00:00
Астана -10oC
USD:
443.72
EUR:
482.28
RUB:
4.9
Іздеу

Елімізде отбасылық кикілжіңнен бір жылда 80-ге жуық әйел көз жұмады

01.12.2023 | 04:00
87
Фото: ашық дереккөз

Отбасылық зорлық-зомбылық қоғамның жазылмас жарасына айналып барады. Жанұядағы жауыздықтың кесірінен жыл сайын сексенге жуық әйел көз жұматын көрінеді. Қаншама шайқалған шаңырақ, сынған тағдыр, үзілген өмір... Қоғамның жанын сыздатқан ауыр індеттің шипасын қайдан табамыз? Қыз-келіншектеріміздің құқығына араша түсетін заң қандай деңгейде? Аналарды азаптаған айуандықтың астарында не жатыр? Осы және басқа да түйткілді сұрақтардың түйінін Elorda.info сапаршысы Ботагөз Мақышева тарқатып көрмек.

Әйел – болашақ ана, адамзаттың бастауы. Аналардың ары аяққа тапталып, өмірі қыршыннан қиылып жатқан қоғамда жарқын болашаққа сену қиын. «Баланы – бастан, қатынды – жастан» дейтін қазақы салт-сана ерлерімізді әбден еркелетіп, тұрмыстық зорлық-зомбылығына кешіріммен қарайтындай иммунитет қалыптастырып берді. Содан болар, күні кеше экс-шешеуніктің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың оқиғасында қылмысты қатаң айыптаудың орнына, «күйеуін сондай әрекетке итермелеген әйелдің өзі кінәлі» дейтіндер аз болмады...

Таяуда Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткен болатын. Жиын барысында келтірілген мәліметтерге сәйкес, жыл сайын елімізде отбасылық азғындардың қолынан сексенге тарта әйел көз жұматын көрінеді. 150 келіншек ауыр жарақат алса, 200 әйел орта деңгейдегі жарақат, 4000-нан аса әйел жеңіл жарақатпен аман қалған. Күн сайын полицияға 300-ден аса әйелден «күйеуім қол көтерді» деген арыз түседі.

Бір қуантатыны, қоғамның жанын сыздатқан бұл мәселе Ақорданың назарынан тыс емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиындарда отбасыдағы зорлық-зомбылық тақырыбына бірнеше мәрте тоқталып, тиісті заңнаманы қатаңдатуды тапсырған еді. Былтырғы Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын ашық айтып, полиция қызметкерлеріне арнайы міндеттер жүктеді.

Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.

Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек, - деген еді Президент Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында.

Ішкі істер министрлігінің алқалы жиынында да Мемлекет басшысы отбасылық берекенің маңыздылығына тоқталып, тұрмыстық қаскөйлермен күресті күшейту керектігін баса айтты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. ...Соңғы екі жарым жылда тұрмыстық айуандардың қолынан 300 адам қаза тапты. Денсаулыққа ауыр жарақат келтіру бойынша – 878, орташа ауырлықтағы жарақат келтіру бойынша 808 факті тіркелді. Осы саладағы құқық бұзушылықтар үшін 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деген статистикамен бөлісті Мемлекет басшысы.

Осы орайда ел Президенті жанұядағы жанжалдың өршуіне жол бермеуде учаскелік инспекторлардың қызметі әсіресе маңызды екенін атап өтті.

Тәжірибе көрсеткендей, дер кезінде шаралар қолданылса, отбасылық-тұрмыстық жанжал салдарынан жасалған қылмыстардың көпшілігін болдырмауға болады, бұл дегеніңіз – біреудің өмірі мен денсаулығына араша түсу деген сөз. Сайып келгенде, біздің қоғамның моральдік ахуалы осыған байланысты. Қоғам сіздердің тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудегі тиімді және жүйелі жұмыстарыңызға мұқтаж. Бұл мәселе әділ мемлекет құру үшін әсіресе маңызды, - деді Тоқаев.

Ақорда деңгейіндегі арнайы тапсырмалардың нәтижесінде осы жылдың шілдесінен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза күшейтілген болатын. Оған сай бұдан былай отбасыдағы кикілжіңге байланысты шақыртылған полицейлер әйелін немесе баласын ұрған азаматтарды арыз шағымсыз-ақ жазаға тарта алатын болды.

Жаңартылған заң талаптарына сәйкес, сотта құқық бұзушының жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі қалған, алайда соңғы өзгертулер бойынша тек бір рет қана татуласа алады. Егер отбасылық агрессор әрекетін қайталайтын болса, оларды татуластыруға соттың заң бойынша құқығы жоқ. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта жасалған жағдайда – 10 тәулік қамауға алу, ұрып-соғу фактісі үшін – 10 тәулік қамауға алу, қайталанса – 20 тәулікке қамау жазалары қарастырылған.

Алайда, жаңартылғанына жарты жыл да толмаған заң, өкінішке қарай, өз тиімділігін көрсете алмады. Нәзік жандылардың жарасын жазуға қауқарсыз болып шықты. Марқұм Салтанат Нүкенованың өз күйеуінің қолынан айуандықпен өлтірілгені туралы ақпараттан кейін талай жылдардан бері түтіндеп келген түйткілді тақырып лап ете түсті. Осы оқиғадан кейін қоғамның әртүрлі мүшелері аталған тақырыпқа қатысты өз ойларымен бөлісе бастады.

Жалпы, өз басым, әйел затына қол көтерген азаматты ер емес, ез дер едім. Еш амбициясы жоқ, өзіне сенімсіз адам ғана әлсіздерге күш көрсетеді. Сенің жарың – өзің сияқты бір әкенің мәпелеп өсірген қызы. Туған қызыңды қалай қорлыққа қимасаң, өз жарыңа да сондай мейіріммен, махаббатпен, сыйластықпен қарауың керек. Арада қандайда бір түсініспеушілік болса, шаңырақтың отағасы ретінде ақылмен шешуге тырыс. Ақылға көнбесе, сөздерің жараспаса, жұдырық жұмсағанша ажырасып кет, - дейді эстрада жұлдызы Нұрлан Албан.

Салтанат Нүкенованың жантүршігерлік өлімі қазақы менталитетпен тұмшаланып келген басқа да күрделі проблеманың бетін ашты. Әлеуметтік желілерде қыз-келіншектер өмірінде болған зорлық-зомбылықты бүкпесіз жариялауға көшті. Солардың қатарында өз ұстазынан сексуалдық мәндегі қысымға тап болған студент қыздың оқиғасы ел назарын тағы да елең еткізді. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдады.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу кезек күттірмей шешетін мәселеге айналды. Елді елең еткізген соңғы хабарлар қоғамдық сананы дүр сілкіндірді. Осы қорқынышты жаңалықтар ізімен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина университетінде профессор оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі жария болды. Осыдан кейін әлімжеттік көрген студенттер өз оқиғаларын әлеуметтік желілерде жаза бастады. Жеке өзіме еліміздің әртүрлі оқу орындарының студенттерінен 100-ден аса хат келіп түсті, - деген мәжілісмен құқықтық қолдауға мұқтаж тағы бір осал топтың барын айтып, осы тұста студент қыздарымызды әлімжеттіктен қорғайтын заң нормаларын ретке келтіру қажеттігін қадап айтты.

Жалпы, БҰҰ таратқан мәліметтерге сәйкес, дүниежүзінде 15 пен 49 жас аралығындағы әрбір үшінші әйел өмірінде бір рет болсын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, сексуалдық мәндегі қысымға ұшыраған екен. Таяуда Джорджтаун әйелдер институты Норвегия ІІМ-мен бірлесе отырып 2023/24 жылдарға арналған екі жылда бір шығатын жаңа есебін жариялады. «Әйелдер әлемі және қауіпсіздігі индексі» (Women Peace and Security Index – WPS индексі) деп аталатын есепте 177 мемлекеттегі әйелдердің хал-ахуалы сипатталған. Есеп нәтижесіне сәйкес, әйелдер үшін ең қолайлы жағдай жасаған қауіпсіз мемлекеттер үштігіне Дания, Швейцария және Швеция жайғасты. Ең соңғы орындарда – Орталық Африка Республикасы, Йемен мен Ауғанстан. Қазақстан бұл рейтингте алдыңғы жылғы 59-орнынан 70-орынға түсіп қалған.

Барлық жаңалықтар