00:00
Астана -10oC
USD:
446.49
EUR:
475.38
RUB:
4.79
Іздеу

Елордалық мектепте логопед пен дефектолог кабинеттері ашылды

Астанадағы Бауыржан Момышұлы атындағы № 53 мектеп-лицейінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жаңадан жабдықталған логопед, дефектолог кабинеттері ашылды, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Соңғы жылдары елімізде арнаулы білім  жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларды сапалы біліммен қамту өзекті мәселенің біріне айналды. Бүгінде білім ордаларында инклюзивті білім беру  жүйесін дамыту жан-жақты қарастырылып келеді. Бұл сөзімізге елордалық мектептердегі психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері дәлел болады алады. Бауыржан Момышұлы атындағы № 53 мектеп-лицейі бүгінде арнайы сыныптан бөлек, логопед пен дефектолог кабинеттерін де ашқан.

Оқи отырыңыз: «Аңсаған сәби»: былтыр бағдарлама аясында елордада 15 сәби дүниеге келді

2006 жылы ашылған мектеп - лицейі 3470 елордалық оқушыға білім беруде. Білім ошағынын директоры сөзінше, мектепте 2019 жылы алғаш рет сөйлеу сыныбы ашылған.

Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасын қамтамасыз ету, сонымен қатар оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастырудың идеологиясы жатыр.  Білім беру жүйесінде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға айрықша орын бөлінген. Бұл балаларға қатысты біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – олардың әлеуметтік ақталуы мен бейімделуіне, қоғамдағы толыққанды өмірге дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету қажеттілігі айтылған.

Біздің мектеп-лицейде психологиялық-педагогикалық түзеу сыныптары бар. Біз оларды арнайы сынып деп атаймыз. Осыдан төрт жыл бұрын алғаш рет сөйлеу және ойлау қабілеті төмен балаларды қабылдадық.  Қазір олар 6 сыныпта оқиды. Жалпы мектепте психологиялық және педагогикалық көмекті қажет ететін 35 бала бар. Олар 4 сыныпқа бөлініп оқиды. Егер бала саны 5-тен асса , біз арнайы сынып аша аламыз. Бірақ әр сыныпта 12 баладан аспауы қажет. Логопед пен дефектолог кабинеттері ерекше білім алушыларға жеке бағдарлама арқылы қабілетін арттыруға көмектеседі,- дейді  Замзагүл Қиянова.

Логопед пен дефектолог кабинеттері мектептің бірінші қабатында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Бөлме іші бірдей, тек баланың тілін жаттықтыру мақсатында  логопед кабинетіне айна қойылған. Сондай-ақ оқушыны зеріктірмейтін және қызығушылығын арттыратын түрлі танымдық құралдармен жабдықталған. Логопед Раушан Аманжолова мектеп-лицейде арнайы сыныптар ашылған уақыттан бері жұмыс істейді. Балалармен тұрақты жұмыс істеп жүрген маман сөзінше, осы уақытқа дейін жақсы нәтиже көрсетіп оқу деңгейі жоғары сыныпқа ауысқан балалар бар.

Мен сөйлеу кезінде сөздің дұрыс оқылуы, дыбыстар мен буындардың айтылуы бойынша жұмыс істеймін. Арнайы сыныпта оқитын балалар саны жыл сайын артып келеді. Біз әр балаға жеке көңіл бөлеміз. Жаңадан ашылған арнайы кабинет бізге жеке немесе топтық сабақ өткізуге мүмкіндік береді. 40 минут бойы оқушылармен бірге жұмыс істейміз,- дейді Раушан Аманжолова.

Логопед маманы сөйлеу қабілетін дамытуға көмектессе, дефектолог есту қабілеті төмендеген немесе орталық жүйке жүйесінің аурулары бар проблемалы балалармен айналысады.

Мен 2019 жылдан бері мектеп-лицейде дефектолог болып жұмыс істеймін. Баланың ойлауымен, оның әлемді тану тәсілдерімен, дәлірек айтсақ, сөйлеудің зейіні мен қабылдауымен жұмыс істеймін. Енді арнайы кабинетіміз бар. Жұмыс істеу одан да қызық бола түсті. Түрлі құралдар есте сақтау мен ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі,- дейді дефектолог Ольга Медарова.

Айта кетейік, мектеп-лицейдегі кабинеттер өз оқушыларынан бөлек, басқа балаларды да қабылдай алады.

Білім ордасында ашылу салтанатынан бөлек, арнайы және инклюзивті білім беру практикасын дамыту мақсатында «Мектеп-тең мүмкіндіктер аумағы» атты арнайы білім беру педагогтеріне арналған қалалық семинар да өтті. Жиын барасында ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларды қоғамға икемдеу, оқыту процессі туралы айтылып, шағын ашық сабақтар өткізілді.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Барлық жаңалықтар