00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Балалар үйіне қуаныш сыйлаған – Best for Kids қоры

2010 жылы елордалық белсенді тұрғындардың бастамасымен құрылған Best for Kids қоғамдық қоры 2013 жылы ресми тіркеуден өтті. Еріктілер Ақмола облысындағы балалар үйінің  тәрбиеленушілері мен түлектеріне әлеуметтік бейімдеу дағдыларын жақсартуға көмектеседі. Бастапқыда қоғамдық ұйымда мыңнан астам волонтер балалар үйіндегі тәрбиеленушілермен жұмыс істеді. Кейін олардың саны азайды. Қазіргі таңда қоғамдық қорда 100-ден астам жас волонтер қызмет етеді. Қор жетекшісі Александра Крашинина еріктілердің саны азаюы балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің санына байланысты екенін айтты.

Біз соңғы төрт-бес жылда шамамен 120-130 баламен жұмыс істейміз.  Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің саны жыл сайын өзгереді. Қор еріктілері 2020 жылы пандемияға дейін сегіз жоба бойынша жұмыс істеді. Атап айтқанда, мульттерапия, кино және режиссура бағдарламасы, театр қойылымдарына дайындалу, бейнелеу өнері мен суретке түсіру шеберлігін үйрету арқылы балаларға өмірге қажет маңызды дағдыларды үйреттік. Балалар үйінен үлкен өмірге қадам  басқалы отырған түлектерге де арналған жобаларымыз болды. Оларды ересек өмірге дайындау, студенттік кезеңде қолдау білдіріру, оларға арнап танымдық тренингтер өткіздік.  Өкінішке қарай, пандемия кезінде шектеу шаралары енгізіліп, балалар үйіндегі тәрбиеленушілермен байланысу мүмкін болмады.  Соған қарамастан, осы уақыт аралығында  26 маман мен  74 ерікті сегіз жоба бойынша 260-қа жуық балаға көмектескен, – дейді қор жетекшісі Александра Борисовна.

Елімізде карантин талаптары жеңілдетілген соң, қор еріктілері балалар үйінің тәрбиеленушілерін қолдау бойынша жұмысын жаңғыртты. Олар өткен оқу жылында UNFPA Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған валеология курсын өткізіп, балалар үйінің түлектеріне арналған 30-дан астам тренинг ұйымдастырды.  Қор еріктілері мен балалар үйінің түлектері арасында дәстүрлі кофе ішу әдеті де қалыптасқан. Осы уақытқа дейін 15-тен астам кездесу өтті. Сондай-ақ жазғы уақытта еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірлесіп, табиғат аясында демалуға шығып тұрады. Бүгінде еріктілер жаңа оқу жылына арналған жоспарларын пысықтап жатыр.

Қор жетекшісі қоғамдық қор жұмысынан бөлек, еріктілер қозғалысын дамыту және танымал ету мақсатында іске асырылған шаралар туралы айтты.

Мен QazVolunteer.kz платформасында контент-менеджер ретінде жұмыс істеймін. Жалпы платформада Қазақстандағы волонтерліктің дамуы туралы ақпаратты жинаймын. Кітапханаға волонтерлік қызметке байланысты түрлі мақалаларды, оқулықтарды, баяндамаларды және өзге де ақпаратты іздеп, жүктеймін. Барлық сайт бөліктерін жаңартып отырамын. Еріктілік туралы мақалалар жазып, еріктілер жұмысын түсіндіремін, – дейді Александра Крашинина.

Қос волонтерлік қызметті қатар алып жүрген Александра қоғамдық қорды мамыр айынан бастап басқарады. Осы уақытқа дейін қордағы еріктілер жұмысын үйлестіруші ретінде қызмет еткен.

Қоғамдық қордың еріктілері тек жаңа жыл мейрамында ғана балаларға материалдық көмек көрсетіп, сыйлық дайындайды. Ал қалған уақытта оларды рухани жағынан дамытып, қоғаммен байланыс орнатуына көмексетеді.

Көмек қолын созатын адамдардың көбі балалар үйіне тамақ пен киім-кешек әкелумен шектеледі. Себебі қоғамда «балалар үйінде тамақ жоқ» деген түсінік қалыптасқан. Балалар үйі – мемлекеттік мекеме. Тәрбиеленушілерге арналған киім-кешек пен азық-түлікке қаражат бөлінеді.

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған қоғамдық қордың тіршілігі – осы. Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен байланыс орнату арқылы еріктілер оларды мейірімді болуға үйретеді. Көпшілікпен бірігіп жасалатын жұмыс оларға үлкен қуаныш сыйлайтыны анық.

Барлық жаңалықтар