00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Жылу электр станцияларын салуда ресейліктердің тәжірибесі мол

18.01.2024 | 08:30
55
Фото: ашық дереккөз

Жақында елімізде салынатын жаңа Жылу электр станцияларының құрылысының мерзімі, шығыны, орындаушылары анықталды. Аталған нысандарды  (ЖЭС) Ресей Федерациясының компаниялары салатын болды.  

Бұл жерде Ресейдің географиялық орналасуы жағынан әлемдегі ең солтүстік аймақта тұрғанын ескеру керек,  Саха өңірінен бастап Қиыр шығыстағы Камчаткаға дейін -40, -50С температурада тұрғын үйлерді ұядай етіп жылу беретін ЖЭС-терді, салған мамандар елі екенін мойындауымыз керек.

Бұл жерде «Неге елімізде салынатын жаңа ЖЭС-тер үш өңірде - Көкшетау, Семей, Өскеменде салынуы тиіс?», - деген сауал туындайтыны анық. 

Ең алдымен, сол өңірдегі ЖЭС-тер көмір отынымен жағылып электр тоғын шығаратын технологияда тұр. Осы жағынан, тек ресейлік компаниялардың көмір жағатын ЖЭС-терді салу тәжірибесі мол. Ескеретін бір қызық жайт, еліміздегі 66 пайыз тозығы жеткен ЖЭС-терді, былтырдан бері жөндеумен қайта салуға жариялаған конкурстарға бірде-бір шетелдік компания түсуге құлық танытаған.  Өйткені, бұл технологияны тек ресейліктер ғана бұрынғы кеңестік ЖЭС-тердің үлгісінде, бірақ заманауи стандартпен сала алады екен. Міне, мәселе осында. 

Жақсы ЖЭС-тер салынды делік, оның энергия шығару қуаты қандай болмақ? Ресми ақпарат көздерінен, Көкшетауда 1,1 ГВт-тық, Семейде 240 МВт-тық, Өскеменде 560 МВт-қ энергияны көмір жағу өнімінен шығаратын болады. Әрине, бұл сол өңірді жылу және энергиямен қамтамасыз етуге толық жетеді. 

Өткен жылдың күзінде, Ресей президенті В.Путинмен екі ел арасында осы мәселелер бойынша Меморандумға қол қойылды. Қазір жалпы ресейліктер Қырғызстан, Моңголия, Ауғанстанда ЖЭС-тер салып жатыр. 

Енді бұл ЖЭС-тер кімнің есебінен салынады?,- деген қисынды сұрақтардың болуы заңды. Үкімет тарапы, бұл жобаларды қаржыландыруға инвесторлар мен халықаралық қаржы ұйымдарын тартуға ниеттеніп отыр.  

Жуырда еліміздің Энергетика министрлігі алдын-ала жоспарланған, бірақ бекітілмеген қаржылық шығын есебімен таныстырды. Сонда Көкшетау ЖЭС-іне - 347 млрд теңге, Семей ЖЭС-іне - 420 млрд теңге, Өскемен ЖЭС-інің шығыны 490 млрд теңге деп есептелгені белгілі болды. Егер алдын ала қаржылық көлемінің жалпы есебін қоссақ, үш өңірдің ЖЭС-терін салуға шамамен 1 трлн 257 млрд қаражат қажет  екен. Әрине, бұл ауқымды қаражат жұмсалатын ең маңызды стратегиялық нысан болмақ.

Сонымен, жоспарланған үш өңір бойынша халықаралық келісім, биылғы жылдың бірінші тоқсанында жасалмақ. Екі елдің арасындағы мәміледе, Ресей тарапынан орындаушы болып «Интер-РАО-ЭКСПОРТ» ООО болса, тапсырыс беруші ретінде біздің ел жағынан «Самрұқ-Энерго» АҚ бекітілген. Аталған келісімнің негізінде, жаңа Жылу-энергетикалық нысандарды 2027-2028 жылдары іске қосуы жоспарланып отыр. Бұны еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасаған алғашқы нәтижелі инвестициялық-мәмілегершілік қадамы ретінде жоғары бағалаған жөн. 

Негізі ЖЭС-ті салу мәселесі, елімізде қашаннан бері өзекті. Былтырдың өзінде,  ЖЭС-тердің тозығы шығып, апатты оқиғаларға тап болғаны (естеріңізде болса Екібастұздағы ЖЭС-тің істен шығуы) ел билігін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдырды. Қылышын сүйреген қақаған қыстың шілдесінде, аймақ тұрғындарының әлеуметтік күйзелісі мен комфортты өмір сүру деңгейі осы ЖЭС-тердің қалыпты жұмысына байланысты екені даусыз.  

Жалпы, ресейліктер елімізде қолжетімді көмір отынынан энергия шығаратын ЖЭС салуға атсалысса, француздар желдің күшімен 1ГВт-қ дейін энергия қуатын шығаратын станциялар салуға кірісетін болды. Бұл сөзсіз, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қалыптастыруға, жасыл энергия көздерінің технологияларын меңгеруге бір табан жақындатады. 

Мақсат ЖАҚАУ

Барлық жаңалықтар