00:00
Астана -10oC
USD:
474.83
EUR:
515.38
RUB:
5.5
Іздеу

Елордада 400 домбырашы бір мезгілде күй тартты

Елордада 400 домбырашы бір мезгілде күй тартты
Фото: дереккөз

Орталық саябақта орналасқан «Амфитеатр» сахнасында «Елдік рухым – домбыра» атты гала-концерт өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Астаналықтардың ыстық ықыласына бөленген кеш «Ұлттық домбыра күні» мерекесінің аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараның ұйымдастырушысы - Астана қаласының әкімдігі, «AMANAT» партиясы және партия жанындағы «Jastar ruhy» Жастар қанаты қоғамдық бірлестігі.

Алғашқы рет ұйымдастырылып отырған ауқымды іс-шараны Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтау сөзімен ашты. Ерке Есілдің жағасында атап өтіліп отырған Домбыра күні ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылығымызды жас ұрпаққа паш ететінін айтып, «қара шанақты домбырамыз әр шаңырақты қоңыр үнімен қуанышқа бөлей берсін» деген тілегін арнады.

Өз кезегінде қадірлі кеш қонағы ретінде шақырылған «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы, Мәдениет басқармасының басшысы лебіздерін білдірді.

Ибрагим Ескендір және «Алтын домбыра» өнер мектебінің қатысуымен өткен гала-концертте 400 өнерпаз күй тартып, 1 200 көрермен концертті тамашалады. Домбырашылар алғашқы төрт күйді, яғни Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» және елімізге танымал «Еркесылқым», «Әке» толғауы сынды күйлерді бірге орындады.

Айта кетейік, іс-шараның мақсаты - жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыра отырып, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, өресі биік ұрпақ тәрбиелеу.

Барлық жаңалықтар