен құттықтаған Сенат спикері Қазақстанда волонтерлік қозғалыс мақсатты және жүйелі негізде дамып келе жатқанын айтты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялады. Мәулен Әшімбаев бұл бастама Қазақстанда волонтерліктің дамуына айтарлықтай тың серпін бергенін тілге тиек етті.

Сол кезеңде пандемияның басталғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан Президентінің волонтерлікті қолдау жөніндегі бастамасы уақтылы және маңызды шара болды. Шын мәнінде, еріктілер медицина қызметкерлерімен бірге коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрді. Волонтерлер көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп, ауқымды жұмыс атқарды. Сол кезде батылдық танытып, қажырлы еңбек еткен барша еріктілерге тағы да алғыс білдіреміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы бүгінгі қоғамда дұрыс құндылықтар жүйесін және өзара көмек пен қолдау идеяларын барынша дәріптеу аса маңызды екенін атап өтті. Қазіргі таңда көптеген адам үшін еріктілер мен қамқор азаматтардың қолдауы үлкен мәнге ие.

Волонтерлер қоғамда тәртіптің жаңа үлгісін қалыптастыратын адамдар. Ол – жауапкершілік пен қамқорлықтың үлгісі. Сіздердің жұмыстарыңыз жақсылық пен мейірімділікке деген сенімді күшейтеді. Қиын жағдайда көмек қолын созатын, жүрегі кең жандардың табылатынына сену адамға ерекше рух береді. Осындай құндылықтарды дәріптей отырып, сіздер бүкіл қоғамды өзгертесіздер. Сондықтан елдегі волонтерліктің деңгейі қоғамның кемелдену көрсеткіші деп айтуға толық негіз бар, – деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев өткен сессияда Қазақстан Парламенті Волонтерлік қызметті дамыту туралы заңға түзетулер енгізгенін де атап өтті.

Аталған өзгертулерде еріктілерді мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылар қатарына қабылдау және мемлекеттік қызметке орналасу кезінде волонтерлік қызметті назарға алу туралы ережелер қамтылған. Сондай-ақ мемлекеттік наградалармен марапаттау және коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға беру арқылы волонтерлік қызметті ынталандыру шаралары енгізіліп жатыр. Заңда басқа да нормалар қарастырылған.

Сонымен бірге Сенат төрағасы алдағы уақытта волонтерлер бірегей және тарихи оқиға – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін өткізу жұмыстарына белсенді қатысатынын жеткізді. Аталған съезде қатысушылар дінаралық диалогты, бейбітшілік пен келісімді кеңінен дәріптеп, қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп жауап іздейді.

Съезге әлемнің 51 елінен келетін 100-ден астам делегация қатысады деп күтілуде. Бұл, ешбір әсірелеусіз, ерекше және тарихи оқиға болмақ. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыру үшін біз 500-ден астам волонтерді жұмылдырып отырмыз. Олар бізге Форумды өткізуге көмектеседі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сөз соңында спикер Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты волонтерлікті әрі қарай дамыту мәселелерін ерекше бақылауда ұстайтынын және Орталық Азия елдерінің Парламенттеріндегі әріптестерімен ынтымақтаса отырып, қозғалысты өркендетуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Айта кетейік, Волонтерлер форумының пленарлық сессиясына Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты координаторы Микаэла Фриберг-Стори және тағы басқалары қатысты.

Барлық жаңалықтар