00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Астананың ветеринарлық клиникалары үй жануарларын чиптеуді ақылы негізде жүргізетін болады

31.03.2023 | 22:09
Елорда ақпарат
43

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Үй жануарларын (мысықтар мен иттер) міндетті түрде тіркеу» тақырыбында Астана қаласы Орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Санжар Бурлибаев брифинг өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

2022 жылғы наурыз айында күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап үй жануарларын міндетті есепке алу көзделген. Үй жануарларын чиптеуді қаланың ветеринарлық клиникалары ақылы негізде жүргізетін болады. Бір чиптің құны орта есеппен 500 теңге, ал чиптеу қызметі орта есеппен 2 116 теңгені құрайды. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу мемлекет қаражатының есебінен жүргізіледі. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әлеуметтік осал топтарға жататын 1 500 үй жануарын чиптеу жоспарлануда.

Жануарларды чиптеу арқылы бірдейлендірудің бірқатар артықшылық бар. Бұл рәсім іс жүзінде жануарды вакцинациялауға ұқсас, бірақ вакцинаны енгізудің орнына микрочип енгізіледі, оның көлемі күріш дәнінен үлкен емес. Өмір бойына бірдейлендіру, жануарды жоғалту немесе ауыстыру қаупін азайтуға септігі бар. Еуропалық Одақ елдеріне және басқа да алыс шет елдерге – АҚШ, БАӘ, Аустралия, Канада, Жапония, т.б.елдерге саяхаттау кезінде кедендік бақылауды жеңілдетеді. Жоғалған жануарды іздестіруге көмек көрсетіп, чиптің арқасында жануарды  қысқа мерзімде табуға болады.  Бұл рәсім қауіпсіз, – деді ол брифинг барысында.

Санжар Бурлибаевтың айтуынша, чиптеу рәсімі ашық болуы үшін «ТАҢБА» жануарларды есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесі сатып алынды, ол 2022 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істейді. Аталған жүйеде жұмыс істеу бойынша Астана ветсервис және қаланың ветеринарлық клиникаларының ветеринарлық дәрігерлерін онлайн оқыту вебинарлары өткізілді. «Таңба» үй жануарларын есепке алу жүйесінің артықшылықтары көп. Мәселен, елімізде тіркелген жануарлар туралы статистикалық ақпарат қолжетімді. Ветеринарлық клиникалар мен мамандандырылған ұйымдардың ветеринарлық дәрігерлері ғана «Таңба» жүйесіне бірдейлендіру жұмыстарын жүргізіп, жануар туралы мәліметтерді енгізе алады. 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Заң нормаларына біркелкі көшу үшін Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 2022 жылдың қарашасында бірдейлендіру үшін 14 900 ит пен мысық чиптерін (10 900 ит чипі, 4000 мысық чипі) сатып алуды ұйымдастырды.

Кейін жүйеде Астана қаласы аумағындағы ит пен мысықтардың нақты саны қалыптасатын болады. Нәтижесінде қаламыздың аумағында жануарларды ұстау картасын жасау мүмкіндігі пайда болады. Мұның бәрі үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін арттырады, қаңғыбас жануарлардың санын азайтады және үй жануарларының тістеуінен зардап шеккендердің санын азайтады. Үй жануарларын чиптеу жұмыстары жалғасуда. ҚР ӘҚБтК – нің 407-2-бабына сәйкес үй жануарларын есепке алу бойынша заңнамада белгіленген талаптарды орындамағаны үшін жеке тұлғаларға - 10, лауазымды адамдарға - 20, заңды тұлғаларға - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын атап өткен жөн, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Биыл 1 қыркүйекке дейін үй жануарларын тегін чиптеу мына мекен жайлар бойынша атқарылады: Байқоңыр ауданы Ақсүмбе даңғылы, 1 ғимарат (А. Пушкин көшесі), Сарыарқа ауданы 20-40 көшесі, 2/1 (Арнайы ХҚКО).

Барлық жаңалықтар