00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

АҚШ-қа көбіне мүмкіндік іздейтіндер келеді – Нью-Йорктағы қазақ кәсіпкері

19.01.2024 | 04:00
71
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Елде жүргенде қаршадайынан кәсібінен нәсібін тауып үйренген Айдын Құрманғалиұлы бүгінде АҚШ-та өзінің шағын бизнесін дөңгелетіп жүр. Мұхит асып мүмкіндік іздеп барған қазақтың қарапайым баласы өз жағдайын ғана күйттемей, ондағы қазақтардың ауызбіршілігін арттыруға мұрындық болып жүргенін естідік.  Elorda.info тілшісі жас кәсіпкермен АҚШ-тағы қазақтар және ол жақтағы кәсіпкерлік туралы сұхбаттасты.  

-Айдын Құрманғалиұлы, ең әуелі кәсіпкерлікті қалай бастағаныңызды айтсаңыз? 

Мен 1997 жылы Қарағанды қаласында тудым. Сол қалада өстім. Кәсіпкерліктегі ең алғашқы тәжірибем 9-сынып оқып жүргенімде басталды ғой деп ойлаймын. 5-сыныпта оқитын інім екеуміз қажетті құрылғыны жалға алып, қаладағы саябақтар мен скверлерде тәтті мақта саттық. Одан соң батут аштық, содан кейін кинетикалық құм, iPhone саттық. Қытайдан AliExpress арқылы әртүрлі заттар алып, оны Sland, OLX маркетплейстер арқылы өткіздік. Бұдан басқа да маусымдық кәсіптерді жасап көрдім. Ал 18 жасымда жеке кәсіпкерлігімді бастадым. Тендермен айналыса бастадым.

-Ал сол кезде АҚШ-қа кетіп кәсіп ашамын деген арманыңыз болды ма? 

Жоқ, әу баста мен кәсіби спортшы болып, әлемдік ареналарды бағындыруды армандадым. Дзюдомен айналысып, шетелдерде спорттық додаларға қатысып жүрдім. «Олимпиадаға дейін жетсем» деген мақсатым болды. Бірақ, өкінішке орай, денсаулығым сыр беріп, кәсіби спортпен қоштасуға тура келді. Дегенмен мені өмірде екінші жол күтіп тұр екен. Кейін Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы оқу орнын international business мамандығы бойынша тәмамдап шықтым. Содан бері осы бағытта жүріп келемін.

кензо.jpg

-Қазір қандай кәсіппен айналысасыз?

Қазір АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында шағын жеке кәсібім бар. YesEхport атты логистикалық компанияның иесімін. Қытайдан Америкаға тауар жеткіземіз. Компания - үлкен емес.  Бұрын Алматыда 17 адаммен жұмыс жасағанмын. Мына жақта ақша да жақсы түседі, шығындар да жоқ емес. Мәселен, бір жұмысшыңыз болса, шамамен оның қолына  5000$ жалақы бересіз. 

-Шетелде кәсіп ашу қиын емес пе? Америкада қашаннан бері тұрып жатырсыз?

Америкада жүргеніме екі-ақ жыл болды. Жалпы, мұнда кәсіп бастау қиын емес, керісінше  барлық жағдай жасалған. Себебі американдықтар «елге ақша кірсін, инвестиция кірсін» деп отыр. Сол үшін АҚШ-тың қарапайым тұрғыны болсын, эмигрант болсын, кез келген адамға «қолыңнан келген кәсібіңді жаса» деп құшағын жайып қарсы алады. Мысалы, сіз Дубайда тұрып АҚШ-тан кәсіп ашқыңыз келсе, еш қиындықсыз, аша аласыз. Тіпті, Америкаға кірмей, оффлайн негізінде брокер немесе бухгалтер арқылы ашуға болады.  

-Бірақ бәрі бірдей оп-оңай емес шығар?

Әрине, қиындықтар қайда да, қашан да болады ғой. Кез келген қиындықты даму жағынан мүмкіндік деп қарау керек. Кездескен кедергілердің шешімін тапқан сайын дами түсесіз. Меніңше, Алла тағала қиындықты жайдан-жай бермейді, оны шеше алатын адамға береді.

қол.jpg

-Ал ол жақтағы азық-түлік, өзге де тауарлардың бағасы қандай? 

Бұл жерде бензин қымбат болады, шамамен 1 литр 1000 теңге тұрады. Азық-түлік, басқа да күнделікті тұтынатын тауарлар арзан емес. Бірақ мұнда доллар бағамы бөлек, еңбекақы мөлшері көп.  Мысалы, салыстырып көрейік. Қазақстанда орташа жалақы 200 мың теңге дейік, отандастарымыз соның 60 пайызына дерлік азық-түлік алады, кейде одан да көп кетуі мүмкін. Ал АҚШ-та кәдуілгі орта жалақы 5000 доллар, одан төмендеуі 4000 доллар болады. Оны аптасына 36 сағат еңбек еткен еден жуушы да алады. Ал мұндағы тұрғындар азық-түлікке сол соманың шамамен 15 пайызын ғана жұмсайды. Жұмсалған шығынды теңгеге ауыстырып есептесеңіз, қымбатқа шығады, бірақ пайыздық арақатынасын алып қарағанда , бәрібір, мына жақта қалтаға салмақ анағұрлым аз түседі.

-Шетелде кәсіп ашып, байып кетуге бола ма? 

Байып кетуге әбден болады. Адал еңбек етіп , салықтан қашпай уақытылы төлеп, тура жүрсеңіз, болды. Ақша көп, тұтынушы да көп. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, бар ынтаңызмен бір саланы алып жүрсеңіз, әрине, дәулетті боласыз!

Жалпы, адам жақсы болса, Америка да оған жақсы қарайды. Бұл жерде «Бәке», «Сәкеге» қоңырау шалмай-ақ, кәсібіңізді бастауға болады. Тек өз-өзіңізді қолға алып, жұмыс жасауыңыз керек.  

шет.jpg

-Дұрыс екен.  Шетелде тұру үшін ең алдымен тіл білу маңызды шығар...

Шетелде тұру үшін тіл білу - үлкен плюс, онда жұмыс жағы жеңіл болады. Бірақ мүлдем ағылшынша білмесеңіз де, оны осы жерде дамытып, деңгейіңізді көтеруге болады. 

Нью-Йорк тұрғындары, негізінен, екі тілде сөйлейді: ағылшын, және  испан тілдерінде. Өз басым, мектепте, университетте алған біліммен келіп, оны осы жерде одан әрі жетілдірдім. Негізі, «ағылшыныңыз» орташа деңгейде болса, сол да жарайды. Мұнда тілдік орта күшті, бүкіл дүкендер, дәріханалар секілді күнделікті баратын көпшілік орындарда барлығы ағылшынша сөйлегесін, еріксіз үйренесіз. 

- Сіздің айтуыңызша, АҚШ-тың жақсылығы көп екен. Ал енді ол жақта Сізге ұнамайтын нәрселер бар ма?

-Әрине бар. Бұл жақта адамдар тым еркін. Ойына не келсе, соны істейді. Маған сол ұнамайды. 

-Нью-Йоркте қазақтар көп пе? Болса, қандай мақсаттармен келген?

Қазақтар көп емес. Олардың араласу ортасы да әртүрлі. Колумбия, Бостон, Гарвард университетінде оқып жатқан депутаттардың балаларын көп кездестіремін. Қазақстанда бизнестері бар байшыкештер де бар. Олар сол ақшаны осы жерге құйып, Американың экономикасын дамытып жатыр, менің ойымша, бұл - дұрыс емес. Сосын кәсібін ашып, дамытып жүрген біз сияқты қазақтың қара домалақ балалары бар. Олар осы Америкадан болсын, Қытайдан болсын - өзге шетелден ақша тауып, туысқандарына, яғни елге жіберіп жатыр. Жалпы, Америкаға кедей емес, мүмкіндік іздейтін отандастарымыз келеді.

 

- Сізді сол жақтағы қазақтардың ауызбіршілігін арттыруға мұрындық болып жүр деп естідік...Ондағы қазақтар қаншалықты тату?

 Мен туралы өзгелердің солай пікір айтқандарына қуаныштымын. Иә, менің ниетім - шетте жүрген қазақтарды бір-бірімен араластырып, ауызбіршілігін арттыру.  Ал «бұл жерде қазақтар тату ма?» деген сауалға келсек,  «тату емес» дер едім. Топ-тобымен жүреді, бай баймен, мүмкіндік іздейтін адамдар өз мүдделестерімен деген сияқты. Ал мен солардың студент болсын, бай болсын, инвестор болсын, бизнесмен болсын, фешн жағынан болсын, бәрінің ауызбіршілігін арттыруға тырысып жүрмін. «Бір-біріңе көмектесіңдер, сенде ақша бар шығар, мына балада идея бар, бірге жолығып, кәсіп жағын ақылдасыңыздар, қазақсыңдар ғой» деп айтып жүрмін.  Мысалы, мобилограф, видеографтардың өзін американдықтардан жалдамай, қазақтың студенттерін жалдаса, қандай жақсы. Олардың шеберлігі  өзгелерден артық болмаса кем емес. Біз, өзіміз қазақ жастарын жұмысқа алып, қолдамасақ, американдықтар қолдамайды ғой? Өйткені мұнда бәсекелестік көп. 

-Елден жырақта Сізге не нәрсе жетпейді? 

Мұнда жүргенде бәрі жетпейді, отбасының жылуы, кино, музыка. Қазақтың етін сағынамын. Десе де, осы жерде өзбек бауырларымыздың дәмхана желілері жақсы дамыған. Сол дәмханаларға барамыз. Мысалы, Нью-Йорктің өзінде өзбектердің 19 кафесі бар. Ал қазақтың 1 ғана кафесі бар. Елден келіп, осы жақта  кәсіп ашамын деушілер осыны ескерсе де болады.

-Ал елге оралатын ойыңыз бар ма?

Отбасым, туған-туысымның бәрі елде. Олар Астана, Қарағанды, Алматыда тұрады. Мен мұнда жалғызбын. Әрине елді аңсап жүремін.  Алдағы уақытта оралатыным анық. 

айдынк.jpg

-Сұхбатымыздың соңында шетелге барып жұмыс жасап, кәсіп ашуға ниетті жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

Мен кеңес беретін деңгейге жеткен жоқпын деп ойлаймын. Кішігірім нәтижелер ғана бар, бірақ бұл аз.  Өз пікірім, жоғарыда айтқандай, тіл білген жөн. Мен қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде жетік сөйлеймін. Өзім Қарағанды қаласында балабақшадан бастап орысша оқып-тәрбиелендім. Қытайда, Америкада оқыдым. Бұрын көбінесе орысша сөйлейтінмін. Енді ана тілімде сөйлеймін, қазақтың контентін көремін, музыкасын тыңдаймын. Кітаптарды да қарап жүрмін. Шетелге келіп, кәсіп бастаймын деушілерге тағы бір айтарым, ең бастысы, ақшаңыз болмаса да, бір Аллаға сеніп, ниет етіңіз. Адамдарға көмектесу керек, мәселесін шешуге сөзбен болса да қол ұшын беріңіз. Сонда сіздің де жолыңыз ашылып сала береді. 

- Сұхбатыңызға көп рахмет!  

Барлық жаңалықтар