00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елімізде ұлттық деңгейдегі балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жоқ – Үмітхан Мұңалбаева

24.02.2023 | 18:53
Елорда ақпарат
50

- Үмітхан Дәуренбекқызы, еліміздегі кітапханалардың алды – Ұлттық академиялық кітапхананы басқарып отырсыз. Тәуелсіздік алған 30 жылда кітапхана ісі қалай өзгерді? Бүгінгі Ұлттық академиялық кітапхананың әлеуеті қалай?

- Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның кітапхана жүйесі жаңа даму жолына түсті. Мемлекеттің әлеуметтік-мәдени дамуының маңызды бағыттарының біріне айналды. Кітапхана жүйесі жаңартылды. Жаңа кітапханалар, соның ішінде 2004 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылған Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салынды. Кітапханалар жанынан жастар коворкинг орталықтары ашылып, балалар кітапханалары қайта құрылды. Кітапханалар білім алуға, қарым-қатынасқа, бос уақытты ұйымдастыруға арналған көпфункционалды орталықтарға айналды.

Соңғы жылдары кітапхана саласын қолдау, оның ішінде, кітапханашылардың еңбекақысын көтеру, балалардың кітап оқуын насихаттау, сапалы балалар әдебиетін шығару мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп жүр.

Осы мақсатқа жету жолында Ұлттық академиялық кітапхана көптеген инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтсақ, Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасын (ҚазҰЭК) құру және пайдалану, Балалар мен жасөспірімдер оқу жылын қолдау аясындағы түрлі іс-шаралар, қазақ тілін үйрететін курстар ұйымдастырды. Әлемнің 40-тан астам мемлекетінде қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын ашты.

- Биыл «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» екенін атап өттіңіз. Кітапхана бұл жылда нендей істер атқарды? Аталмыш жылдан қандай нәтиже күтеміз?

- Балалар мен жастардың кітап оқуын аттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жылды «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Бұл жылдың аясында балалар жазушыларына қолдау көрсетілді. Балалар мен жасөспірімдер кітапханаларында жаңа коворкинг орталықтары, кітап оқуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін оқу бұрыштары ашылды. Ұлттық академиялық кітапхана бірқатар ірі іс-шараларды, соның ішінде шетелдік балалар жазушыларының халықаралық симпозиумын, жас қазақ жазушылары кітаптарының тұсаукесерін, Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, халықаралық «Әдеби зал» телекөпірін өткізді. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымы оқушыларының мектеп бағдарламасына оқуға арналған әдебиеттер тізімін әзірледі.

- Өзіңіз балалар әдебиеті мәселесін жиі көтересіз. Қазақстанда балалар әдебиетінің кенжелеп қалуының себебі неде деп ойлайсыз?

- Ұлттық академиялық кітапханаға басшы болып келген бойда өскелең ұрпақтың кітап оқу мәдениетін арттыру, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын насихаттау мәселелерін көтердім.

2018 жылы Ұлттық академиялық кітапханада елорданың «сол жағалауының» тұрғындарына кітап оқу қызметін көрсету үшін балалар кітапханасы ашылды. Өйткені бұл ауданда әлі күнге дейін балалар кітапханасы жоқ. Жалпы, елімізде ұлттық деңгейдегі балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жоқ. Ал бұл, өз кезегінде балаларымыздың кітапқа, жалпы кітапханаға бару мәдениетінің қалыптасуына үлкен әсер береді деп ойлаймын.

 

- Қазіргі жастар кітап оқымайды деген пікірлер көптеп айтылып жүр. Кітапханаға келетін оқырман кімдер? Жастардың кітапханаға деген қызығушылығы қандай деңгейде?

- Электронды технологиялар дамығанымен, кітапхананың тәрбиелік рөлі жойылған жоқ. Кітапхана – шығармашылық пен ізденімпаз адамдардың назарын аударатын және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыратын орталыққа айналуы керек.

Балалардың оқуға деген ынтасының болмауының басты себебі – ересектердің балаларға дауыстап кітап оқымауы деп ойлаймын. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар бұл мәселеге бей-жай қарайды. Бала – ата-анасының айнасы. Отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз аса маңызды. Ол үшін ата-ана да кітапты сенімді серігіне айналдыруы керек.

Кітап – ең жақсы сыйлық. Балаңызға кітапты көптеп әперіңіз. Дүкендегі, кітапханадағы кітаптарды бірге таңдаңыздар. Әрине, кітапты таңдағанда бала көбінесе иллюстрациялар мен мәтіннің көлемін басшылыққа алады. Ал сіз оның мазмұнына қамқорлық жасайсыз. Балада бар кітаптардың мазмұны таусылғанша жаңа кітаптарды сатып алуға асықпаңыз. Оны кітапқа ұқыпты қарауға үйретіңіз.

- ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Ұлттық академиялық кітапхана көптеген елдерде қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын ашты. Осы жайлы айта кетсеңіз.

- Бүгінгі таңда әлемнің 40 кітапханасында, айта кетсем – Корея, Қырғыз Республикасы, Түркия, Ресей, Финляндия, Армения, Малайзия, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Чехия, Болгария, Италия, АҚШ, Иран Ислам Республикасы, Бразилия, Аргентина, Германия, Испания және тағы да басқа елдерде Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталықтары ашылды.

Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылуы оқырмандарға қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Қазақ әдебиетінің классиктері – Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Ілияс Есенберлин, Сәкен Сейфуллин, Олжас Сүлейменов сынды қаламгерлердің әдеби мұраларын насихаттау біздің маңызды міндетіміз.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

 

Нұрбибі Қабдыл

Барлық жаңалықтар