00:00
Астана -10oC
USD:
452.92
EUR:
484.99
RUB:
5.12
Іздеу

Астанада жаңа театр ашылды

Астанада жаңа театр ашылды
фото: Оңалхан Өнерхан

Елордадағы MEGA Silk Way ойын-сауық орталығында «LЯ» театры ашылды. Шағын өнер алаңының ашылу салтанатында елордаға гастрольдік сапармен келген Юрий Никулин атындағы Мәскеудің түрлі-түсті бульвар­дағы циркі өнер көрсетті, деп хабарлады Elorda.info.

Алғашқы қойылым қайырымдылық мақсатта, яғни елордадағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен толық емес отбасынан шыққан балаларға арналды. Театр жетекшісі Ляззат Тұрсынбаваның айтуынша, көпшілік жиі жиналатын орындарда шағын театр болу керек.

Бүгін біз сауда ойын-сауық орталығындағы  жаңа театрымыздың ашылу салтанатын қайырымдылық мақсатта өткізіп отырмыз. Ол үшін  атақты Мәскеу театрын шақырдық. Басты мақсатымыз мүмкіндігі шектеулі балалар мен толық емес отбасынан шыққан балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.  Астана қаласы әкімдігімен бірлесе осындай қайырымдылық шарасын өұйымдастырдық. Атақты цирк әртістерінің қойылымын алдымен балалар тамашалау керек деп ойлаймын. Бұл жер 650 көрерменге арналған. Ал жалпы адам көп жиналатын орындарда шағын театр болғаны дұрыс есептеймін. Біздің театрдың әзірге өз өнер ұжымы жоқ. Бірақ болашақта болады деп үміттенеміз,- дейді «LЯ» театрының жетекшісі Ляззат  Тұрсынбава.

Әлемдік цирк кеңістігінде орны бар Никулин циркі көрермен назарына әуе гимнаст­шылары мен акробаттар, көпшілік сүйетін сайқымазақтардың қызық бағдарламаларын ұсынды. Сүйкімді ит пен мысықтар да өнер көрсетті.

Ата-аналарымен бірге келген балалар цирк өнерпаздарының өнерін қызыға тамашалады. 75 жастағы елорда тұрғыны Ырысжан Дәрібаева немересімен бірге келіп, цирк қойылымын тамашалауға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Бүгін немеремді алып циркке келдім. Бізді қайырымдылық шарасына шақырып, осындай өнерді көруге мүмкіндік берген жандарға  алғысымды білдіремін. Балалардың көңіл-күйі жақсы. Керемет демалыс болды,- дейді қала тұрғыны.

Айта кетейік, «LЯ» театрының ашылу салтанатына орай Юрий Никулин атындағы Мәскеудің түрлі-түсті бульвар­дағы циркі елордада 15 маусымнан бастап 7 шілдеге дейін өнер көрсетеді.

Барлық жаңалықтар