00:00
Астана -10oC
USD:
443.72
EUR:
482.28
RUB:
4.9
Іздеу

Отбасы беріктігі – мемлекеттің қуаттылығының негізі

02.02.2024 | 13:16
147

Шынымен де, қанша әйел күн сайын соққыға жығылып, тіпті жан тапсырып, ал балалары моральдық-психологиялық күйзеліске түсуін былай қойсын, дене жарақаттарын алып жату жағдайлары көбейіп кетті. Отбасы құндылықтары, дәстүрлі тәрбие мен жарқын болашаққа деген сенім жоғалып бара жатқандай.  

Мәселен, елімізде жылына шамамен 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады деген дерек айтылды. Былтыр 70-ке жуық әйел зардап шеккен. Бұл қабылдауға өте ауыр статистика. 

Бауыр еті балаға күн көрсетпейтін қатыгез ата-аналар да жетіп артылады. ІІМ ұсынған деректерге қарағанда,  профилактикалық жұмыс аясында бас-аяғы 12 күннің ішінде 8 мың ата-ана бала тәрбиесі бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін есепке алынған. Соның ішінде 1057-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонда бұл қоғамға, қазақстандық отбасыларына не көрінген деген заңды сауал туады?! Қоғам қайда кетіп бара жатыр? Отбасылық зорлық-зомбылық қоғамдағы өзекті мәселеге айналды. Мемлекет басшысының өзі мұны жеке бақылауында ұстап отыруы, қажетті іс-шараларды қабылдауға пәрмен беруі осыны көрсетеді. 

Еліміздің аймақтарында Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Тұрмыс»  отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары жүріп жатыр.  

15-26 қаңтар аралығында өткен профилактикалық шаралар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша 4 мыңнан астам өтініш келіп түскен. 2 аптаға жетер-жетпес уақытта осынша отбасылық жанжал туындаса, бір жылдық сандар жайлы ойлаудың өзі үрей туғызады. 

Мамандардың айтуынша, отбасылық жанжалдардың негізгі себебі – маскүнемдік, отбасылық қиындықтар мен адамгершілік құндылықтардың төмендеуі. Әйеліне қол көтеретін ер-азаматтардың жазадан оңай құтылып кетуі заңды күшейту қажеттігін көрсетті. 

Бұл кеше пайда болып, бүгін айтылып жатқан мәселе емес. Жылдар бойы халық қалаулылары, түрлі ұйымдар, қоғам белсенділері, соққы көрген әйелдер әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында айтып келді. Мемлекет басшысы да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтуді, кешенді жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Жасыратыны жоқ, зорлық көрген әйелдердің көбі полицияға жүгінбейді. Оның үстіне, полиция да іске көз жұма қарап, отбасының ішкі мәселесі, өздері шешер дей салатынын қайда қоямыз? Сондықтан, көп жағдайда полицияға барып, күйеуінің ашуын туғызғанша, тыныш отыра бергенім дұрыс деп ойлайды. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бір күннің мәселесі емес, бір бағдарламамен шешіле қоймайтын дүние. Әлбетте, заң күшейсе, құқық қорғау органдары күші тасыған тирандардың қолына кісен салып, қатаң жаза қолдана алады. Тек бұдан отбасының берекесін алып жүрген еркектер тыныштала қойса әрине?! Әйелдер мен балалар мемлекеттен, құқық қорғау органдарынан қолдау мен қорған таба алатынына сенімді болуы керек.

Екінші жағынан, бұл үздіксіз жүретін қоғамдық-мемлекеттік, керек десеңіз ұлттық тәрбие бағытындағы идеологиялық құралдардың күшеюі. Әрине, әлеуметтік тақырыптағы құндылықтарға бай, мазмұнды, ақпараттық- әдістемелік шаралар мен құралдардың, рухани азық беретін имандылыққа негізделген саясат жүргізілуі тиіс. Әрине, бұл тәрбиемен келетін ілім-білімнің шаруасы да болмақ. Дей тұрғанмен, қазақстандық отбасының жарқын өмір сүруі мемлекеттің басты басымдығы. 

 

                                                                                                                                                                                                  Мақсат ЖАҚАУ

Барлық жаңалықтар