00:00
Астана -10oC
USD:
464.72
EUR:
496.32
RUB:
5.4
Іздеу

Ауылдық жерлер үшін мыңнан астам медицина қызметкері даярланады

27.09.2023 | 16:00
82
Фото: ашық дереккөз

 ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің (МСАК) қолжетімділігін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлады Elorda.info Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Отырыста Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят баяндама жасады. Ведомство басшысы өз баяндамасында республика бойынша МСАК аясында 5 617 нысан медициналық көмек көрсететінін атап өтті. Оларға медициналық пунктер, дәрігерлік амбулаториялар, емханалар, фельдшерлік-акушерлік пунктілер және т. б. жатады.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету екі еседен астам өскен. 

Оның айтуынша, МСАК-ты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғайған. 2019 жылы препараттар 48 ауру бойынша сатып алынған болса, 2023 жылы тізбе 4 млн адамды қамти отырып, 126-ға дейін кеңейтілді. Балалар мен ауыл тұрғындары арасында ауруларды ерте анықтау күшейтілді. Оған қоса денсаулық сақтауды цифрландыру, көлік медицинасын дамыту, білікті мамандарды даярлау және т. б. бойынша жұмыстар жүргізілуде.    

Биылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын, оның аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 МСАК нысанын салу, 32 көп бейінді орталық аудандық аурухананы жаңғырту және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласы үшін кемінде 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланып, - деді ведомство басшысы.   

Премьер-Министр Әлихан Смайылов  кейінгі жылдары медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келе жатқанын айтып өтті. Мәселен, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін аурулардың тізбесі едәуір кеңейді. Оңалту қызметтері де қолжетімді бола түсті. Амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі өсуде. Сонымен қатар жаңадан денсаулық сақтау объектілері іске қосылып жатыр, бұл, әсіресе, білікті медициналық көмекке мұқтаж ауыл тұрғындары үшін аса өзекті екенін атап өтті. 

Бірақ проблемалар әлі де бар. Мысалы, халық кейбір мамандарға қаралу үшін ұзын-сонар кезекке тұру, сондай-ақ медициналық жабдықтардың жеткіліксіз екеніне шағымданады. Түрлі аурулар бойынша есепте тұрғандарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде да мәселелер бар. Өңірлердің әкімдіктері алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге барынша жауапкершілікпен қарауға тиіс. Оның ішінде  «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту»   ұлттық жобасын жауапкершілікпен іске асыру керек,- деді Үкімет басшысы.

Барлық жаңалықтар