00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордадағы қарттар үйін паналаушылардың жағдайы қалай?

19.02.2024 | 04:01
122
фото: Оңалхан Онерхан

Қарапайым қазақы ұғыммен «қарттар үйі» деп аталатын Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы осындай жандарға 35 жылдан бері пана болып келеді. 

Бастапқыда орталық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып 1989 жылы Тәшенов көшесі бойында ашылған. 2007 жылы Көктал-1 тұрғын алабында орналасқан жаңа ғимаратқа көшірілді. Мекеме қазіргі таңда соғыс ардагерлеріне теңестірілген жандарға, тыл еңбеккерлері атанған жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қамқорлық көрсетіп келеді. 

DSC04766.JPG

Орталықтың арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі директордың орынбасары Сәуле Каированың сөзінше, бүгінде мекемеде 340 қарт тұрып жатыр.

спикер.JPG

Біздің мекемеде зейнеткерлер, І және ІІ санаттағы мүгедек жандар мен қиын жағдайға тап болған адамдар тұрады.  Қазіргі таңда 340 адамға тұрақты қызмет көрсетіледі, оның ішінде 209 зейнеткер бар. Ал денсаулық жағдайына келетін болсақ, І санатта 64, ІІ санатта 67 мүгедек жан бар. Олар осы орталықта тұрақты өмір сүріп келеді. Бәрі әлеуметтік статусына байланысты мемлекеттен жәрдемақы немесе зейнетақы алады. Сол қаражаттың 70 пайызы біздің мекемеге төленеді. Ол ақшаға өздеріне қажет дәрі-дәрмек, киім-кешек, гигеналық заттар аламыз. Одан бөлек күніне 5 рет тамақтану да осы қаражат ішіне кіреді. Біздің орталыққа ақылы қызмет алушылар да бар. Олар айына 98 600 теңге төлейді.Сонымен қатар мекеме тарапынан жерлеу рәсімі де қарастырылған,- дейді директор орынбасары. 

комната.JPG

Орталық қызмет алушыларға 7 бағытта, яғни әлеуметтік –тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық көмек көрсетеді. Қариялар орталыққа жолдама арқылы қабылданады. Оларға жайлы тұрмыс, демалыс және бос уақытын тиімді пайдалануға барлық жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, қажетті жиһазы мен тұрмыстық электр техникасы бар жайлы бөлме беріледі. Әр бөлмеде әжетхана, душ, теледидар, тоңазытқыш пен тұрмыста қажетті барлық ұсақ-түйектер бар.  Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қосымша техникалық құралдармен жабдықталған бір орынды және екі орынды бөлмелер қол жетімді.  Олар өздерін «өз үйінде» жүргендей сезіну үшін бөлме үшін өз қалауларынша жабдықтаған.

дом.JPG

Әр қызмет алушы келген кезде дәрігердің қарауынан өтеді. Міндетті медициналық тіркеумен қатар амбулаторлық картасы толтырылып, түскен адамның, оның жеке заттарының санитарлық зарарсыздандырылуы жүргізіледі. Қариялар өздерінің денсаулығына байланысты маман-дәрігерлерге жүгіне алады. Одан бөлек  мекемеде күрделі күтім жасау бөлімшесі құрылған. Мұнда тәулік бойы ауыр халдегі науқастарға күтім жасалып, оларға қажетті медициналық қызмет көрсетіледі.

медкөмек.JPG

Біздің орталыққа келушілер дағдылы өмір жағдайларының өзгеруіне байланысты түрлі стреске душар болуы мүмкін. Сондықтан оларға келгеннен бастап тиісті психологиялық қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек бізде еңбек терапиясы бар. Онда қарттар қол өнерімен шұғылданады, жазда орталық аумағында көкөністер егеді. Олар мәдени бағытта өтетін іс-шараларды ұнатады. Бізге мектеп оқушылар немесе студенттер, кейде өнерпаздар келіп концерт ұйымдастырып жатады. Кейде карттарды орталық көлігімен концерт және театрларға өзіміз алып барамыз. Орталықта жаттығу залы бар. Қарттарымыз шашка, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, үстел теннисі ойындарын ойнайды. Біздің қарттарымыздың арасында Параолимпиялық ойындардың чемпиондары да бар. Сонымен қатар республикалық, облыстық және қалалық турнирлердің қатысып, жеңімпаздары да кездеседі. Қызмет алушылардың арасында арбадағы спорттық бал билерінің чемпиондары да бар,- дейді Сәуле Каирова.

спорт 1.JPG

спорт.JPG

Қарияларға банктерден шот ашу, зейнетақы мен жәрдемақы алу, әлеуметтік төлемдер сияқты түрлі ресми қызметтер орталық ішінде көрсетіледі. Байқағанымыздай орталықта арнайы күн тәртібі бар. Онда әдеттегідей таңғы жаттығу, мәдени-спорттық іс-шаралар мен тамақтанатын уақыт көрсетілген. Орталық аспазшылары дұрыс тамақтану режиміне байланысты ас-ауқат дайындайды. 

асхана.JPG

Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телміріп отырудың қаншалықты қиын екенін былайғы адам біле бермейді. Дегенмен мұнда да өзіндік бір өмір бар. Директор орынбасарының сөзінше, мұнда көңіл жарастырып, бас құрағандар да кездеседі. 

ас.JPG

Бізде осы жерде үйленіп жататын қызмет алушыларымыз бар. Бірқатары тек азаматтық некеде ғана болса, кейбіреулері некелерін заңдастырып жатады. Әрине, мұндай жағдай бізді қатты қуантады. Өйткені жалғызбасты қарияларға қаншалықты қолайлы жағдай жасалғанымен олар өз балаларын сағынады. Мысалы, қазір бізде осылай отбасы құрған 16 ерлі-зайыпты қарияларымыз бар,- дейді ол. 

интенн.JPG

Бүгінде әлеуметтік орталықта 318 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 76 қызметкер өз үйінде қызмет алатын қарияларға барады. Олар жалғызбасты қарияларға үй-шаруасына көмектесіп, демеу болады. Сауле Каированың мәліметінше, «қарттар үйіне» келушілер саны жылдан жылға артып келеді.

DSC04700.JPG

Осыдан 7 жыл бұрын бізде 205 адам тұрса, қазір оның саны өсіп отырғанын көріп отырсыздар.Біздің орталыққа келушілердің Астана қаласының тұрғыны болуы міндетті. Көбіне өз ата-аналарын қарттар үйіне балалары әкеп тапсырады деп айтып жатады. Негізінде, керісінше, үлкендер өздері біздің орталыққа келеді. Үйінде жағдайы жоқ немесе күндіз күтім жасайтын адам болмаған соң осы орталыққа жүгінеді. Жалпы қарияларымызға сенбі-жексенбі күндері жақындары келіп тұрады. Кейде өздері өтініш жазу арқылы 2-3 күнге балаларына барып келеді,-дейді мекеме өкілі.

Үш қабатты мекемеде ағзасында  тірек-қозғалыс жүйесінің қызметі бұзылған қызмет алушыларға лифт пен пандустар қарастырылған. Оларға ас-ауқат өз бөлмелерінде беріледі. 

панус.JPG

Расымен де  орталық қызметкерлері қарттарға балалары бере алмаған жылулықты беруі мүмкін. Дегенмен ол өз баласының назары мен ықыласын алмастыра алмайтыны анық.

Барлық жаңалықтар