00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

IV қысқы жастар спорт ойындары: конькимен жүгіруден елорда командасы топ жарды

01.04.2023 | 00:25
Елорда ақпарат
34

Астанадағы «Алау» мұзайдынында конькимен жүгіруден IV қысқы Жастар спорт ойындары мәресіне жетті, деп хабарлады Elorda.info.

Шешуші жарыс күні 1500 метр мен масс-старттан үздіктер анықталды.

Әйелдер арасында 1500 метрде елордалық Алина Дауранова қарсылас шақ келтірген жоқ. Дарья Гаврилова (Астана) күміс, Алёне Лифатова (Павлодар облысы) қола медальге қол жеткізді. Ерлер арасында Вадим Якубовский (Қостанай облысы) чемпион атанса, Роман Биназаров (Қостанай облысы) пен Михаил Глущенко (Алматы) одан кейінгі тұғыр сатысына көтерілді.

Ұлттық құрама спортшысы Алина Дауранова масс-стартта да мәреге бірінші келіп, осы ойындардағы 6-алтынын мойнына тақты. Қалған жүлдені Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Кристина және Алина Шумековалар иеленді.

Бұл маусымда барлық жарыста барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Алғаш рет ересектер арасында сынға түстім. Мұнда бізбен бірге жасөспірімдер де жарысты. Олар үшін тәжірибе жинайтын таптырмас алаң болды. Ойындардағы көрсеткіштеріме көңілім толады. Үш күнде 6 алтын медаль алдым. Енді аз-кем демалыстан соң келесі маусымға дайындықты бастаймыз, - деді осы маусымдағы соңғы жарыста сәтті өнер көрсеткен жерлесіміз Алина Дауранова жарыстан кейін.

Ерлер арасындағы тартысты сында алматылық Абдумәлік Асқардың мерейі үстем түсті. Ол командаласы Михаил Глущенко мен елордалық Руслан Жанаділовтен бір табан алда болды.

Конькимен жүгіруден IV қысқы жастар спорт ойындарында жалпы есепте Астана қаласы жеңіске жетсе, Қостанай облысы 2-ші, Алматы қаласының командасы 3-сатыға тұрақтады.

Айта кетейік, кешенді жарысқа 8 облыс пен 2 қаладан барлығы 120 таңдаулы конькиші қатысты.

Барлық жаңалықтар