00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Түркістан қаласының коммуналдық мәселелері өз шешімін табады

24.02.2023 | 19:42
Елорда ақпарат
55

- Нұрлан Жайнақұлы, адамзат баласы үшін ауадан кейінгі ең маңызды қажеттілік таза ауыз су ғой. Әңгімеміздің әлқиссасын тіршілік нәрі – ауыз су тақырыбынан бастайықшы. Түркістан қаласындағы ауыз су мәселесі қаншалықты күрделі немесе оңтайлы шешілген?

- Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін, яғни, 2018 жылдың 1 қаңтарына сай мәліметке сәйкес, шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 1738,5 шақырымды құраған болатын. Ал соңғы үш жылдың ішінде, қалада көптеген құрылыстағы өзгерістер мен қаланың ұлғаюына байланысты тағы 339,3 шақырым су құбыры төселді. Қазіргі таңда біздегі су құбырларының жалпы ұзындығы 2078 шақырымды құрайды. Атап айтқанда, 2018 жылы Балтакөл тас жолының бойынан 5,8 шақырым жаңа құбыры жүргізілсе, 2019 жылы Қызылорда тас жолының бойындағы тұрғын алабынан, Қ.А.Яссауи Халықаралық Қазақ-Түрік университеті маңындағы тұрғын алабынан 63 шақырым су құбыры жүргізілді. Ал 2021 жылы 211 шақырым су құбыры «Ортақ», «Т.Бәйтерекұлы», «Сырғақ батыр көшесі» сынды 6 елді мекенге жүргізіліп, тіршілік нәрінің жолы салынды. Ал 2021 жылдың басынан бері «Керуен Сарай» сауда кешені маңы мен «Бірінші», «Екінші» шағын аудан маңында 210 шақырымнан астам су құбыры төселіп, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек, ауыз суға арналған, сыйымдылығы 46,0 мың м3 болатын алты резервуардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұған дейін Түркістанда сыйымдылығы 26 мың м3-ді алатын бес сұйық су қоймасы болса, қазіргі су сыйымдылығы 72 мың м3-ге жетті. Ондағы таза ауыз судың көлемі шаһар тұтынушыларының қажеттілігін толықтай қанағаттандырады.

- Тіршілік нәріне қажеттілік демекші, жаңа Түркістанның бүгінгі суға қажеттілігі қаншалықты?

- Егер, бір тұтынушының тәуліктік ауызсуға қажеттілігі 120 литр деп есептейтін болсақ, бүгінде ол көлем 1 тұтынушыға тәулігіне 110 литр болып тұр. Яғни, үш жыл бұрын шаһар тұрғындарының таза ауыз суға қажеттілігі жылына 5,388 мың м3 болған болса, 2021 жылғы көрсеткіш 8,200 мың м3-ді көрсетті. Ауыз сумен қамту жұмыстарын одан әрмен қарай да жалғастыра береміз. Мәселен, бүгінгі таңда көпқабатты тұрғын үй кешендері мен мемлекеттік мекемелерді, мәдени нысандарды таза ауызсумен қамту үшін салынып жатқан 2 резервуардың құрылысы бітуге жақын. Осы жылдың 1 қарашасына пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қаладағы индустриалды аймақтағы жұмыстардың жандануына байланысты бизнес орта үшін де жаңа сұйық қойма салу көзделіп отыр.

- Үш жылдың ішіндегі атқарылған шаруа ауқымды екен. Пайызға шағыңызшы. Бүгінгі күнде қала тұрғындарының қанша пайызы таза су ішіп, шөлін қандырып отыр? Одан соң, Түркістан облысының әкімдігі бүгінгі таңда 2025 жылға дейінгі даму жоспарын айқындап бекітіп, сол бағыттағы жұмыстарды бастап кеткен. Соның ішінде, облыс орталығы – Түркістан шаһары коммуналды саладағы алдағы бес жылын қалай елестетеді?

- Қазіргі кездегі біздегі таза ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 98,5 пайызды құрайды. 100 пайызға жету жұмыстарының арнайы жоспарын түзіп қойғанбыз. 2025 жылға дейін біздің мекеме ұзындығы 1261,6 шақырым жаңа су құбырын жүргізіп, 13 мыңнан астам абоненттің (66 мыңнан астам тұрғын) мәселесін шешеді деген болжам бар. Тарқатып айтсам, алдағы жылдары бюджеттік қаржы есебінен төрт жоба іске асырылатын болса, үш жоба демеушілердің есебінен жүзеге асырылмақ. Кәсіпкерлер Түркістан қаласындағы жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша атсалысатын болады. Нәтижесінде, қала тұрғындары 2025 жылы сапалы ауыз сумен толықтай қамтамасыз етіледі деп жоспарлап отырмыз.

- Таза ауызсудың жайы түсінікті болды, Нұрлан Жайнақұлы. Енді электр жарығы мәселесіне тоқталайықшы. Бұл саладағы жұмыстар қаншалықты ауқымды? Мәселен, өткен 2020 жылдағы атқарылған жұмыстарға тоқталыңызшы?

- Түркістан шаһары бойынша 2020 жылы сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілген нысандар жетерлік. Былтыр, ауқымды делінген төрт нысан бойынша 6448 абонент жалпы қуаттылығы 6535 кВт болатын электр қуатымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, Түркістан қаласы, "Бекзат" шағын ауданындағы "Жамбыл" мектебінің маңайында орналасқан  тұрғын үй массивін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету нысанының жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын. Жоба толық іске асып, 22 көшеде орналасқан 710 абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Ал "Шипа су" маңайында орналасқан тұрғын үй массивін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету" нысанының жалпы ұзындығы 76 шақырым еді. Мұнда да ауқымды жұмыстар жүргізіліп, 32 көшеде орналасқан 1983 абонент сапалы жарыққа қол жеткізіп, көптен күткен қуанышқа кенелді. Шаһардағы "Бірлік" тұрғын үй массивінің электр қуатымен қамтылмаған аумақтары да сапалы жарыққа қарық болды. Электр қуатымен қамтамасыз ету  нысанының жалпы ұзындығы 60 шақырымдық желісін толықтай іске асырып, 37 көшеде орналасқан 1430 абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Осындағы "Шавгар" шағын ауданының тұрғындары да 2020 жылы көптен күткен қуанышқа кенеліп, бір жасап қалды. Ондағы №22 мектебінің маңайында орналасқан тұрғын үй масивінің 52 шақырымдық сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету нысаны толықтай аяқталып, 46 көшедегі 2325 тұрғын сапалы жарық мәселесін түбегейлі шешіп алды.

- Ал биыл ше? Бұқараны жыл басынан бері электр жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары қай деңгейде атқарылды?

- 2021 жылдың нәтижесі бойынша қала халқын электр энергиясымен қамту мәселесі бүгінде 99,9%-ды құрап отыр. Есепті мерзімде қала аумағының "Сауран" шағын ауданы, "Иассы" шағын ауданы және "Шавгар" шағын ауданының сапалы электр қуатымен қамтылмаған және жаңадан қоныстанған аумақтарын заманауи  талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 3 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ, «Яссы, Шавгар ш/а және ХҚТУ тұрғын үй массивін электрмен қамтамасыз ету құрылысы» жүргізіліп, ол 43,6 шақырым ұзындықты алатын желіні алып отыр. Бұл 1242 отбасы деген сөз. Аталған аумаққа жыл соңына дейін 15 трансформатор орнатылады. Бұл Нарбаев, Н.Төреқұлов, Сырғақ батыр, Қалдыбай хан, Жиембет батыр, Исламов, Диметов, Жұлдыз, Өркениет, Жас қазақ, Атамекен, Ынтымақ және №3,4 қиылыс көшелерін қамтиды. Қазіргі таңда, электр бағаналарын орнатып,  электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жұмыстар «Жангелдин көшесі аумағын электрмен қамтамасыз ету құрылысы» аймағында да ұйымдастырылуда. Ондағы 31,7 шақырым электр желісі толықтай іске қосылғанда ондағы 1332 отбасы сапалы жарыққа қол жеткізеді деген сөз. Жыл аяғына дейін онда 11 трансформатор орнатылады және Желтоқсан, Дүйсенбаева, Ер Төстік, Жангелдин, Асылбекова, Марайым, Жандосов  және №236,237,238,239  көшелерін қамтиды деп күтілуде. Бүгінгі таңда, онда электр бағаналарын орнатып,  электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. «Түркістан қаласының Байбұрт, С.Қожанов көшелерінде 10-0,4 кВ кабель желілерін салу құрылысы» да қарқын алған. Атап айтар болсақ, ондағы Қожанов, Байбұрт, Т.Бокин, Әйтеке би, Ғ.Мүсірепов, Жолбарыс хан т.б көшелерді қамтитын жұмыстар осы жылдың мамыр айынан бастап қолға алынып, іске асырылып келеді. Жалпы қала бойынша қосымша 10 дана  трансформатор алынып,  қала халқының өтініші көп түскен орындарға орнатылды. Олар - "Коммунизм", "Жуковский" аумақтары. Коммуналдық меншіктегі трансформаторларға мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында жалпы 144 трансформатордың ақаулығы анықталып, акт түзілді. Құрылғыларға ағымдағы жөндеу  жұмыстарын жүргізу басталды. Аяқтау қараша айының соңына жоспарлануда. Мұнан бөлек, "Бірінші" және "Екінші" шағын ауданда орналасқан 9 дана трансформаторды қүрделі жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаттама әзірленуде. Тиісті жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Айта кеткен жөн, қос шағын ауданда көпқабатты 75 үй және әлеуметтік нысандар бар.

- Түсінікті. Ал 2025 жылға дейінгі Түркістанның даму жоспары бойынша қандай жоспардасыздар?

- 2022-2023 жылдарға мемлекеттік бағдарлама аясында 2 жоба әзірлеп, бірталай түркістандықтың жарыққа деген қажеттілігін түбегейлі шешсек деп отырмыз. «Түркістан қаласындағы ескі электр желілерін сапалы электр желісімен қамтамасыз ету құрылысы» жұмыс жобасында 2500 тұрғын үй сапалы жарықпен қамтылатын болады. Сонымен бірге, «Түркістан қаласы Бірлік тұрғын үй массивін (2-кезек) және жобадан тыс қалған жеті нысанды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету» жұмыс жобасында 1556 тұрғын сапалы жлектр қуатымен қамтылатын болады. Олар: "Шипа су" маңайы, "Шавгар", "Отырар", "Яссы", "Майлин" көшесі, "Сабырханов" көшесі, "Бірлік" және жаңадан қоныстанған аумақтарды қамтиды. Толығырақ тарқатсам, Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесі тарапынан Түркістан қаласында 2 жоба әзірленген. Олардың бірі - Түркістан қаласында жобаланып отырған 110 кВ қосалқы станцияларды пайдаланудағы 110 кВ желілермен шығыршықтау үшін 110 кВ электр өткізу желісін салу» (220 кВ «Орталық» ҚС-тан 110/10-10 кВ «Яссы» ҚС-қа дейін 110 кВ ЭӨЖ салу)» жұмыс жобасы. Екіншісі - «Түркістан облысы Түркістан қаласында 110 кВ желісі 110/35/10 кВ «Солтүстік» ҚС салу» ЖЖ» жұмыс жобасы. Жоғарыдағы нысандар атқарылған жағдайда қала көлеміндегі электр қуаты үздіксіз жанып және сапалы жарықпен қамтуға мүмкіндік туады.

- Нұрлан Жайнақұлы, енді көгілдір отын мәселесіне тоқталайықшы. Бұл туралы не айтасыз?

- Түркістан қаласын газдандыру туралы анықтама бере кетсем, шаһарды табиғи газбен қамтамасыз ету «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистралды газ құбыры бойында 2013 жылы №15 «Түркістан» АГТС (Автоматты газ тарату станциясы) салынып, 2014 жылы наурыз айында табиғи газға қосылды. №15 «Түркістан» АГТС қуаттылығы 100 000 м3/сағ. Бүгінгі күнге, Түркістан қаласында 52 037 абонентке (100%) газ жүргізіліп, Түркістан қаласы 100% табиғи газ құбырларымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, №15 «Түркістан» АГТС қуаттылығы толық болуына және Түркістан қаласында жаңа әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың салынуына байланысты Түркістан қаласын алдағы уақытта қосымша табиғи газ қорымен қамтамасыз ету үшін «Жаңа Түркістан» АГТС салу 2022-2024 жж жоспарлануда. Қазіргі таңда, Түркістан қаласы әкімдігімен АГТС құжаттарын (жерге орналастыру және СЖТ (сәулет-жоспарлау тапсырмасы) дайындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

- Сұқбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар