00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

«43 мың теңге аламыз»: Пошташылар жалақымыз аз деп шу шығарды (ВИДЕО)

25.02.2023 | 00:34
Елорда ақпарат
56

Бастапқыда жалақыларың сол қалпы сақталады деп келісімшартқа қол қойғызып алғанын айтады. 100 мың теңгеге дейін жалақы алып келгендер қазір 50 мыңға жан баға алмай қалдық деп отыр.

«Астана» телеарнасындағы сюжетте айтылғандай, амалы таусылған пошташылар Nur Otan партиясының облыстық филиалына жүгінген.

Светлана Котова «Қазпошта» мекемесінде курьер болып жұмыс істейді. Еңбек өтілі 20 жылға жуықтаған. Бұған дейін 100 мың теңгеден аса жалақы алып келген оның былтырдан бері еңбекақысы екі есе азайған. Бұған мекемедегі өзгерістер себеп болған. Пошташы болған оны басшылары курьер қызметіне ауыстырып жіберген.  

Бізге бастықтарымыз жұмыстарың ауысқанмен, еңбекақы сақталады деп сендірді. Былтыр қыркүйек айынан бастап, курьер болып жұмыс істеп жүрмін. Алайда айлығымыз тым аз. Кей айда 48 мың теңге, кейде 43 мың теңге ғана қолыма алам. Бұл жалақымның ішіне қоғамдық көлікпен жүру шығындарым да кіреді. Ал бұрындары 100 мыңнан астам жалақы алып жүрдім, – дейді «Қазпошта» қызметкері Светлана Котова. 

Бұл – бір ғана пошташының мұңы емес. Павлодар қаласы бойынша 45 пошташы осыған шағымданып отыр. Штаттағы қызметкер болмағандықтан, еңбек демалысы, уақытша жұмысқа жарамсыздығы үшін алатын ақыдан да қағылған.

Әр жеткізілімнің өз тарифі бар. Хат жеткізу үшін мынанша теңге, газет жеткізу үшін мынанша теңге деген. Кім қандай көлемде жеткізілімдер жеткізеді, сол көлемде ақшасын алып отыр. Бұл жерде бізде осындай пилоттық жоба жүріп жатыр, – дейді «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Ерік Әліпұлы.

Амалы таусылған пошташылар мәселесін айтып, Nur Otan партиясының облыстық филиалына жүгінді.   

8 теңге үшін хат-газет жеткізу өте қиын мәселе. Егер ол жаяу аралап, бұл сәлемдемелерді жеткізетін тіптен қиын жұмыс. Сондықтан да біз бұл мәселені өз бақылауымызға алдық. Мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтын боламыз, – деді Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко.

Қазпоштағылар пилоттық жоба екенін алға тартып отыр. Енді олар бұл мәселені өз басшыларына жеткізетіндерін айтты. Ал оған дейін пошташылардың мардымсыз жалақыға күнкөре тұруына тура келмек.
 

Барлық жаңалықтар