00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Волонтер: Ерікті болу – қоғамды өзгертуге қадам жасау

25.02.2023 | 08:55
41

«Birgemiz: Asyl мura» жобасы туралы таныстырып өтсеңіз, миссиясы, қызмет саласы қандай?

«BIRGEMIZ: Asyl mura» жобасы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға бағытталған. Біздің басты мақсатымыз – мемориалды кешендер мен тарих және мәдени ескерткіштер жайлы мәліметтерді, құнды жәдігерлерді сақтаудың маңызын халыққа кеңінен насихаттау, сондай-ақ волонтерлерді тарихи-мәдени мұраны сақтауға атсалысуға баулу.

«Birgemiz: Asyl мura» жобасының атқарған және алдағы уақыттағы жұмысы жайлы айтып өтсеңіз...

Қазіргі таңда біз жоба аясында бірқатар іс-шараны жүзеге асырудамыз. Жұмыстың тиімді жүруін қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында мемориалды кешендерге қарасты музейлер мен басқармалардың басшыларымен форум ұйымдастырып, меморандум жасадық. Соның нәтижесінде біздің қызметкерлер алдағы уақытта шығарылатын деректі фильмдерге байланысты жемісті түсірілім жұмыстарын қазір еліміздің түкпір-түкпірінде жүргізіп жатыр. Келер ұрпаққа қалатын, халыққа жеткізілетін тағы бір өнімді әзірлеудеміз. Ол – Қазақстанның мемориалды кешендерінің энциклопедиясы. Осы жоба бойынша біз барлық өңірде бар мемориалды кешендер жайлы ақпарат жинастыру кезеңіндеміз. Жоғарыда аталған іс-шаралар ақпараттандыру жұмысын тиімді жүргізуге арналған. Алдағы уақытта оларды танымал ету үшін түрлі тетіктер пайдаланылады. Мысалы, Instagram және Facebook әлеуметтік желілері арқылы мәдение ескерткіштерімізді танымал етуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек ауқымды іс-шара ретінде мәдени-тарихи мұраны сақтау жөніндегі іс-шараларға азаматтардың көптеп қатысуы үшін шағын гранттар байқауын ұйымдастырып жатырмыз. Қазіргі таңда 300-ден астам үкіметтік емес ұйым, жеке тұлғалар және бастамашыл топ өкілдері гранттық байқауға қатысу үшін тіркеуден өтті. Оларды жақын арада мамандарымыз жоба тақырыбының аясында волонтерлік бастамаларды қалай жүргізуге болатыны жайлы оқытатын болады. Сәйкесінше білім мен ақпарат жинаған қатысушылар өздірінің жобаларын ұсынып, 300 000 теңгеден 30 гранттың біреуін жеңіп ала алады.

Жобадағы волонтер не істейді, немен айналысады?

 Жобадағы волонтер жоба барысындағы іс-шараларға көмектесіп, өзіне қосымша тәжірибе жинай алады. Жоғарыда аталған іс-шаралардан олардың алуан түрлілігін байқауға болады. Медиа саласы болсын, тарих, мәдениет, қоғаммен қарым-қатынас орнату және тағы да басқа өзекті де пайдалы дағдыларды меңгере жүріп, жобаны ілгерілетуге атсалыса алады.

Елімізде волонтерлік қызмет қаншалықты дамыған?

Біздің елімізде жалпы волонтерліктің даму көрсеткішін жақсы деп бағалауға болады. Алайда әр түрлі бағыттарға сәйкес бөліп қарайтын болсақ, белгілі бір волонтерлік бағыттың көбірек танымал немесе қызықты екенін аңғаруға болады. Мысалы, экология немесе гендерлік саясат сынды бағыттарда жастардың саны басым. Дегенмен, біздің басты мақсатымыздың бірі – сол волонтерлерді тарихи-мәдени мұраны сақтауға үлес қосуға баулу.

Волонтерлік бағдарлама жастарға, студенттерге қандай мүмкіндік береді?

Волонтерлік бағдарлама кез келген жас буын өкіліне баға жетпес тәжірибе бере алады. Ол өзі қалаған бағытта ерікті түрде түрлі бастамаларды жүзеге асырып, өзінің бойындағы көптеген дағдыны дамыта алады. Одан бөлек, біздің жобада «Asyl mura» бағытында қызмет атқарған волонтерлер рейтингі жүргізіледі. Жыл қорытындысы бойынша әр өңірден келген волонтерлер бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бұның өзі қосымша мотивация ретінде өте жақсы құрал деп есептейміз.

Өзіңіз волонтерлікке қалай келдіңіз, мұнда келуіңізге не түрткі болды? Бұл жұмыс несімен ұнайды? Қандай жетістіктеріңіз бар?

Тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмыстарға волонтерлерді тарту бойынша «Birgemiz: Asyl mura» жалпыұлттық жобасында волонтер (2022), «Тарих ақтаңдақтары» саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жобасында (2021), «Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру» жобасында волонтер (2020) волонтер болдым. Астана халықаралық Қаржы орталығының Enactus Kazakhstan ұлттық чемпионаты аясында ұйымдастырылған жастар арасында қаржылық сауаттылықты дамытуға бағытталған жобаларды ұсыну байқауында жеңімпаз атанып, Сан Хосе қаласындағы (Калифорния штаты, АҚШ) студенттік кәсіпкерлік жөніндегі әлем чемпионатына жолдама алдым. БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17-бағытының студенттер арасында амбассадоры (2018) болдым.

Семей қаласының кәсіпкерлерімен бірге пандемия уақытында 200-ден астам әлеуметтік пакетті әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және ардагерлерге жеткізу жұмыстарында волонтерлік қызмет атқардым. Пандемия кезінде Швейцариядағы «Birlik» қазақстандықтар қауымдастығымен бірігіп, Семей қаласының ауруханаларындағы дәрігерлер қауымына 200 вирусқа қарсы арнайы костюмді жеткізуде ұйымдастырушы болдым. Швейцариядағы қазақстандықтардың «Birlik» қауымдастығы мен «MedSupport» бағдарламасы ұйымдастырған пандемия кезіндегі белсенді азаматтық позиция және волонтерлік бойынша байқау жеңімпазы атанып, шәкіртақыға ие болдым. Кәсіпкерлікті дамытуға берілетін «Атамекен» ҰКП гранттық байқауларында, көпбалалы, жалғызбасты, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бизнес-жоспар құрастыруда волонтерлік көмек көресеттім. Нәтижесінде 8 отбасы қаржыландырылды. Жалпы гранттық қаржыландыру сомасы - 4 млн теңгеден астам.

Өз басым жобалық менеджментке қатты қызығамын. Бес жылдан астам волонтерлік тәжірибемде түрлі жобаларда қызмет атқардым. Бұл жұмыстың қызығы – күнделікті күйбең тірліктен алшақ болып, әр күніңді мәнді де қызықты өткізуге пайдасын тигізуінде. Осы уақыт аралығында тарих, мәдениет, кәсіпкерлік, экология, медицина және тағы да басқа бағыттарда жұмыс атқардым. Осындай белсенділік нәтижесінде бірнеше ұйымның шәкіртақысын ұтуға мүмкіндік алдым. Бастысы – бәрі өз қолыңда екенін түсіну, талпыну, еңбек ету. Ерікті болу қоғамды өзгертуге қадам жасау деп білемін. Волонтер болу үшін адам бойында нақты бір осындай қасиеттер болуы керек деп айта алмаймын. Негізі кез келген адам волонтерлікпен айналыса алады. Тіпті, кейбір қасиеттер бойыңызда болмаған күннің өзінде оны волонтерлікпен айналысып жүріп табуыңыз мүмкін. Ең бастысы – көмек қолын созуға деген ниетіңіздің болуы.

Аяулым Серік

Барлық жаңалықтар