00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Қаржы пирамидасы: Қоғамдық кеңес мүшелері өзін өртеу фактісіне орай пікір білдірді

25.02.2023 | 04:29
Елорда ақпарат
87

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген болатын. Әйтпесе, алаяқтардың арбауына түсіп, тағдырының тас-талқанын шығарып жатқан жандар көбеймесе, азаймай тұр.

Оңай жолмен олжаға кенелуді ғана көздейтін бүгінгі «алдаркөселерге» қарапайым халықтың тағдыры түкке тұрмайды, оп-оңай қармаққа түсіріп, зар илетіп кете салады. Ал мұның соңы, өкінішке қарай, қайғылы жағдайларға соқтырып жатады.

Бұған дәлел ретінде кеше ғана болған оқиғаны айтсақ та жеткілікті. Mudarabah Capital деген компанияға жиған-терген 20 миллион теңгесін салып жіберген әйел ІІМ ғимараты алдында өзін өртеп жіберді.

Елімізде идеологиялық жұмыстар әлі де өте төмен дәрежеде

Десе де өзіне қол жұмсау шариғатта да құпталмайды. Жалпы, суицидке бару тығырықтан шығатын жол емес. Мұны Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам және ғылым қайраткері, халықаралық заңгер-адвокат Есберген Алауханов та айтады.

Қаржылық пирамидалар көбейіп бара жатыр. Оны әртүрлі бағдарлама бойынша алаяқтар ұйымдастыруда. Қаржылық пирамидалар алаяқтары көбіне шетелден шыққан адамдар. Мәселен, Еуропа мен Ресейде отырып, осындай әртүрлі бағдарламаны ұйымдастырады да, Қазақстаннан адамдар табады. Сөйтіп, бар «жұмысты» өзіміздің қазақтарға істетіп қояды. Бір-бірін алдауға, алаяқтыққа үйретіп жатыр. Бұл – бірінші жағдай емес. Міне, осындай дағдарыс кезеңінде көп адам алданып жатыр. Ал енді өзінің бар тапқан дүниесін қаржылық пирамидаға салып, тез арада жақсы пайда табамын деген оймен алданып қалған шығар. Бәлкім, ол үлкен несие алған шығар немесе жалғыз үйін кепілдікке қойған шығар. Сондай кезеңде амалының жоқтығынан адамдар өз-өздеріне қол салады. Әрине, бұл одан шығатын жол емес. Бұл ислам діні бойынша да, заң тұрғысынан алғанда да дұрыс емес. Бірақ кейбір адамдар амалдың жоқтығынан осындай әрекеттерге барып отыр. Өкінішті... Біздің елде әлі де идеологиялық жұмыстар өте төмен дәрежеде. Осыған халық болып және жаңадан құрылып жатқан Қоғамдық кеңестер бар - бәріміз бірігіп, халық арасында жүргенде осы жөнінде көберек айтсақ дұрыс болар еді, - дейді ол.

Осының бәрі сауатсыздықтан шығады

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңес мүшесі Ирак Елекеевтің де пікірі осыған саяды.

Осы іс бойынша аға тергеуші Ерлан Асанов және осы іс бойынша іздестіруді ұйымдастырып жатқан Әбдуәлі Мінәйдаровпен бірге осы істі талқыға салған болатынбыз. Бұл жердегі ең үлкен мәселе – әлгі вайнерлердің не блогерлердің пирамиданы ұйымдастырушылармен қарым-қатынасы қандай – соны анықтап алу керек. Егер олар ақшалай пайда көрген болса, онда қылмысқа тартуға болады.

Алданған адамдар көп. «Вайнерлерге көп сендік. Себебі олар – танымал адамдар. Өздерінің қаражаттарын салған соң біз де осыған салайық деп сенген едік» деп жатыр адамдар. 20 миллион теңге деген – көп ақша. Бірақ оған бола өміріңді қиюға болмайды. Әлгі келіншектің жолдасы да білетін шығар, ол да сұраған шығар ақшаны қайда жібердің деп, әртүрлі жағдайлар болған шығар, бірақ адамның өмірінен артық не бар, ондай қадамға бармауы керек еді, қазір қарындасымыз қиналып жатыр.

Осындай қаржы пирамидалары туралы халыққа алдын ала мәлімет берген дұрыс па дегенге келсек, кейде бірден анықтау қиындау. Бәлкім, бұл пирамида емес, біреудің бизнесі болуы мүмкін.

Сайып келгенде, осының бәрі сауатсыздықтан шығады. Бізде не көп – экономист көп, заңгер көп дейміз. Бірақ сауатты экономистердің, сауатты заңгерлердің аз екені осындайда көрінеді, - дейді ол.

Халықтың қаржылық сауатын ашқан жөн 

Саяси ғылымдар докторы, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов халықтың қаржылық-инвестициялық сауатын арттыру керек деп есептейді. 

Ақпан айында ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов брифинг өткізді. Сонда ол еліміз бойынша қаржы пирамидаларының құрбаны болған 31 мың адам тіркелгенін айтты. Біріншіден, адамдардың көбінің қаржылық-инвестициялық сауаты өте төмен. Алаяқтар «ақшаларыңызды 100 пайыз қайтарып береміз» деп айтып, сендіреді. Amanat партиясының жанынан ба, бәлкім, Қоғамдық кеңестердің жанынан ба халықтың қаржылық сауатын ашатын үгіт-насихат топтары құрылса екен деймін. Қоғам тарапынан да атсалысуымыз керек. Тегін ештеңе жоқ.

Қаржылық пирамида құрғандарды қылмыстық жауапқа тарту керек. Танымал әртістер, халыққа сүйкімі бар абыройлы азаматтар жарнамалап жатады. Халық та бала сияқты сеніп қалып, опық жеп қалады. Қаржылық пирамидаларды жарнамалағандарды да жазалау қажет. Сонда ғана олар ойланады. Тағы да қайталап айтамын, бес минуттық жарнама арқылы қыруар пайдаға кенелемін деген адамдардың қаржылық сауатын ашқанымыз жөн. Мемлекеттік емес ұйымдар көп, БАҚ бар, адвокаттар бар, тіпті банк өкілдерін де тартып, халықтың қаржылық-инвестициялық сауатын ашуға атсалысу қажет. Қаржы пирамидаларына емес, банктегі депозиттен де пайда көруге болатынын түсіндірген жөн, – деді ол.  

Елордалық ПД Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Жандар Болатбектің пайымынша, алаяқтықты «ауыр қылмыстар» санатынан «аса ауыр қылмыстар» санатына қосу қажет.

Ал алаяқтық «ауыр қылмыстар» санатына жатады. Ол санатта ең көп дегенде 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мейлі ол бірнеше адамды алдай ма, әлде бірнеше жүздеген азаматты алдай ма, бәрібір. Сондай-ақ ол миллион теңге ұрласа да, әлде миллиардтаған ақша ұрласа да, 5 жылдан 10 жылға дейін ғана отырады. Әрі алаяқтық бабымен сотталғандардың тергеудегі бір күні бір жарым күн болып есептеледі. Осындай-осындай жеңілдіктерін алып тастаса, бәлкім, ондай қылмыс саны да азаятын шығар. Сол себепті алаяқтық қылмысын «аса ауыр қылмыстар» қатарына қосу керек деп ойлаймын... - дейді тергеуші.

Түйін. Оңай олжа опық жегізеді. Осыны әркімнің түсінгені абзал. «Саудада достық жоқ». Жалған жарнамаға сеніп, бар жиған-терген қаржысын алаяқтардың қолына ұстата салып, кейін өкініп қалмас үшін қандай мәселеде де «жеті рет өлшеп, бір кескен» дұрыс-ақ. Әйтпесе атам қазақ «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деп бекер айтпаса керек.

Ғани АТЫМТАЙ

 

Барлық жаңалықтар