00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордада ақын есімін иеленген мектепте «Мұқағали әлемі» орталығы ашылды

25.02.2023 | 02:26
Елорда ақпарат
68

Бүгін мектеп-гимназияда «Мұқағали әлемі» атты шығармашылық-танымдық орталығының ашылу салтанаты өтті. Парламент Мәжілісінің депутаттары, қалалық басқармалардың басшылары, Мұқағали ақынның ұрпақтары, белгілі ғалымдар, қаламгерлер қауымы қатысқан іс-шарада орталық жұмысы таныстырылып, «Жақсы сөзім жаны игі халқым үшін» атты оқушылар мен мұғалімдердің концерті өтті.

Мұқағали әлеміне жетелейтін орталықтың ашылуына осы оқу орнының бұрынғы басшысы, таяуда жаңадан ашылған №93 мектеп-гимназияның директоры болып тағайындалған Жеңіскүл Нүсіпжан мұрындық болды. Музей іспетті орталық үш бөлімнен тұрады. Онда ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін мәліметтер қамтылған. Сонымен қатар ғылыми конференциялар өткізетін зал жасақталды. Жалпы орталық заманауи талаптарға сай келеді. QR-код арқылы Мұқағали өз дауысымен оқыған өлеңдерді, ақынның сөзіне жазылған әндерді тыңдап, 3D технология көмегімен Мұқағалидың бейнесімен қауышуға болады.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың атын елордадағы бір мектепке беру талай жылғы арман еді. Бұл мәселе жылда қалалық ономастика комиссиясында қаралып, шегеріле беретін. Ақыры былтыр оң шешімі шығарылып, ақынның аты №74 мектеп-гимназияға бұйырды. Енді «Мұқағали әлемі» орталығының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – аз еңбек емес. Жалпы бүгіндері қаламызда 94 мемлекеттік мектеп бар. Соның 34-іне тұлғалардың аты берілді. 8 мектептің атауын қалалық ономастика комиссиясы бекітті. Бұл ұсыныстар республикалық аталмыш комиссияның қарауына жіберілді. Тағы 8 мектептің атауына қатысты мәселе жақында қалалық ономастика комиссиясы отырысында қаралуы тиіс. Болашақта елорданың барлық 94 мектебіне ұлыларымыздың есімдерін берсек, жақсы болатын еді, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының бөлім меңгерушісі Асыл Амангелдіқызы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов мектеп-гимназия атауы Мұқағалидың атына заты сай болып отырғанын атап өтіп, оқушылар мен мұғалімдердің өнеріне риза болғанын айтты.

Мектепте Мұқағалиға деген сүйіспеншілік көрініп тұр. Рухани жаңғыруды көптен бері айтып келеміз. Ол өзінен-өзі бола салмайды. Соны іске асыратын Жеңіскүл Темірханқызы сияқты адамдар болады. Мұқағалидың поэзиясымен сусындаған адам жаман болуға тиіс емес. Ақындар көп қой, солардың ішінде Отан туралы ең көп жазған Мұқағали Мақатаев. Мына мектепте Мұқағалидың рухы аңқып тұр, - деді ғалым.

Ақиық ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақыткүл Айдарова мектеп-гимназия ұжымына ризашылығын жеткізді.

Елорда мектебіне әкеміздің аты берілуімен оты жанып, ошағы тірілді деп айтуға болады. Біз соған шексіз қуаныштымыз. Әкемнің екі сөзінің бірі «қазағым» еді. Соңғы демі үзілгенше соны айтып кетті. Жырларынан халық рух алып отыр. Өмірде еш нәрсе кездейсоқ болмайды. Әкеміздің аты да осы мектепке кездейсоқ берілмеді. Ертең осы білім ошағынан әкем айтатындай, соқырдың көзін ашатын, мылқауға тіл бітіретін ақын шығатынына кәміл сенемін, - деді Жұлдыз Мақатаев.

Іс-шара барысында Мұқағали ақынның ұрпақтарына, оқу орны қонақтарына құрмет пен сый-сыяпат көрсетілді. Иықтарына қазақтың дәстүрімен шапан жабылды. Ұрпақтары өз тарапынан Мұқағали мұрасын үнемі насихаттап, мектепте орталықтың ашылуына атсалысқан адамдарға «Мұқағали Мақатаев» төсбелгісі мен естелік сыйлықтарды тапсырды.

                                                                                 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Барлық жаңалықтар